Қазақ жазуының реформаторы – Ахмет Байтұрсынұлы

21 Маусым 2022, 16:49 10686

«Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста секілді, не істесе де келістіріп істейді». Бұл нақыл сөздің авторы тіл білімінің негізін қалаушы, ақын, аудармашы, педагог Ахмет Байтұрсынұлы. Биыл қазақ жазуының реформаторы, қоғам қайраткерінің туғанына – 150 жыл. Ақынның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпекші. Біз қоғам қайраткерінің шығармашылығын Өмірзақ Айтбайұлының «Тілғұмырлар» атты еңбегіндегі естеліктерге сүйене отырып баяндағанды жөн көрдік.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілінің ғана емес, әдебиеттану саласының да негізін қалаушы. Ғалым Өмірзақ Айтбайұлы Ахметтің шығармашылығы туралы былай деп баяндайды: «Ахметтану ғылымының іргетасын Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов сияқты қазақ әдебиетінің көшбасшылары қалады. Кейін зиялылардың қатары толыға түсті», - дейді.

Қазақтың төл әдебиеті мен мәдениетін насихаттап, тілі мен діліне, білім жүйесіне көңіл бөліп, кеңінен баяндаған Ахметтің шығармалары көп. Ұлт ұстазы 1895 жылы оқуын аяқтап, туған еліне келіп, біліммен түбегейлі айналысады. Ахметтану саласын зерттеген ғалымдардың бірі Өмірзақ Айтбайұлы ақынның шығармашылығы жайлы былай дейді:

– «Әліпби», «Сауаташар» және «Тіл-құралы» еңбектерін жазу үшін Ахаң қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен графикасын дұрыстап алу керектігін түсінді. Мәселен, 1912 жылы «Айқап» журналында жарияланған «Шаһзаман мырзаға» шығармасы, 1913 жылы «Қазақ» газетінде шыққан «Жазу мәселесі» еңбегінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жазуын нақты бір жүйеге түсіру үшін еңбектенгені байқалады», - деп жазады ғалым.

Ахметтің басты мақсаты – халықтың көзін ашып, білім нәрімен сусындату болды. Оқуын аяқтағаннан кейін оқу-ағарту жұмысына ден қойып, өзінің біліктілігін көрсетуге ден қояды. Сол кездегі жарық көрген қазақ баспасөздерінің барлығы да бір мақсаттты көздеді. Бұл сөзімізге дәлел «Қазақ» газетінің орны ерекше еді. Ақын шығармашылығын зерттеген Өмірзақ Айбайұлы газет бетінде жарық көрген материалдардың бәрін цензурадан өткізіп, үнемі ақшалай айып салып, бассыздық көрсеткенін жазған.

«Салынған айыптың мөлшері көбейген соң, шамасы жетпегенін білген Ахмет үш ай мерзімге абақтыға өз еркімен отыруға келісім берген. Бұл жағдайға құлағдар болған қарапайым халық, газет оқырмандары бірден қаражат жинап, Ахметті абақтыдан шығаруға көмектескен. Қоғамның көзін ашып, санасына сәуле құйып, алға жетелеген әрекеттерін қолдамаған халыққа күйінген Ахмет «Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ» деген өлеңін жазған», - дейді Өмірзақ Айтбайұлы.

Ахмет Байтұрсынұлы тіл туралы танымды деректер жазып, сол кезеңдегі ана тіліне деген махаббатын да ашық жеткізе білген. Жалпы, ақынның шығармашылығы түрлі бағытта өрбиді.Ол ақын да, ғалым да болды. Мықты педагог ретінде де қазақ әдебиетінде өз орны бар тұлға. Тіл туралы танымды деректер жазып, қазақ тілінің ережелерін, болмыс-бітімін айқындап берді.

«Қазақ елінің жағдайы, болашағы сол кезеңдегі қоғам белсенділерін толғандырған. Әсіресе, талан-таражға түсіп жатқан жер мәселесі, оқу-білім тақырыбы, қазақ жұртына қажет земство жайы және орыстандыру саясаты қазақтың ең күрделі проблемасы еді Осының жай-жапсарын анықтап, тығырықтан шығуға жол іздеген Ахмет бастаған бір топ зиялы қауым Ресей империясының Министрлер Советі Председателінің атына петиция жазады. Сол кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы ақындық дарынымен И.А.Крыловтың мысалдарын аударды. «Қырық мысал» аударма жинағы сол жылдардың жемісі еді», – деп еске алады ғалым. Осылайша қазақ әдебиетінде аудармашы ретінде өз орнын алды.

Ахмет қазақ жазуына ерекше мән берді. Реформатордың өзіндік мақсаттары –қазақ тіліне үлкен серпіліс әкелу еді. Ғалым қазақ жазуын қалыптастырудың алғышарты ретінде қазақ тілі дыбыстарына сай келмейтін араб таңбаларын әліпбиден алып тастауды ұсынды. Сөздің жіңішкелігін білдіретін «дәйекше» деген белгіні енгізді. Қазақ тіліндегі ы,е,и,о,ұ,ү дыбыстарының әрқайсысына жеке таңба белгілеуді, сондай-ақ, қ,г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін білдіру үшін сөздің аяғынан дәйекше таңба қоюды ұсынды. Осылайша, қазақ тілінің алфавиті жаңа бағытқа бет бұрып, сингармионизм заңына сай келді. Нәтижесінде қазақтың төл жазуы қалыптасты. Бұл туралы өз зерттеуінде Өмірзақ Айтбайұлы былай дейді:

«Ахмет ұсынған қазақ әліпбиі 1912 жылдан бері қазақ-орыс мектептерінде, сондай-ақ, мұсылман медреселерінде оқытылды. Кейін, 1915 жыл Ахмет енгізген қазақтың төл жазуымен басылған 15-ке жуық кітап жарық көрді. Ахаңның аталған еңбектері және сол уақытта шыққан қазақша кітаптарда жаңа терминдер көрініс тапқан. Мысалы, дәйекше, әріп, дыбыс, жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, түбіршек тіл, жалғамалы тіл, қапармалы тіл, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымша секілді жаңа сөздер жазылған. Олардың тіл біліміндегі алар орны да кеңінен айтылып, жаңаша бағытта өрбіді. Біртіндеп қазақ қоғамына жол бастаған қазақ тілінің ұлттық әрі тұңғыш графикасын зерттеп, жаңаша бағытқа шығарып отырды. Қазақ тілінің фонетикалық болмысына лайықталған араб таңбаларының әлі де олпы-солпы жерлері бар еді. Баспа, полиграфия талаптарына байланысты кейбір сәйкессіздіктерді реттеп, оны ұлттық жазуға айналдырады. 1924 жылы ресми түрде жаңа жазу түрі қабылданып, 1939 жылға дейін қазақ халқының сауатты әліпбиіне айналды», - дейді ғалым.

1926 жылы Бакуде тұңғыш түркологиялық съезд өтті. Ахмет араб алфавиті негізінде жаңа жазудың артықшылығын дәлелдеп, латынға көшуге қарсы шықты. Мұндағы басты себеп– қазақ жазуының Қазақстанда іс жүзінде қолданыс тауып, жаппай сауатсыздықты жоюға әрекеттенгені еді. Ғалым Өмірзақ Айтбайұлының «Тілғұмұрлар» атты еңбегінде Ахметтің білімге көңіл бөлгені сол кезеңдегі айтулы жаңалық екенін жазған.

«Ахметтің білім саласында соның ішінде тілге деген құрметі ерекше еді. Сауаты ашылып, білімді ел қатарына енді қосылып келе жатқан қазақ тілін бұрмалап, ауыстырудың тиімсіз екенін ашық айтты. Оның үстіне, бүкіл жұрт тез қабылдап, өзге де түркі тілдес елдер үлгі ете бастаған бұл жазуды ауыстырып, латынға көшу ертеңгі күні кириллицаға көшудің баспалдағы екенін сезген секілді. Ақыры сондай боп шықты», - дейді ғалым Өмірзақ Айтбайұлы.

    «Ұлт ұстазы» сериалы

Биылғы жылы ақынның туғанына – 150 жыл. Осыған орай «Ұлт ұстазы» телехикаясы Тәуелсіздік мерекесі күндері көрермен назарына ұсынылған еді. Алты сериядан тұратын телехикаяның режиссері – Мұрат Есжан. Сценарий авторлары Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым, көркемдік кеңесшісі – ғалым Ұшқын Сайдырахман. Бұл сериалда ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының басынан кешкен қиын қыстау тағдыры айтылып, халық үшін жасаған игілікті ісі кеңінен көрсетіледі. Сериалдың режиссері әрі сценарисі Мұрат Есжанның айтуынша, сериал нақты бір шығармаға сүйеніп жазылмаған. Автор Алаш қайраткерлері туралы көркем шығармалар жоқтың қасы екенін айтты.


– Алаш кезеңі туралы тек ғылыми мақалалар болды. Біз сол деректерге сүйендік. Бірақ ол жердегі қиындық эмоция болмайды, құрғақ деректер негізінде оқиға құрауға, оған сезім қосуға тура келеді. Біз көбінесе мұрағат деректерін, ғылыми кітаптар мен мақалаларды, тергеу материалдарын пайдаланып жазып шықтық. Ахметтанушы, алаштанушы ғалымдармен тікелей байланыста болдық. Барлық материалдарды зерттеп шығуға екі айдай уақыт кетті. Деректердерді саралап, сұраптадық. Бас-аяғы 3 ай көлемінде сценарий жазылды. Сценарий авторы ретінде драматург Ұларбек Нұрғалымұлы екеуміз жаздық. Ойымыз бір жерден шықты. Біз тарихи дерекке көп мән бердік. Ұларбек ағамыз қазақ халқының салтын, тілі мен дінін, жан дүниесінің үндестігін жақсы біледі. Бір-бірімізді толықтырып, жақсы деңгейде жұмыс жасадық. Тарихи сериал болғандықтан алуан түрлі пікірлер де болды, - дейді режиссер Мұрат Есжан

Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген Торғай өңірінің халқы сериал жайлы біраз сын айтқаны жасырын емес. Сценарий авторының айтуынша, кез келген кинотуындыға сынның айтылуы қалыпты жағдай.

– Менің ең басты ұстанымым – тарихи факті мен драмалық шешім тарихи тұлғаның көркем образын ашуға жұмыс жасауы керек. Торғай халқы тарапынан екі түрлі сын айтылды. Біріншісі, Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген Торғай даласында неге түсірілмеді деген ойлар талқыланды. Менің пікірімше, сериалды дәл Торғай өңірінде түсіру міндетті емес. Мысалы, бұл фильмде сол аймақта өтетін көріністер арғы кетсе 3 минут қана. Бүкіл команданы ол жаққа апарып, түсірілім жасасақ, тұтас бір серияның шығынын сол 3 минутқа жұмсап жіберуіміз мүмкін. Сондықтан таразыға сала отырып, компромиске баруға тура келді. Екінші мәселе – Амангелді Иманұлы мен Әліби Жангелдин тұлғасына байланысты. 1916 жылғы көтеріліс кезінде екі тараптың пікірі екі түрлі болғаны жасырын емес, соның шет-жағасын көрсеттік. Бір ғана сахналық көріністе Амангелді Иманұлының тұлғасын төмендеттіңдер деген сын айтылды. Бірақ бұл жерде мақсат тарихи тұлғаның рөлін жоғары-төмен бағалау емес, сол кездегі саяси ахуалды аңдату болғанын баса айтқым келеді,- дейді Мұрат Есжан.

Режиссердің айтуынша, жалпы пікірлерді саралай келгенде, фильм оң бағасын алды деуге болады. Ғалымдар да жаңа туындыны жақсы қабылдаған.

– Студенттер мен оқушылар да сериалды көріп, көңілдерінен шыққанын жеткізді. Жан-жақтан шақыртулар алдық. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушыларға тапсырма ретінде де беріліп жатыр екен. Бұл танымдық-ағартушылық бағытқа аз да болса қосқан үлесіміз. Түркияда да сериалдың біраз бөлігі түрік тіліне аударылып, көрерменге ұсынылды. Бұл ұлттық арнаның төл өнімі. Бізге сенім білдіріп, шығармашылық еркіндік ұсынған телеарна басшылығына алғысымызды білдіреміз,- деді режиссер.

Кинотанушы Баубек Нөгербек, қазақ мәдениетіне қосылған тарихи биографиялық сериал қазақ киносына жаңа леп әкелгенін айтады. Бірақ, сыни пікірін де жасырмады.

– Мұндай тарихи биографиялық жанрдағы сериалдар бізге қажет. Ол үлкен тарих. Кинотанушы ретінде айтарым, бір кемшілік – кадр сыртындағы дауыс, дикторлық мәтіннің мүлдем қажеті жоқ еді. Өйткені онсыз да түсінікті, сол кедергі жасады. Суретшінің жұмысына тоқталсақ, белгілі бір деңгейде кемшіліктер болды. Кейбір заттар сол кезеңге сәйкес болған жоқ. Режиссер Мұрат Есжанның «Абай жолы» сериалы «Ұлт ұстазынан» жақсы шыққан сияқты. Жалпы, сериалды бұдан да жақсы түсіруге болар еді. Басты кейіпкер өз рөлін жақсы алып шықты. Мұрат Есжан тарихи биографиялық сериалды түсіруде жаңа леп әкелді, десем болады. Бұрмаланған жақтар кез келген кинода орын алатыны белгілі,- деді кинотанушы.

Осылайша, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы жайлы түсірілген фильм – тарихи бағытты айшықтап, қаламгердің жан-жақтылығын ашық көрсетті.

Бақытнұр Бейсенбай
Бөлісу: