Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетін 4 сайт ашылды

5 Қыркүйек 2016, 09:53

Сүйінші!

Бүгін ҚР ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақ тілінің ғаламтордағы жаңа кеңістігі» атты тұсаукесер рәсімі өтті. Онда «Tilalemi.kz» порталы және «Atau.kz» ономастикалық, «Termincom.kz» терминологиялық, «Emle.kz» орфографиялық электрондық базалары көпшілікке таныстырылды.

Жиында алғашқы болып сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуаныш Асылов: «ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді үйрету процесіне жаңа ақпаратттық технологияларды енгізу мақсат етіп қойылған. Осы мақсатқа жету үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. «Тіл әлемі» интернет-порталы, «Atau.kz» ономастикалық, «Termincom.kz» терминологиялық, «Emle.kz» орфографиялық электрондық базаларын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл жобалар мемлекеттік тілді меңгеруге, жаңа терминдерді үйренуге, онлайн және оффлайн режимдерінде сабақтарға қатысуға мүмкіндік береді. Жобалар тек қазақ тілін ғана емес, орыс, ағылшын тілдерін де үйренуге бағытталған. Сондықтан, олар интернет қолданушылары арасындағы тілдік біліктілікті арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын» деді.

Ал, Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов ендігі мақсат сайттардағы сөздер қорын көбейту екендігін айтты.

– Бұған дейін терминологияға қатысты, орфографияға байланысты кітаптар аз таралыммен жарық көрген кезде оқырмандар тарапынан «таралымы аз» дегендей наразы пікірлер айтылатын. Сонымен қатар, ономастикалық және терминологиялық атаулардың халыққа қолжетімділігі туралы әңгіме қазірге дейін жиі айтылып келді. Енді біз осы олқылықтардың орнын жаңа сайттармен толтырғалы отырмыз.

 «Тіл әлемі» порталында мыңға жуық кітап, 200-ден астам аудио және видеосабақтар жинақталды. Ал, «Atau.kz» сайтына Қазақстанның 14 облысы мен 2 қаласында орналасқан елдімекендер мен көшелердің атаулары енгізілді. «Termincom.kz» сайтында 1971 жылдан күні бүгінге дейін бекітілген 13 мыңнан астам термин салалық және хронологиялық ретпен жарияланды. Сонымен бірге, аталған комитеттің тарапынан шығарылған 30 томдық сөздік те кіргізілді.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл сайттардың қай-қайсысына да  «Фейсбук», «Твиттер», «Вконтакте» әлеуметтік желілері арқылы кіруге болады. Сайттың мобильді нұсқасын ұялы телефондарыңызға жүктеп алып, өз парақшаларыңызды ашып қоюға болады. Сонда сіздерге жаңа хабарламалар тұрақты түрде келіп тұрады. Оффлайн аймақта да жүктеп алған 30 томдық сөздік қорын оқи беруге мүмкіндігіңіз бар» деді Ербол Ербол Ердембекұлы.

«Тіл әлемі» порталын оның редакторы Мөлдір Бақытқызы таныстырды. Порталға тіркелген оқырмандар ғалымдар мен әдіскерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, аудио, бейнесабақтар арқылы жаңа сөздер үйрене алады. Порталдың «Тіл райы» атты бөліміне кез келген оқырманның көшеден, қоғамдық орындардан ұшырастырған жарнама және көрнекі ақпараттардағы өрескел қателерді жолдауына болады. Сонымен қатар, интернет қолданушылары сайтқа тіркеліп, «Толғаныс» айдарында жазба жаза алады. «Тіл әлемінің» «Тарту» айдарында түрлі сөздіктер мен кітаптар, журналдар жарияланған. Уақыт өткен сайын олардың қатары толықтырылып отырады.

Порталдың қолданылу аясын кеңейту мақсатында мұндағы жаңалықтар алдағы уақытта үш графикада берілмекші (кирилл, латын, араб). Бұл әдіс оқырмандардың санын арттырып, Қытайда, Түркіменстанда, Өзбекстанда, Түркияда және Еуропада тұратын қазақтардың порталдағы материалдармен танысуына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, тілші ғалымдар, тіл жанашырлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

Бөлісу: