30 Шілде 2014, 04:52
Бүгінде елімізде өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің арасында ең алғашқы әдебиеті кең таралып, қанат жая бастаған ұлттың бірі ұйғырлар әдебиеті. Елімізде алғаш рет ұйғыр тілінде газет, журнал, альманах басылымдары шығып, ұйғыр ақын-жазушыларының еңбектері мен шығармалары жарық көре бастады. Елбасымыз: «Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты» – деп атап өткен болатын, сол ұлттардың бірі ұйғыр халқы әдебиетімізге өз үлестерін қосып келеді.
1932 жылы Қазақстан жазушылар одағынан ұйғыр секциялары ұйымдастырылды. Осы уақытқа дейін еңбегі сіңген ұйғыр жазушылары Қазақстан жазушылар одағының мүшелері болып келеді. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.
Айсаров Юсуп. 1927 жылы Алматының Ұйғыр ауданында дүниеге келген жазушының қаламынан туған «Аяқталмаған ән», «Жауынгер», «Олар қайтадан кездесті», «12 жылға созылған үрей» атты ұйғыр тілдерінде көркем прозалық шығармалары жарық көрген.
Аршитдинов Батур 1926 жылы Алматы облысының Жаркент қаласында дүниеге келген. Жазушы шығармалары: Алғашқы өлеңі 1947 жылы жарық көрген. 1957 жылы «Жастық сезімдері», 1967 жылы «Дала», 1971 жылы «Тау самалы», 1980 жылы «Кек», 1986 жылы «Ынтызар», жинақтары жарық көрді. «Ұйғыр классиктері шығармашылығындағы дастан жанры», «Ұйғыр халық ауыз әдебиеті шығармашылығы», «Дастандар дүнисіне саяхат», «Төрт дербіш», «Он екі мұқам туралы» (мәтіндер), «Сом алтын» (ертегілер), «Ұйғыр фольклорының антологиясы» атты ғылыми еңбектердің авторы болып табылады.
Дулятов Абдумәжит 1949 жылы Алматы облысының Шелек ауданында дүниеге келген. Қаламгер қаламынан бірнеше өлеңдер жинағы жарық көрген. Мысалы: 1973 жылы «Мен жиырмада», 1976 жылы «Көктемнің қайтып келуі», 1980 жылы «Адамға махаббат», 1986 жылы «Туған жердің жыры», 1986 жылы «Қанатты ойлар», 1990 жылы «Ақ таңдар» атты өлеңдерін атауға болады.
Ғаниев Абдукерим 1937 Алматы облысының Панфилов ауданында дүниеге келген. Өлеңдері 1953 жылдан бастап Панфилов аудандық ұйғыр тілінде шығатын «Колхозчилар авази» газетінде жарық көре бастады. 1962 жылы ең алғашқы «Жастық сезімдері» атты алғашқы өлеңдер жинағы Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан басылып шығады. 1966 жылы Қазақ радиосының шет елдерге радиохабарларын тарату Бас редакциясында редактор, 1974–1987 жылдар аралығында аға редактор болып қызмет атқарған. Қаламгердің кейбір туындылары Мәскеу, Ташкент, Алматыда шығып, «Шынар ағаштары», «Ұйғыр ақындарының дауысы», «Ұйғыр ақындары» сияқты поэзиялық топтамаларға кірген. Шығармалары: «Ағалар жолы», «Қазақстан», «Жер туралы декрет», «Армандарым», «Ақиқат туралы ақиқат», «Жауынгер монологі», «Ой адамы бәрінен биік», «Ана жұртым Шолақай» атты кітаптардың авторы болып табылады. Жалилов Илахун қаламгер 1942 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кетпен ауылында дүниеге келген. Ол еңбек жолын мұғалім, республикааралық «Коммунизм туғи» газетінде корректор, тілші, болып бастап бөлім бастығына дейінгі қызметтер атқарған. Жазушының 1973 жылы«Теңіз жаңғырығы», 1978 жылы «Мұхит шақырады», 1983 жылы «Жерге тағзым», 1986 жылы «Ұмтылу» атты өлең жинақтары мен 1990 жылы «Жаңаша жаңғырған әуендер» деректі повесі жарық көрген.
Изимов Изиз жазушы 1929 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Ават ауылында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдерін 1948 жылдан бастап жаза бастаған. Көптеген өлеңдері 1953 жылы ұйғыр ақындарының өлеңдер жинағына енгізілген. Қаламгер өлеңдері орыс және қазақ тіліне аударылған. Ол ұйғыр тіліне А.С.Пушкин, Н.А.Некрасов өлеңдерін, М.О.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, С.Мұқановтың «Ботагөз» романын (Асамдиновпен бірге), А.Гайдардың «Тимур және оның командасы» повесін (С.Мансуровпен бірге), М.Гафуридің таңдамалы өлеңдерін аударған. Шығармалары: 1955 жылы «Жастық жыры». 1963 жылы «Тау ішінде», 1974 жылы «Ауыл әуендері», 1984 жылы «Бармақтай бала» сынды еңбектері жарыққа шыққан.
Илахун Хуршида 1940 жылы Қытайдың Құлжа қаласында өмірге келген. Еңбек жолын 1970 жылы Алматыдағы «Коммуниз туғи» («Ұйғыр авази», «Йеңи һаят») газетінде тілші қызметінен бастаған. Талантты қыз он екі жасынан өлең жазуға ден қойған. Ақынның тұңғыш өлеңі 1953 жылы Құлжа қаласындағы «Или» газетінде жарық көрген. Ақынның шығармашылығының кең өріс алған уақыты – Қазақстанға көшіп келгеннен кейін басталады. Алғаш рет «Жазушы» баспасынан 1970 жылы «Мәдһийә» (топтама жинақ), 1978 жылы «Тырналар», 1983 жылы «Анилар авази», 1988 жылы «Бесік жыры» жинақтары, «Мейірбұлақ», «Намаз дөң», «Исъян» дастандары жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Пәрваз», «Арзу» журналдарында өлеңдері басылып тұрған. Ақын қыз сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының және М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған ұйғыр ақындар мүшәйрасының жүлдегері.
Мухлисов Юсупбек 1929 жылы Шығыс Түркістанның Қашқар округі, Артуш уезінің Өстең–Бойы ауылында дүниеге келген. Ол «Бай мен малай», «Екі байға бір қызметкер», «Аршин мал алан» сияқты шығармаларды сахнаға қойған. «Жалынды оттар» атты тұңғыш тарихи пьесасын жазған. 1980 жылы «Садыр палуан» тарихи повесі кейін романға айналып, «Жазушы» баспасынан жарық көрген. 1960 жылдың аяқ шенінде Шығыс Түркістаннан Алматыға келіп, ҚР Ғылым академиясының Ұйғыртану бөлімінде жұмыс істеген. Масимов Авут жазушы 1953 жылы 16 наурызда Алматы облысының Шелек ауданына дүниеге келген. Еңбек жолын 1973 жылдан бастап Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеттің баспаханасында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің бет жасаушысы, 1975 жылы «Коммунизм туғи» ( қазіргі «Ұйғыр авази») газетінде корректор, 1991–1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы «Арзу» журналында жауапты хатшы болып қызметтер атқарған. Қаламгер қаламынан
1992 жылы «Дастархан», 1993жылы «Белгілер бәстестігі», 2004 жылы «Апта және он екі ай», 2007 жылы «Ағмихан» ертегілер жинағы мен 2007 жылы «Саусақтар ойыны», 2008 жылы «Бес күн бос, екі күн демалу» атты шығармалары оқырмандарға жол тартқан. Таиров Яхья 1938 жылы 7 желтоқсанда Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. 1959 жылы орта мектепті тәмамдап, Шыңжаң педагогикалық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1962 жылы филолог мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1963 жылы Қазақ жеріне қоныс аударады. Еңбек жолын Шелек, Панфилов аудандарында мектепте мұғалімдік қызметтен бастайды. 1971 жылы Ташкент қаласына қоныс теуіп, радиода, Тарих институтында, Қазақстанда шығатын «Ұйғыр авази» газетінде тілші болады. 1989–1996 жылдарда Өзбекстан радиотелевидениесінде аға тілші қызметін атқарған. 1969 жылы «Көзләр» атты алғашқы кітабы жарық көрген.
Сол сияқты аталмыш жазушылардың шығармаларынан бөлек проза жанрында бірқатар жазушылардың шығармаларын халық іздеп жүріп оқыған. Мәселен, X.Абдуллиннiң З.Сәмәдидiң, Ж.Босақовтың, Т.Тоқтамовтың, М.Зұлпықаровтың, А.Ашировтың, Н.Баратовтың, П.Сәбитованың повестер жинақтарын атауға болады. И.Бахтияның, М.Хамраевтың, И.Бахниязовтың, Р.Кадыридiң, А.Ғаниевтiң, М.Абдурахмановтың жарық көрген өлең-поэмалары да бар. Ұйғыр жазушылары қазақ тұлғаларының да шығармаларын өз тіліне аударған. Мысалға айтар болсақ, 1987 жылы Қ. Тоқтамов А.Құнанбаевтың «Өлеңдерi» мен С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» туындысын, 1987 жылы З. Сәмәди Ғ.Мүсiреповтiң «Кездеспей кеткен бiр бейне» повесін ұйғыр тілінде жариялайды.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақ халқы мен өзге ұлт арасындағы жалғап тұрған көпір татулығы мен салт-дәстүрі, астасып жатқан әдебиеті мен тарихы деп айтсақ қателеспейміз. Ең бастысы ұлттар мен ұлыстарды бір жерге тоғыстыра білген Қазақстан халықтарының Ассамблеясы. «Ассамблея деген бұл – 17 млн қазақстандық» деп бекер айтпаса керек. «Ассамбляны БҰҰ, ЕҚЫҰ, Азиядағы өзара іс қимыл шаралары жөніндегі кеңес, Бүкілхалықтық өкілдер Ассамблеясы мойындады. Сондықтан да, Мен Ассамблеяға төрағалық етіп келемін, сондықтан да, мен Ассамблея бұл еліміздің он жеті миллион тұрғыны деп атадым», – дейді елбасымыз Н. Назарбаев.
Гүлмира Ерубаева