Қазақ тілін үйрететін неміс ұстаздары

19 Шілде 2022, 17:29 5630

Қазақ тілін ана тілінен жетік меңгерген немістермен сұқбат

Қазақ тілі – әлемдегі ең қиын және бай тілдердің бірі. Ана тілімізге қызығушылық танытып, тілімізді үйренуге ниет білдіріп жүргендердің қатары аз емес. Әсіресе, шетел азаматтары мен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері. Қазақ тілімізді үйреніп, өз тілдерінен жетік білетін неміс ұлтының өкілдері Инга Гросс пен Карина Кудрявцева ана тілімізді қалай үйренгендері туралы айтып берді.

Қазіргі таңда бірнеше тіл білу сәнге айналған. Бірақ қазақ тілін сәндік үшін емес, үлкен қызығушылықпен үйренген азаматтардың қатарында Инга мен Карина бар. Бірі 17 жасар студент болса, бірі қазақ тілінен сабақ беретін ұстаз. Олардың ортақ мақсаты − қазақ тілінің мәртебесін арттыру.

Карина Кудрявцева неміс отбасында дүниеге келген, бірақ 3 жасында ата-анасы оны балалар үйіне тастап кеткен. 12 жасында қазақтар асырап алып, сол отбасында қазақ тілін үйрене бастаған. Қазіргі таңда неміс тіліне қарағанда қазақ тілінде еркін сөйлейтінін айтады. Карина қазақ мектебінде білім алып, жоғары оқу орнында қазақ тілі және қазақ әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша оқып жатыр.

– Қазақ тілін үйрену айтарлықтай қиын болған жоқ. Себебі, менің ортам, отбасым, достарым, жақындарымның барлығы қазақ тілінде сөйлеп, менің сөздік қорымның дамуына көмектесті. Бос уақытымда қазақша кітаптар оқып, түрлі тақырыптарда шығарма жазғанды ұнатамын. Осылайша, қазақ тілінде ойымды еркін жеткізуді үйреніп жүрмін, - дейді Карина.

Карина «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген ұстаныммен домбыра үйірмесіне қатысып, қазақтың күйлерін үйреніп жүр.


– Домбыра − қазақтың ұлттық аспаптарының бірі. Сондықтан домбыраға ерекше қызығушылығым пайда болды. Қазақтың сазгерлерінің күйлерін үйреніп, олардың шығармаларымен жақынырақ таныса бастадым. Әсіресе, қазақтың Балбырауын, Сарыарқа, Кеңес, Еркем-ай, Қос алқа күйлерін жиі шертемін. Қазіргі таңда өзімді домбыраның құлағында ойнаймын деп айта аламын, - дейді студент.

Осылайша, болашақта қазақтың ұлттық аспаптары домбыра мен қобызды үйрететін өнер мектебі мен қазақ тілін үйрететін лингвистика мектебін ашуды жоспарлап отыр.

Инга Гросс Қазақстанда дүниеге келген. 1941 жылы Кеңес одағының Қырым, Еділ өңірі, Поволожье ауданындағы немістерді күштеп жер аудару туралы бұйрықпен 1 миллион 200 мың халықтың 500 мыңға жуығы қазақ жеріне қоныстандырылды. Олардың арасында Гросс әулеті де болған. Инганың әкесі де Қазақстанда дүниеге келген. Отбасында барлығы қазақ тілінде жетік білген. Тек атасы мен әжесі Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін ана тілімізді үйренген екен.

Инганың сөзінше, оның атасы мен әжесі қазақтардың қоңақжайлығы мен бауырмалдығына таңқалғаны сонша өздерін де «қазақпыз» деп атап кеткен. Сонымен қатар, қазақтың салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын да ұстанған. Әжесі «Қазақтың мейірімділігінен, балажандылығынан және малжандылығынан үлгі алдым» деп айтып отырады екен.   

– Менің әкем қазақ қызына үйленді. Олардың салтына ғана емес, сұлулығына да тамсанды. Анамның арқасында өзімді қазақтардың қатарына жатқыза аламын. Анам әрдайым өзін жанжақты екенін көрсетіп жүреді. Осындай қырларымен Гросс әулетінің бетке ұстар келіні атанды. Анамның арқасында қазақ тілі, өнері, мәдениеті, бар жақсылығы менің бойыма сіңген, - дейді Инга.


Инганың ұлты неміс болғанымен, қазақ тілі пәні мұғалімі. Қазіргі таңда өз саласының үздік маманы.

– Қиындығы мен қызығы мол мамандықты бала күнімнен армандадым. Қазақтың поэзиясы, романы, лирикалық жырлары менің әдебиетке, тілге деген қызығушылығымды арттырды. Осы сала бойынша білімімді жетілдіріп, қазіргі таңда орыс мектебінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Менің ең басты мақсатым – мемлекеттік тілімізді үйрете отырып, оқушыларға оның маңызын түсіндіру, қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстырып, еліміздің дамуына үлес қосу, - дейді ұстаз.

Сонымен қатар, қазақ тілін үйренемін деген жандарға тілге деген қызығушылық пен махаббаттан бөлек құрмет пен сыйластық болса жеткілікті екенін атап өтті.

– Мен қазақ халқын ерекше құрметтей білген апамның тәрбиесінен бе, мүмкін анамнан, әлде балалық шағымның кішкентай ғана ауылда өткендігінен болар қазақ тілін жақсы білемін. Ес білгелі қазақша сөйлеймін және қазақ тілін құрметтеймін. Мен өте қарапайым отбасында дүниеге келдім. Айтайын дегенім, қазақ тілінде сөйлеп кету үшін қыруар қаржы керек емес. Иә, біз ауылдық жерде өсіп-өнгендіктен болар, менің араласатын ортам тек қазақ тілінде сөйледі. Мүмкін, тілге деген сыйластық отбасыдан, тәрбиеден және білімнен басталады деп ойлаймын, - дейді Инга.

Қоғамда ана тілінің мәртебесін арттыруды әркім өзінен бастау керек деп есептейді.

– Жолдасым − қазақ азаматы. Нағыз қазақ отбасының келінімін. Ана ретінде де, келін ретінде де, маман ретінде де қазақтың салтына берік, тіліне құрметпен қараймын. Жұмыста менен шәкірттерім үлгі алса, үйде балаларым үлгі алады. Сондықтан көпке үлгі болу үшін жақсы әдетті өзімнен бастаймын, - дейді Инга.

Қазіргі таңда жастарымыз белгілі тұлғаларға қарап еліктейді. Сондықтан қоғамдағы әр азаматқа айтарым, сіз біреуге қарап үлгі алсаңыз, басқалар сізге қарап үлгі алады. Сондықтан еліміздің болашағы үшін уайымдасаңыз, барлығымыз жұмыла отырып еліміздегі қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалыссақ деген ойымен бөлісті.

Карина мен Инга ұлты неміс болса да, еліміздің болашағы үшін үлкен жұмыстарды атқарып жатыр. Шын ниетпен істеген жұмыстары көпке үлгі болары анық.


Суреттер Инга Гросс пен Карина Кудрявцеваның жеке мұрағатынан

Миражан Махан
Бөлісу: