Қазақстан халқы Ассамблеясының жеке меншік телеарнасы пайда болуы ықтимал

2 Қазан 2019, 16:00 2469

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында этникалық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және дамыту жөніндегі жұмысы туралы» тақырыбы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының отырысы өтті.


Отырыс жұмысына Мәжіліс депутаттары, уәкілетті мемлекеттік органның, «QAZAQSTAN» телеарнасының және этникалық БАҚ-тың өкілдері қатысты.

Модератор болған Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі депутаттық тобының жетекшісі С. Әбдірахманов Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді атап өтті. Ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғамның дамуына ерекше көңіл бөлгеніне тоқталды.

Президент Жолдауының аясында этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этникалық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және дамыту жөніндегі жұмысы талқыланады.

Отырыс тақырыбы бойынша Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Л. Сүйіндік баяндама жасады. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Р. Ким, А. Рау, Ш. Нурумов, Ф. Каратаев күн тәртібінде тұрған мәселе бойынша өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.


Ауқымды іс-шараға қатысқандар қатарында «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасы басқарма төрағасының орынбасары И.Ибрагим, Қазақстан бойынша орыс этноорталықтарының төрағасы В. Лукашев және «Уйғур авази» газетінің бас редакторы Е. Асматов та бар. Олар да аталған тақырып бойынша көзқарастарын білдірді. Сөз сөйлегендер этникалық БАҚ-тар ақпараттық кеңістіктің толыққанды қатысушылары болып табылатындықтан, олардың алдында бірқатар күрделі міндеттер тұрғанын, заманауи медиа-нарықтың бүкіл өлшемшарттарына сәйкес келіп, бәсекеге қабілетті болуы тиіс екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда этникалық басылымдар ерекше сатыны бекем иеленген. Олар әрбір этнос үшін салт-дәстүр мен руханилықты сақтаудың мәдени ошағына айналып, төзімділік нышаны болып отыр. Этникалық басылымдардың жұмысы бейбіт өмір, бірлік пен келісім идеологиясы сияқты жалпыұлттық міндеттерді орындауға бағытталған.

Сонымен қатар Мәжілісте этникалық басылымдарды дамыту туралы сөз қозғалды. Мәселен, 2021 жылдан бастап осындай журналдар мен газеттерді алдағы 10 жылға қосылған құн салығын төлеуден босату жоспарланып отыр. Бұл ұсыныс еліміздегі баспа басылымдарын дамытуға көмек ретінде арнайы әзірленген. Қазіргі таңда этникалық БАҚ-тар мәдениет ошағы бола тұра, әртүрлі этностардың дәстүрлерін сақтаудың қайнар көзі ретінде ерекше маңызды құрал. Депутаттардың ойынша, республикалық телеарналардың хабар тарату кестесінде этномәдени бірлестік өкілдерінің өмірі мен бос уақыты туралы сюжеттер мен бағдарламалар өте аз, не мүлде жоқ.


Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі депутаттық тобының жетекшісі С. Әбдірахманов: «Біздің өміріміздегі позитивті хабарлардың көрермендері аздау. Бірақ бұл осындай хабарларды көрсетпеу керек деген сөз емес. Мемлекеттік тәсілді қолдануды қажет ететін нәрселер бар. Біз ортақ үйімізде еліміздегі достық пен келісім туралы айтуымыз керек. Бұл өте қажет», -деп атап өтті. Бұл ретте республикада Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) қызметі туралы хабар тарататын телеарна құру туралы ұсыныс жасалды. Мәжілістегі отырыста осы ұсынысқа бастамашы болған «Қазақстандағы орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Всеволод Лукашев. Оның пікірінше, мәдени қауымдастықтар мен бірлестіктер еліміздің ақпараттық кеңістігінде аса танымал емес. Ал теледидар орта және аға буын үшін әлі де ақпараттың негізгі көзі болып табылады.


«Біз азаматтардың сана-сезімін өзгерту туралы, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» туралы айтып жатырмыз. Ол үшін мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылын монологтан диалогқа ауыстыру қажет. Мемлекет тек «халық үніне құлақ асатын» ғана емес, сонымен бірге оған жауап беретін, қарапайым адамдардың өмірі мен қызметін радио және телеэфир арқылы қарапайым тілде жеткізетін мемлекет болуы тиіс», - деп тұжырымдады ойын ҚХА мүшесі Всеволод Лукашев.

Сонымен қатар, Қазақстан бойынша орыс этноорталықтарының төрағасы республикадағы мемлекеттік тілдің болашағы үшін қам жемеуге болатыны туралы ойын жеткізді. Себебі, тәуелсіздік алғаннан бері 20 жыл қатарынан қазақ тілін жетік білетін мектеп түлектері қанат қаққан.


В. Лукашевтің пікірінше, Қазақстандықтардың жас буыны мемлекеттік тілді еркін меңгерген болса, жасы мен селқостығы салдарынан қазақ тілін меңгере алмай жүрген орта және егде жастағы адамдар қазіргі уақытта ақпараттық кеңістіктен тыс қалып отыр. Осыған орай қоғамдық бірлестік басшысы мынадай ұсыныс жасады: «Осы ретте бұйымтайым бар, Қазақстанның түкпір-түкпірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірі мен қызметін екі тілде жария ететін мемлекеттік телеарна құрылса, сол үшін қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл этностардың оң имиджін қалыптастырып, олардың еліміздің дамуына қосатын үлесін насихаттауда көмекші құралға айналар еді».

Депутаттық топ отырысында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі Ләззат Сүйіндік этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ведомство жұмысының басым бағыты болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін және этносаралық келісім бойынша мемлекеттік саясатты насихаттау үшін елімізде шамамен 18 республикалық БАҚ тартылған. Бүгінгі таңда Қазақстанда ақпаратты 12 тілде, оның ішінде өзбек, кәріс, украин, ұйғыр және түрік тілдерінде тарататын 52 этникалық бұқаралық ақпарат құралы тіркелген.


Отырысты Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары В. Божко қорытындылады. Ол жаһандық өзгерістер аясында аталған мәселенің өзектілігін атап өтіп, біздің қоғамда бейбіт өмір мен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тиісті үйлесімді жұмысты жүргізу қажеттігіне назар аударды.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kzмекен-жайына хабарласыңыз.




Әсем Жұмабекова
Бөлісу: