Катар мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад Аль Танидің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Катар мемлекетінің сауда және индустрия министрі Мохаммед бен Хамад Аль Тани өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz
Тараптар екі елдің сауда саласындағы ынтымақтастықты өзара тиімді және тең құқылы негізде дамытуға және нығайтуға жәрдемдесу ниетін бекітті. Атап айтқанда, құжат шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын дамыту мен ілгерілетуді, сауда инфрақұрылымын жетілдіруді, биржалық сауданы және электрондық коммерцияны дамытуды, мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы диалогқа жәрдемдесуді, іскер топтардың, қауымдастықтар мен бизнес-қауымдастықтардың өзара қызығушылық тудыратын мәселелері бойынша ынтымақтастығына жәрдемдесуді және басқа да бағыттарды айқындайды.
«Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі шаралар ретінде біздің экспорт құрылымын әртараптандыруды жүргізуге болады деп санаймыз. Орта мерзімді перспективада қазақстандық өңделген өнімнің Катарға экспортын $250 млн-ға дейін, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша $68 млн-ға дейін арттыра аламыз. Бізде Біріккен Араб Әмірліктеріне ет пен субөнімдерді жеткізуде оң тәжірибе бар. Біз Катар нарығына ет және ет өнімдерін экспорттауды арттыруға дайынбыз», — деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар стандарттау, сәйкестікті бағалау және метрология саласындағы ынтымақтастықты халықаралық қағидаттар мен нормалар негізінде нығайту мақсатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен Катардың стандарттау жөніндегі бас ұйымы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстанда халықаралық стандарттарға негізделген және әлемдік жетекші халал өнімдер нарығына бағдарланған сапа инфрақұрылымының жаңа жүйесін құру бүгінгі таңда БАӘ елдерімен сауда саласындағы маңызды міндеттердің бірі саналады.
2022 жылы қыркүйекте ҚР Сауда және интеграция министрлігінің «КазСтандарт» халал өнімдерін сертификаттауды жүргізу үшін БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан аккредитация алды. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін іске асыруға және Парсы шығанағы елдерінің нарығына қауіпсіз және сапалы өнім жеткізуге мүмкіндік береді.