Қазақстан инвесторлар үшін іскерлік ахуалды қамтамасыз етеді - Смайылов

5 Тамыз 2022, 15:46 930

Әлихан Смайылов Қазақстанға ресми сапармен келген Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысымен кездесу өткізді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанға ресми сапармен келген Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Найеф Фалах Мубарак Әл-Хаджрафпен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салалардағы, энергетика және агроөнеркәсіптік сектордағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. 

ҚР Премьер-Министрі Қазақстан Ұйым елдерімен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. 

«Бізде сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор. Қазақстан барлық инвесторлар үшін қолайлы іскерлік ахуалды одан әрі қамтамасыз етуге дайын. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Кеңес елдерінің іскер топтарын бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамын», - деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы Қазақстан Парсы шығанағы елдеріне жоғары сапалы ұн, майлы дақылдар және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын жеткізуді ұлғайтуға, сондай-ақ транзит саласындағы өзара іс-қимылды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту есебінен нығайтуға дайын екенін атап өтті. Бұл ретте Әлихан Смайылов мемлекетаралық байланыстарды одан әрі дамыту үшін ұшу географиясын кеңейту мәселесін пысықтау, оның ішінде Қазақстаннан Оман мен Бахрейнге тікелей рейстер ашу қажет екенін айтты. 

Өз кезегінде Найеф Фалах Мубарак Әл-Хаджраф ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Сауд Арабиясына жасаған сапары араб елдерімен қарым-қатынасты нығайтуға үлкен үлес қосқанын атап өтті. «Парсы шығанағы елдерінің Қазақстанға инвестиция салу бойынша үлкен жоспарлары бар. Ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарын айқындау үшін бірлескен бизнес-форумдар ұйымдастыру қажет деп санаймыз. Атап айтқанда, біз энергетика, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы серіктестікті дамытуға мүдделіміз», — деді Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы.

Бөлісу: