6 Ақпан 2016, 16:57
Көрерменге жол тартқан деректі фильмді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының тапсырысы бойынша «Мерген» студиясы түсірген. Бірегей жоба Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабы негізінде Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойына арнайы даярланды.
Бұл тарихи жобада көшпенділер әлемдік өркениетке орталықтандырылған мемлекеттің жаңа түрін алып келгендігі туралы ой ашық айтылды, – дейді Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. – Тарихи тағылымы зор деректі фильмді мақтанышпен айтуға болады. Режиссер Бақыт Қайырбеков елімізге ғана емес дүниежүзіне белгілі азамат. Бақытжанның қолынан шыққан әрбір туындыда өзіндік қолтаңба бар. Ол талғамы жоғары нағыз кәсіби маман. Режиссер тарихи танымы терең, жоғары деңгейдегі дүниелерді ғана жасайды. Бүгін көрермен назарына өте жоғары деңгейдегі бірегей туынды жол тартты деп есептеймін. Бұл фильм аяқ астынан өмірге келе қалған жоқ, Бақыт Қайырбеков аталмыш кинолентаға өмір бойы жинақтаған тарихи деректерін, зерттеу жұмыстарын арқау қылып отыр.
Түсіру жұмыстарымен шұғылданған студия мамандарының айтуынша деректі телетуынды әлден шет елдік фестивальдерге шақыртулар алған. Болашақта шетел көрермендеріне ұсыну үшін фильм бірқатар шет тілдеріне аударылмақ.
Киноға тек жақсы деп баға беру аздық етеді, – дейді академик Ғарифолла Есім. – Оның қаншалықты жақсы екенін кино туындының мазмұны мен салмағын саралай айтамыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы тұңғыш рет үлкен айдынға шығып отыр. Бұл әлем елдері алдындағы үлкен оқиға. Деректі фильм – қазақ киноматографиясындағы үлкен бір құбылыс деп айтсақ та болады. Бақыт Қайырбеков туралы сөз қозғар болсам, осыған дейін бірнеше авторлық хабарларын тыңдадым. Ол кісінің сөзінің пластикасы, берейін деп отырған оқиғаны түйсінуі, сөздің мәнері, дыбыстаудағы дауыс ырғағы қандай әсерлі. Мұндай туындылар әсіресе жастарға керек. Тарихты тек кітаптан оқу арқылы ғана емес, деректі фильм арқылы тану, сезіну әдеқайда жүрекке жақын. Бұл ойланатын, ой туғызатын көркем шығарма. Туындының ғұмыры ұзақ болатынына сенемін.
Фильмнің әр сериалы өз алдына туынды болып табылады, онда көшпелі халықтардың ежелгі заманнан бергі дүниетанымы жайлы, әлемдік өркениет пен «мәдениеттер байланысы» жетістіктер мен жаңалықтар, жабайы жылқыны қолға үйрету мен алғашқы металлургиялық пештердің пайда болуы, үзеңгі мен оттың және өзге де әлемдік өркениеттің құндылығы болып табылатын ноу-хауларды аша түседі.
Ұлыбританияның танымал киногері Валвин Кент:
Қазақстанға бүгін таңертең келдім. Осындай тарихи фильмнің тұсаукесеріне тап болғаныма өте қуаныштымын. Киногер ретінде туындыны жоғары бағалаймын. Әрине аудармасы болмаса да, фильмнің визуалды келбетіне, тағылымдық сюжетіне көңілім толды. Бір аптадан кейін Берлин кинофестиваліне қатысамын, сол кезде міндетті түрде кино саласының майталмандары бас қосатын жиында бүгінгі деректі фильм туралы айтатын боламын. Лондонда жыл сайын өтетін кинофестивальдерге тарихи тақырыпқа құрылған қазақстандық туындыны да қатыстыруға тырысамын. Мен Ұлыбританиядағы 9 жергілікті телеарнаның иегері болып табыламын. Алдағы уақытта міндетті түрде «Аспанның мәңгілік назарында» атты тарихи сипаттағы деректі фильмді британ телевизиясында көрсетуге уәде беремін.
Деректі фильм тек тарихи ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының ұлы мұрасы саналатын мифологияға, фольклор мен этнографияға негізделген философиялық, дүниетанымдық болып есептеледі.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ