Қазақстан мен Әзeрбайжан арасында ІТ саласында ынтымақтастық нығаяды

24 Тамыз 2022, 20:34 949

«Қазақтелеком» АҚ мен «Azertelecom International» ұйымы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Республикасына жұмыс сапары аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ӘР Цифрлық даму және көлік министрлігінің арасында ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды El.kz министрлікке сілтеме жасап.

Меморандумда ақпараттық коммуникациялық технологиялар (АКТ), ұлттық және ұялы байланыс, жасанды интеллект пен деректерді қолдану саласында тәжірибе алмасу, жобаларды бірлесе іске асыру мәселелері қарастырылған.

Сондай-ақ стартаптар мен ІТ-кадрларды дайындау, АКТ аясында экспорттық әлеуетті арттыру, аэроғарыш және т.б. бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату көзделген.

Бірлесе жұмыс істеу барысында ақпарат алмасу, ортақ жобаларды - бірлесе қаржыландыруды, техникалық-экономикалық негіздемені, коммерциялық және қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелерді, сымды/сымсыз инфрақұрылымдар саласындағы пилоттық жобаларды дамыту, АКТ саласындағы тәжірибемен бөлісіп, сарапшылар және қызметкерлермен алмасу қарастырылған.

Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ мен «Azertelecom International» ұйымы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандум екі мемлекет арасындағы цифрлық трансформация мен цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту бойынша шекара маңы ынтымақтастығын ынталандырады, сондай-ақ, екі елдің Интернет желілерінің қолжетімділігі мен өткізу қабілетін арттыру бағытында жаңа нарықтық мүмкіндіктерді дамытуға ықпал ететін болады.


Бөлісу: