Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Тарақты руы

30 Желтоқсан 2015, 03:25

Тарақты — Орта жүз құрамындағы тайпа. Тарақты ежелгі одақтар мен мемлекеттердің құрамына енуі жайында әдебиетте деректер кездеспейді.

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

 Тарақты руы

Тарақты — Орта жүз құрамындағы тайпа. Тарақты ежелгі одақтар мен мемлекеттердің құрамына енуі жайында әдебиетте деректер кездеспейді. Оның шығу тегі жөнінде қазақ шежіресінде бірізділік жоқ. Шежіре деректері бойынша ақжолдан қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, керей, тарақты, уақ. Тарақтыдан апай, тоқтауыл, қыдыр, жәші (жасши), әлі, сары, әйтей, қосанақ, алакөз, шәуке,әлеуке, көгедей болып он екі арыс ел тарайды. Басқа шежіре деректерінде Тарақтыны арғын тайпасына жатқызады. Тарақты Қазан төңкерісіне дейін Отралық Қазақстанның Ақтау, Қызылтау, Ортау мекендерін Жоғары Сарысу, Көктің көлі, Есіл, Нұра, өзендерінің бойын мекендеген. 1897 жылғы санақ бойынша Тарақты 4000 түтін, ал 1829 ж. Қарқаралы округінде 9 ауыл, 590 түтін болған.Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Тарақтының Наймантай, Байғозы батырларының есімдері аңызға айналған. Бетпақдаланың Арқа жақ шетінде, Шажағай өзенінің бойында Тарақты Алтыбай батырға ескерткіш-күмбез соғылған. Ұраны — Жауғашар, Байғозы. Таңбасы — тарақ. 

 

Ал, Alashainasy.kz  сайты жариялаған Тарақты руы туралы көлемді мақалада келесідей деректер келтіріледі: «Қазақ тарихында құпиясын ішіне бүгіп жатқан рулар мен тайпалар тарихы көптеп кездеседі. Солардың бірі және бірегейі Тарақты тайпасы. Тарақтылардың 12 атасының басты-басты бұтақтарын анықтауға белгілі жазушы, ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбектің жеке қорында жинақталған материалдар көп көмек көрсетті. Тарақты тарихына байланысты оқырманға ұсынылып отырған осы еңбектің ғылыми бағытын нақтылай түсуде де өзі Тарақты тайпасынан шыққан қазақ рулары тарихын зерттеудің білгірі А.Сейдімбек қолғабысын аянып қалған жоқ. Әсіресе, ғалымның Байғозы батырға байланысты жүйеге түсірілген деректері біздің Тарақты тарихын зерттеу барысында бұл мәселеге арнайы кӛңіл білуімізге ықпалын тигізді».

Тарақты шежіресін бұрынғы зерттеушілерге қарағанда әлдеқайда арнайы тиянақтаған шежіреші Шахзада қажы Махамбетов болып табылады. Бұл кісінің еңбегін Ақселеу Сейдімбек былай деп бағалапты: “Тарақты Шахзада қажының ел шежіресіне ертеден ден қойып жүретінін жақсы білемін. Шежіре түзу, ел ішінің ғибраты мен мол қасиетіне шын ықылас қою үлкен ыждахаттылық пен табанды еңбекті қажет ететін қиын жұмыс. Шахзада қажының осындай қажырлы еңбегінің арқасында Тарақты руының біраз аталары айғақталып, олардың құрылымы сараланып, мол мағлұмат жинақталған.

Мұндай еңбек қазақ тарихына қатысты еңбекке сеп болумен қатар ұрпақ жадын жаңғыртып, оларды рухтандыра түсуге де жәрдемдесетініне шәк жоқ. Шындығында да, бұл еңбекте автор Тарақты аталарының шежірелерін біршама жақсы білетін жекелеген кісілерден алынған деректерді жүйелеп, тұңғыш рет Тарақтының 12 атасының басым кӛпшілігінің шежірелік түзілімін жасап шыққан. Әзірше осы тұрғыдан алғанда бұл еңбекке балама боларлықтай шежірелік жинақ жарық көре қойған жоқ.

Тарақтылардың Орта жүзге ру болып табылатындығы туралы ел арасында таралған аңыз-әңгімелерді Г.Н.Потаниннің «Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки» атты еңбегінен табамыз. Мұнда Тарақтылардың Орта жүзге кіру тарихы және шежіре бастаулары туралы деректер баршылық.

Қазақ шежіресі бойынша Тарақты Орта жүзде «ноқта аға» және арғынның жиені болып есептелінеді. Бұл әрине, кейінгі қазақ шежіресінде қалыптасқан тарихи мәліметтер. Ал Тарақтының шығу тегі және оның қалыптасу тарихы мүлде басқаша болуы мүмкін. Ӛкінішке орай, шежіреден басқа Тарақтының шығу тегі туралы тарихи мәліметтер сақталмаған. Сондықтан да Тарақты тайпасының тарихын білуді мақсат еткен кісілер алғаш оның шежіресімен жан-жақты айналысуы қажет.

Кезінде «Алаш» тарихи зерттеулер орталығынан жарық көрген көптомдық еңбектердегі Тарақтының ежелгі және ерте ортағасырлардағы бабаларына қатысты ғылыми болжамдарымыз және тұжырымдарымыз бұл тайпаның о бастан-ақ ӛзіндік дербес тарихы болғандығын, оның Арғын одағына кейініректе жиен ретінде тіркелгенін айқын байқатады. Барлық негізгі шежірелер Тарақтыны Орта жүздегі дербес тайпа ретінде көрсетуге тырысқан. Оның үстіне бұл тайпаның бүкіл Орта жүзге «ноқта аға» болып келуі оның дербес тайпа ғана емес, қазақ билеушілеріне – төрелерге жақын тұрған және олардың Орта жүз жеріндегі саясатын нақты жүзеге асыратын едәуір беделді тайпа екендігін дәлелдей түседі.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Суреттің авторы Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ 

 

Бөлісу: