ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ЖАҢА ОРЫНБАСАРЛАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

29 Сәуір 2019, 00:00 2467
Олар Юсуп Келигов пен Шерзод Пулатов.
Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні ҚХА XXVII сессиясында ҚХА төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындауды бекітті.
«Ассамблея сессиясында Ассамблея төрағасының екі жаңа орынбасары тағайындалады. Ассамблея Кеңесі биылғы жылы ҚХА мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен ҚХА мүшесі, Нұр-сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатовты тағайындау туралы ұсыныс жасады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 
Этномәдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін ҚХА төрағасының екі орынбасары жылына бір рет ротация тәртібімен Ассамблея сессиясында тағайындалады. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы ҚХА төрағасы болып табылады.

Келигов Юсуп Хасанұлы 1963 жылы Ингушетия ауданының Назранов ауылында дүниеге келген.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының мүшесі, кәсіби медиатор.

Целиноград қаласына 1978 жылы 15 жасар жасөспірім жазғы демалысқа туысқандарына келіп, Қазақстанда қалып қояды.

Ю. Келигов Целиноград мемлекеттік құрылыс шеберлері мектебін, Целиноград Көлік құрылысы техникумын, Қазақ мемлекеттік академиясын және Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1980 жылы Целиноград ауданы Шалқар РСХО құрылыс учаскесінде жұмысшы ретінде бастады.

«Ерейментау» совхозында шебер, «Шалқар» совхозында аға прораб болып жұмыс істеді. Әскерден кейін Ерейментау райпромкомбинаттың директоры орынбасары лауазымына көтерілді.

1998 жылы «Цесна» корпорациясының «Химцес» ЖШС директоры болып тағайындалды. Қазіргі уақытта Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының «Астана орманы» ЖШС дамыту жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істейді.

Нұр-Сұлтан қаласы Мәслихатының депутаттығына үш рет шақырылған. «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен мараптталған.

Пулатов Шерзод Аббозұлы 1978 жылы Өзбекстан Республикасының Андижан қаласында дүниеге келген, болашақ ата-анасы Тараз қаласынан медициналық ЖОО студенттері болған.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» ХДП мүшесі, Нұр-сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жастар қанатының жетекшісі және Қазақстан Республикасының «Дустлик» республикалық өзбек қауымдастығы Дін мәселелері жөніндегі сарапшысы, кәсіби медиатор.

М. Дулати атындағы «Құқықтану» мамандығы бойынша Тараз мемлекеттік университетін,  «Ағылшын және араб тілдерінің аудармашысы» мамандығы бойынша Халықаралық тілдер институты, Исламабад қаласындағы Халықаралық ислам университеті (Пәкістан) «Ислам құқығы және құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. АҚШ-тың Нью-Йорк «Peace» институтында «Planning Change» дайындау орталығында Медиацияны оқытудың бір жылдық курсынан өтті.

«Түрік-Цемент» ЖШС құрылыс материалдары өндірістік кәсіпорнының қаржы директоры, «KazSnabService TTM» ЖШС коммерциялық-сауда кәсіпорнының бас директоры, «ТаразКожОбувь» ЖШС былғары-аяқ киім зауытының бас директоры болып жұмыс істеді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми - зерттеу және талдау орталығы» РММ-нің бөлім бастығы-бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің ғылыми зерттеулерді үйлестіру және Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесімен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша бөлім басшысы болып тағайындалды.

Ш. Пулатов қазақ және өзбек халықтары арасындағы мәдени және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға зор үлесін қосып келеді.

Оның жетекшілігімен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде «Абай және өзбек әдебиеті» көрмесі ұйымдастырылды.

Өзбек, қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерін меңгерген.

Бұл күні ҚХА Төрағасы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Исламбек Сәлжанов пен Виталий Тварионасты қызметінен босату туралы өкімге қол қойды.

Бөлісу: