Қазақ балалары Аустрияда көрмеде

15 Қыркүйек 2022, 10:17 2079

Венада алғаш рет Қазақстан балаларының сурет көрмесі жарық көрді

Венада алғаш рет «One world. New generation» мәдени шаралар апталығы аясында Қазақстан балаларының сурет көрмесі жарық көрді. Олар Республикалық балалар суретінің «Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» конкурстарының жеңімпаздары. 10 жас талант Еуропа жүрегіне Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінің және Бас демеуші EduStream компаниясының қолдауымен келді, деп хабарлайды El.kz

«Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» конкурстары 2020 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығымен өткен. Республикадағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин идеялық шабыт берушісі болды. Бастаманы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өту аясында БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Балалар Бейбітшілікті Салады» және «Мейірімділік» қорлары қолдады.

Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қоғам санасының жануарларға деген қарым-қатынасын өзгерту және қатыгездікке жол бермеу. Тақырыпқа терең үңілген 6 000 астам қазақстандық бала тек сурет салып қойған жоқ, сонымен қатар ересектерге арнап эссе, бейнеүндеу жазып, қатыгездікті сынады, мейірімділік пен махаббатқа шақырды.

- Ересектер кіп-кішкентай қорғансыздарды қалай қаңғытып қояды, бұл менің миыма сыймайды, - деп Сарыөзектен Ақжан Қайырбекқызы эссесінде жазды, - Адамдық қасиетімізді жоғалтпайықшы, үй жануарын және жер шарындағы барлық жануарды қорғайық.

Павлодарлық Артем Кустов өлең арнады:

Қамқорлық көрсетемін

Еркіңе қоя беремін

Ешкімге ренжітпеймін

Көз алдыңда жүремін...

 

- Балаларымыздың жан айқайы еленетініне үмітіміз зор. Һәм олардың ересектерге, Парламентке және Қазақстан Үкіметіне жасаған ұсынысы жер шарын, біздің сүйікті Қазақстанымызды, табиғатты, жануарлар әлемін сақтап қалуға ықпалын тигізер. Балалардан бұрын, ересектердің санасы өзгерісті қажет етеді, неге десеңіз, бала жағдайы мен ғаламшарымыздың қауіпсіздігі соларға байланысты, - деп атап өтті Қазақстандағы Бала құқығы жөнінде уәкіл Аружан Саин.   

Апталық аясында Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Қайрат Омаровтың қатысуымен балалар суреті көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жас жеңімпаздардың туындысын БҰҰ Венадағы бөлім жетекшісі Гада Вали, аустриялық парламент депутаттары, бірқатар мемлекет елшілері, ЕҚЫҰ басшылары, сондай-ақ Вена мэриясы мен жергілікті мемлекеттік білім органдары бағалады.

- Бала білімі онда мәдениет пен өнер ескерілгенде ғана толыққанды бола алады. Және қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті бала кезден сіңіру, принциптік тұрғыда маңызды. Жалпы адамзат құндылығы және жануарымыз бен табиғатымызды қорғау дамыған елдердің мектепте білім беру стандартында ескеріледі. «Қазақстанның білім беру саласының қатысушысы әрі новаторы ретінде біз мектепке оқулық дайындағанда әлемдік талапты негізге аламыз», - дейді EduStream компаниясының бас директоры Наталья Мұхамеджанова.

Мәдени оқиғаларға қанық бағдарлама ICDO (International Cultural Diversity Organization) шарасы аясында Түрік мәдени орталығында суреттер көрмесін, демеушінің тіл мектебінде шеберлік сабақтарды, Вена мен Аустрия аймағына турды және басқа қызыққа толыны қамтыды. Балалар конкурсы және оларға арналған шаралар бағдарламасы жайлы толық ақпаратты https://oneworldng.edu-stream.at/ сілтемеден оқи аласыз.

EduStream халықаралық білім беру компаниясының қызметі жайлы https://edustream.kz/ сайтында.


Бөлісу: