Қазақстан Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастықты нығайтады

5 Тамыз 2022, 15:10 2456

Тараптар Қазақстанның араб елдерімен өзара іс-қимылын талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нұр-Сұлтанға ресми сапармен келген Парсы шығанағының араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі (ПШАМЫК) Бас хатшысы Наиф Хаджрафпен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды El.kz СІМ сілтеме жасап.

Тараптар Орталық Азияның ПШАМЫК-пен өңіраралық ынтымақтастығының перспективаларын, Қазақстанның араб елдерімен өзара іс-қимылын талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

М.Тілеуберді өз сөзінде ПШАМЫК бүгінде Қазақстан үшін айтарлықтай қызығушылық тудыратын қарқынды дамып келе жатқан халықаралық ұйым екенін деп атап өтті. «Біздің республикамыз Шығанақтағы араб елдерімен тұрақты және достық қарым-қатынастары орнатқан және осы өңірмен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті. Қазақстан ПШАМЫК-тің барлық мүше мемлекеттердің азаматтары үшін визасыз режим енгізіп, САК, БАӘ, Қатар және Кувейтпен тікелей әуе қатынасын ашты. Шығанақ елдері Қазақстан экономикасының ірі инвесторлары», - деді СІМ басшысы.

Өз кезегінде, Н.Хаджраф ПШАМЫК мүше мемлекеттері Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықтың көпжақты форматын орнатуға мүдделі екенін, сондай-ақ жақын арада «ОА - ПШАМЫК» диалог алаңының алғашқы министрлік кездесуін өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Келіссөздер барысында тараптар 2021 ж. 12 қазанда қол қойылған Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен ПШАМЫК Бас хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумның маңыздылығын атап өтті. Бұл құжат Қазақстанға екіжақты, сондай-ақ көпжақты форматта ПШАМЫК Бас хатшылығымен өзара ынтымақтастық орантуға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар Қазақстан мен ПШАМЫК елдері арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.

Қазақстанға сапары аясында ПШАМЫК Бас хатшысын ҚР Премьер-Министрі Әліхан Смайылов қабылдады.

Бөлісу: