Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Алаша руы

29 Желтоқсан 2015, 10:50

Кіші жүздің Байұлы тайпасына кіретін рулардың бірі – Алаша.

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

Алаша руы

Ұраны: Байбарақ

Қазақ халқы қалыптасқаннан көп бұрын Батыс Қазақстан өңірінде маңғыт немесе ноғайлы тайпалар одағы өмір сүрген болатын. Ноғай Ордасынан бөлінген алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Соған байланысты олар ел арасында “Кіші жүз – алшын” атанған. Оның құрамына: 12 ата байұлы (адай, алаша, байбақты, беріш, жаппас, масқар, таз, тана, есентемір, ысық, қызылқұрт, шеркеш), 6 ата әлімұлы (қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей, шекті), 7 ата жетіру (табын, тама, кердері, керейт, жағалбайлы, телеу, рамадан) рулары енеді.

Кіші жүздің Байұлы тайпасына кіретін рулардың бірі – Алаша. Ноғайлы кезінде Еділ бойында Алаша деген үлкен ру болды деген аңыз бар. Оны Мұсаханұлы Мамай мырза билеген дейді. Елді билеуге оған інілері Тоқта мен Орақ көмектескен. Алдаушылықпен Мамай Алтын Орда хандарының тағын жаулап алады. Өз билігін Еділ бойынан Солтүстік Кавказға асыра бастайды. Тоқта мен Орақ мырзалар бастаған қалын қол Еділ бойынан Қобан өзеніне қарай өтеді. Еділ өзен бойындағы қыраттан Қобан жақтағы ойпатқа түскен жері "Алашалардың түскен жері деп аталады".

XVII ғасырдың басында Байұлы рулары Еділ, Жайық, Жем өзендерінің бойынан Сыр және Жетісу аймақтарындағы туыс қазақ руларына көшуге мәжбүр болады. Оның себебі қалмақтардың жиі шабуылдары. Сол кезде өмір сүрген Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қолбасшыларының бірі Марғасқа жырау Алаша руының өкілі болып табылады.

XVII ғасырдың аяғында - XVIII ғасырдың басында Кіші Жүз рулары Батыс Қазақстанға қайтып бастайды. Алаша руы туыс Байбақты, Тана, Масқар, Қызылқұрт руларымен бірге Сыр бойынан өтіп Жайық өзінінің орта ағысына қарай көшеді. Қазақ қалмақ соғысы кезінде Алаша руынын қолын Байбарақ Құдайқұлұлы бастайды. Жекпе жекте қалмақ баһадүрін женіп Алаша руының ұранына айналады. Сондай-ақ, Алаша руы Кіші жүзде болған Сырым батыр, Исатай мен Махамбеттін көтерілістеріне белсене қатысқан. 1801 жылы Бөкей хан Нұралыұлы Еділ мен Жайық арасында Бөкей Ордасын құрады. Бөкей Ордасында Беріш руынан кейін екінші саны ең көп ру Алаша руы екен.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Дизайнер: Арман Қалибекұлы

Бөлісу: