Қазақстан-Люксембург дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды

2 Шілде 2022, 13:15 2284

Тараптар қос мемлекеттің мәдени және білім берудегі байланыстарын кеңейту үшін елеулі күш-жігер жұмсап жатыр

2022 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасы мен Люксембург Ұлы Герцогтігі екіжақты қарым-қатынастардың маңызды символдық күні – екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өткен үш онжылдықта Нұр-Сұлтан мен Люксембург арасында өзара құрметке, сенімге және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген берік те сындарлы қатынас орнады. Осынау әріптестік заң үстемдігі, бейбітшілікке жәрдемдесу, адам құқықтарын қорғау және демократиялық институттарды нығайту сияқты ортақ құндылықтар мен қағидаттарға негізделді. 

Люксембург Премьер-Министрі Ксавье Беттель мырзаның 2015 және 2017 жылдары Қазақстанға жасаған сапарларын қоса алғандағы осы кезең ішінде өткізілген саяси кездесулер өзекті халықаралық мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуге және ұстанымдарды үйлестіруге екіжақты форматта да, көпжақты форумдарда да елеулі дәрежеде ықпал етті. Қазақстан мен Люксембург парламенттерінде құрылған «достық топтары» екіжақты серіктестігімізде маңызды рөлге ие. Парламентаралық диалог пен сапарлар екіжақты және көпжақты, оның ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы қызметі шеңберіндегі, сондай-ақ «Қазақстан – Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы» форматындағы ынтымақтастықты нығайтты.

Қазақстан мен Люксембург арасындағы байланыстардың кеңеюі сауда және инвестициялық мүмкіндіктердің, сондай-ақ ғылыми-техникалық әріптестіктің одан әрі өсуіне ықпал етеді. Қазақстандағы «Бенилюкс» сауда палатасы мен құрметті консулдар институтының қызметі экономикалық ынтымақтастықты арттыру мен замануи өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. 

Тараптар Люксембург әлемдік көшбасшылардың бірі болып танылатын қаржы, жоғары технологиялар, ғарыш өнеркәсібі, цифрландыру салаларындағы экономикалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ тұрақты және «жасыл» даму саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударады. Тараптар қос мемлекеттің мәдени және білім берудегі байланыстарын кеңейту үшін елеулі күш-жігер жұмсауда. 2020 жылы Люксембургте қазақ халқының ойшылы, ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өту аясында тараптар Қазақ-люксембург қарым-қатынастарын сенімді диалог пен әріптестік рухында нығайтуға бар күш-жігерін салуға ниетті болып қала бермек.

Бөлісу: