1 Наурыз 2014, 10:53
2011 жылдың 29 маусымында «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарламаның жобасы туралы пікірімізді кезінде газет бетінде айтып, Тіл комитетіне, Үкіметке де жазған болатынбыз. Бағдарламаның ең негізгі кемшілігі оны дайындауға сол кездегі Байланыс және ақпарат, Экономика, Қаржы министрліктерінің қатыспағандығы болды. Әсіресе, мемлекеттік тілдің негізі жасалатын жалпы білім берудің жүйесін басқарып отырған Білім министрлігінің орны бөлек еді. Сондай-ақ орталық, аймақтық билік органдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің тиімді жолдары іздестірілмеді. Осындай маңызды мәселелер Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жасалған Үкіметтің нақты іс-шаралар жоспарынан да орын таппады. Сөйтіп, қазақ тілі Қазақстан мемлекеттігін айқындайтын негізгі фактор екендігі, оның жоғары саяси-құқықтық мәртебесінің басымдығы назардан тыс қалды. Бағдарлама жасаушы орыс тілділердің Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 1-тармағының «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген конституциялық норманы жете түсінбейтіндіктері, ал осы баптың 2-тармағындығы пайдаланылған орыс тіліне қатысты «тең» терминіне түсіндірме берген Конституциялық Кеңестің мемлекеттік тіл мәртебесінің үстемдігін атап көрсеткенін біле бермейтіндіктері байқалды. Олардың 2008 жылғы 29 мамырда Президентіміз Н.Назарбаевтың қазақ тілді ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездесуінде «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп қадап айтқанынан да хабарсыз екендіктері танылды.
Үш тілділік (триединство языков) біздің еліміздің басты артықшылығы дегенде шындық бар. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың үш тілдің бірлігі туралы айтқанда мынандай маңызды мәселеге мегзеп тұрғаны айқын. Ол - егер біздің ұрпақтарымыз өз ана тілін жетік біліп, орыс және ағылшын тілін еркін меңгеріп, тілдерін ғана емес сол халықтардың тарихын, әдебиеті мен ғылымын білетін болса, біздің қоғам өркениеттің жаңа бір белесіне көтерілер еді деген сенім.
Мемлекетіміздегі ақпарат құралдарының 90 пайызы орыс тілінде
Қазақ тілінің алдында біздің бұқаралық ақпарат құралдары қарыздар. Республикада тарайтын 8 мыңдай бұқаралық ақпарат құралдарының 5 мыңнан астамының 90 пайызы орыс тілінде. Өзінің ұлттық ақпарат кеңістігін қалыптастырып алмай, бұлай шетелдік ақпаратты қаптатып жіберу өзін іргелі ел есебінде қадірлейтін мемлекеттің бір де біреуінде бола қоймас.
Бүгінгі күні жастар арасында газет-журнал және кітап оқитындар санының күрт азайып кетуімен қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуде бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде электронды түрлерінің рөлі артып отырғаны белгілі. Тәуелсіздік пен тәуелсіз ұлтымызға қазақ тіліндей еркін қызмет етіп келе жатқан Қазақ радиосының орны ерекше. Қазақ радиосын тыңдасаң, өзіңнің өнегелі тарихы, киелі өнері жағынан ешкімнен кем емес қазақ екеніңді сезініп, бойыңды мақтаныш кернейді. Ал басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы мұны айта алмайсың.
Міне, осындай еліміздегі тілдік кеңістіктегі күрделі жағдайлардын салдарынан ащы да болса ашық айтайық, басқаны былай қойғанда қазақ тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде орыс тілімен тең қолданылатын тілге айналып отыр.
Мұның әлеуметтік себептері ұшан теңіз. Ең бірінші ана тілдік орта - дәстүрлі қазақ отбасы бұзылды. Сондықтан жас ұрпақ ұлттық құндылықтарын бойына көбірек сіңірген ата-әже тәрбиесін көрмей өсуде. Көптеген қазақ бала бақшаларындағы ана тілдік ортаның әлсіздігінен ұл-қыздарымыз шала тілді болып шығып жатыр. Бүгін қазақ ұлтының саны еліміздегі халықтың 63-тен астам пайызын құраса да, республикадағы жалпы білім беретін 7516 мектептің жартысы ғана, яғни 3821-і қазақ мектептер. Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы кезінде бастауыш мектеп бес жылдық болып, оның үш жылында тек қазақ тілінде оқытуды ұсынған еді. Ал халқымыздың рухани майданының да қас батыры Бауыржан Момышұлы осыдан 70 жылдай бұрын айтқан барлық қазақ ұл-қыздары қазақ мектептерінде оқып, өз ана тілінде білім алулары қажет деген пікірін кеше де, бүгін де ешкімнің ескермеуі өкінішті-ақ. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда қазақ мектептерінің жетіспеушілігінен балалардың елеулі бөлігі орыс мектептеріне баруға мәжбүр болып отыр. Еліміздегі 1524 орыс мектептері мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының орыс топтарында оқитын 70-80 пайыз қазақтың ұл-қыздарының елеулі бөлігі әкелерінің атын да қазақша жаза алмайды. Республикадағы бүкіл мектептердің төрттен біріндейін қазақ тілінің қолданыс аясы тарылған аралас мектептер құрап отыр. Сонда біз қазақстандықтар 2017 жылы 80 пайызы, ал 2020 жылы 95 пайызы қазақша сөйлейтін болады дегеніне қалай жетеміз?
Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.