19 Ақпан 2015, 09:51
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Биыл еліміз тұңғыш мемлекетіміздің негізін қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өтпекші. Бұл ұлы мерейтойдың өткізілуі Елбасымыздың 2014 жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ресми түрде мәлімденіп, Қазақ хандығының 550 жылдығына Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие деп баға берілген болатын. Елбасымыз атап өткендей Қазақ хандығының құрылған сәтін атап өту қазақстандық мемлекеттіліктің және отаншылдықтың нығаюына септігін тигізуі тиіс. Өткен деректерге және қазіргі қолданыстағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақ хандығына дейін біздің аумағымызда өткен Сақ, Ғұн, Түрік қағанаттары, Алтын Орда, Көшпелі өзбек мемлекеттері және басқа да этникалық қоғамдастықтар мен мемлекеттік құрылымдардың дәуірлер өткендігі белгілі. Соның ішінде XV ғ. бірінші жартысында батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерде бұрынғы Ақ Орданың орнына «көшпелі өзбектер» мемлекеті құрылады. Бұл мемлекеттің негізін Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын Шайбанның ұрпағы Әбілхайыр хан қалайды. Ол билік құрған 40 жылдың ішінде сыртқы саясатында Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғыстар жүргізіп, ішкі саясатында Дешті-Қыпшақтағы бытыраңқы жатқан өзбек тайпаларының басын қосып, бір орталыққа біріккен мемлекет құруға тырысты.
Алайда, 1457 жылы Сығанақ түбінде Өз-Темір тайшы бастаған ойраттардан жеңіліп, олармен масқара ауыр шарт жасасуы және ішкі талас-тартыс кезінде үлкен ұлы Шах-Будаг-сұлтанның өлтірілуі Әбілхайырдың мемлекет ішінде қатал тәртіп орнатуға итермелейді. Ал бұл іс-шаралар көшпелі өзбек тайпаларының оған деген өшпенділігін одан сайын күшейтіп жібереді. Әсіресе Әбілхайыр хан өзінің саяси қарсыластары – Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды қудалауы салдарынан Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар қарамағандағы ауылдарымен Шу өзенінің бойына көшіп кетуге мәжбүр болды. Осылайша Керей мен Жәнібектің басшылығымен Шу өзенінің бойындағы Мойынқұм өңіріне қоныс аударған өзбек тайпаларының бір бөлігі қазақ хандығының құрылуына тікелей ықпал жасады. Қазақ хандығы туралы нақты мәліметтер беретін Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди», Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Махмуд бен Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», Әбілғазының «Шежіре-и Түрк» және басқа да шығыс деректеріне назар аударсақ Әбілхайырға қарсы өзіне одақтас іздеген Моғолстан ханы Есенбұға Шуға көшіп келген Керей мен Жәнібекті қарсы алып, қоныстанатын жер береді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді...». Осы деректерге назар аударсақ Қазақ хандығының тағына алғашқы болып Керей отырса (1458-1473 жж.), кейін оны Жәнібек хан алмастырады (1473-1480 жж.). Бастапқыда Қазақ хандығының аумағы Шу өзені мен Талас өзенінің алқабы және батыс Жетісумен шектеліп, онда мекендеген тайпалар Дешті-Қыпшақтан қоныс аударған тайпаларымен етене араласып кетеді. Осылайша 1465 жылы негізі қаланған Қазақ хандығының құрылуы Отан тарихындағы төтенше маңызды оқиғаға айналып, Орталық Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ – қазақ халқының қалыптасуына жағдай жасады.
1462-жылы Моғолстан ханы Есенбұғаның қайтыс болуы Қазақ хандығының одан әрі күшеюіне жол ашты. Өйткені Моғолстан ханының өлімі мемлекеттегі ішкі феодалдық қырқыс пен Амасанжы Тайшы бастаған ойраттардың шабуылына алып келіп, мемлекеттің шаңырағын шайқалтты. Сондай-ақ, 1468 жылы Әбілхайырдың өз алдына бөлініп кеткен қазақтарды жазалау мақсатында жорыққа шығып, жол үстінде қаза табуы да жаңадан құрылған Қазақ хандығының нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті. Әсіресе, Әбілхайыр ұрпақтарының билік үшін өзара талас-тартысы биліктің әлсіреуіне әкеп соғып, мемлекеттегі тайпалардың жаппай Қазақ хандығына қосылуына ықпал жасады. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады: «... Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды; (онда) ірі-ірі шиеленістер басталды. Үлкен бөлігі (оның қол астындағылардың) Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне (жиналған адамдардың) саны екі жүз мыңға жетті. Оларды өзбектер – «қазақтар» деп атады».
Яғни, Әбілхайыр хандығынан көшіп келген тайпалардан едәуір әскери күш жинаған Керей мен Жәнібек Әбілқайыр хандығы мен Моғолстанның құлдырауын пайдалана отырып, Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісуді мекендеген көшпелі тайпаларды біріктіру жолындағы күреске емін-еркін араласып кетеді. Осыған байланысты Қазақ хандары алдарына стратегиялық үш міндетті шешуге тырысты. Оның біріншісі Дешті – Қыпшақта ерте кезден қалыптасқан мал жайылымдарын пайдаланудың тәртібін қалпына келтіру, екіншісі Сыр бойындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Ясы (Түркістан) және тағы басқа да қалаларының үстінен өтетін сауда керуен жолдарын өздеріне карату, үшіншісі ортақ бір тілде сөйлейтін көшпелі тайпалардың басын қосып, тұтас этникалық аймақты қалыптастырудан тұрды. Осындай стратегиялық мәселелерді шешуде Қазақ хандығына Сырдария бойындағы қалаларды қарату ерекше маңызды еді. Бірақ, Сыр бойындағы қалалар үшін Қазақ хандығына қарсы Әбілхайырдың ұлы Шайх-хайдар және немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан тайталасқа түсіп, сол кездегі Қазақ хандарының басты қарсыластарына айналады. Сондықтан Қазақ хандары шайбанидтерге төтеп беру үшін Жошының басқа ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд хан, Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан және Ноғай мырзалармен одақтасуға ұмтылады. Нәтижесінде Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханның қолынан қаза тапса, Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханға қашып барып паналайды. Алайда Мұхаммед Шайбани Астрахан қоршауын бұзып шығады да Дешті Қыпшақтағы тайпалардың бір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға келіп, Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып Мұхаммед Мәзит Тарханнан Түркістан өлкесін тартып алады. Оның қол астына Самарқан, Бұхара сияқты үлкен қалалар өтеді. Осылайша Мұхаммед Шайбани жағдайын нығайтқан соң қазақтарға қарсы күресін қайта жалғастырды. Нәтижесінде Сыр бойындағы қалалар үшін соғыстар отыз жылдан астам уақытқа созылып, жеңістер мен жеңілістер жауласушы екі жақтың да үлесіне тиіп отырды. Мәселен, 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей Түркістанға шабуыл жасаса, Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын, оның інісі Еренжі Сауранды басып алады. Осылайша Сыр бойындағы маңызды қалалардың бірі – Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына өтеді. Алайда, екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйену арқылы Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын өзіне қаратуға сәті түседі. Бірақ, Бұрындық және Махмұд сұлтандар басқарған қазақтың әскерлері Қаратаудағы Соғынлық асуы түбінде Созақ пен Сығанақ аралығында Мұхаммед Шайбани әскерлерін талқандап, Сығанақ қаласын қайтарып алды да, Мұхаммед Шайбаниды Маңғыстауға қашуға мәжбүрлейді.
Дегенмен Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін таққа отырған Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да тоқтамайды. Осы кезде Сыр бойындағы қалаларды иелену жолындағы күреске Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд араласып кетеді. Мұхаммед Шайбани болса Моғолстан ханына болысып, оның қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алады. Үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани, Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1486 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды. 1482-1485 жылдары Моғолстан ханы Жүніс Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды. Моғолстан билеушілері Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы Қазақ хандығымен одақтасты. ХV ғасырдың аяғында Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Отырар қаласын басып алып, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Сонымен қатар, Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яссы қалаларын басып алды. Бұл жорыққа жауап ретінде Қазақ ханы Бұрындық хан шұғыл түрде әскер жинап, Сығанақ каласын қоршауға алады. Көп кешікпей қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне бекіністін қақпасын ашып береді де Сығанақ қайтадан қазақтардың қолына өтеді. Сауран қаласының халқы да қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Шайбанидың қаланы билеуге қалдырған туыстарын ұстап алып, Бұрындық ханға беріледі. Бұдан соң қазақтар Түркістан мен Аркөк қалаларын қоршап оны да басып алады. Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбанға қарсы Созақ қаласына бағыт алады. Созақ қаласының тұрғындары Бұрындыққа көмек береді, қала қазақтардың қолына көшті. Көп ұзамай Сауран да Бұрындық ханның қолына түсті. Ал, Отырарды қоршау 90-жылдардың соңында Мұхаммед Шайбани мен Бұрындық ханның өзара бітім жасасуымен аяқталды. XV ғ. аяқталар тұсындағы күрестің қорытындысы - Қазақ хандығы құрамына Созақ, Сығанақ, Сауран қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі болды, Отырар, Яссы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі. Далада билік жасау үшін күресуге Мұхаммед Шайбанидің нақты күші болмады. Іс жүзінде ол тек Сырдария маңындағы жерлер үшін күресумен шектелуге мәжбүр болды. Ал Қазақ хандығы болса өзінің ең жоғары қуаттылығына XVI ғ. бірінші ширегінде Қасым хан (1511-1521 жж.) тұсында жетті. Іс жүзіңде ол елді Бұрындық кезінде-ақ басқара бастады. Оның басқаруынан бастап билік жүргізу Жәнібек ұрпақтарының қолына көшті. 1513 жылы күзде Шу өзені жағасында Қасым хан мен Шағатай ұрпағы Саид ханмен кездескенде, Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәліметі бойынша: «Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындаған еді». Бұрындық ханның тұсында Қасым әскери қолбасшы болды. Мұхаммед Шайбани ханның 1504 жылы көктемдегі Әндіжанға жорығы тұсында Қасым хан маңғыттардың көмегімен бүкіл Қыпшақ даласына үстемдікті қолына алды.
Мұхаммед Шайбани жорықтарының біріне (1509 ж.) қатысушы Фазлаллах ибн Рузбехан Исфахани тоналған Жаныс сұлтан ұлысынан басып алынған олжаның соншалықты мол әрі әр түрлі болғанын хабарлаған. Сол жылы үй аспаптарымен, жиһаздарымен, киім-кешекпен, әр түрлі тауарлармен бірге, көліктерге тиелген оң мыңнан астам қазақ киіз үйлері, «санына есеп жетпейтін» мініс заттары, сиырлар, түйелер, қойлар басып алынған екен. Бұл мәліметтер қазақтардың тек экономикалық жағынан қуаттылығы туралы ғана емес, сонымен бірге толассыз соғыстардың оларға келтірген зор шығындары туралы да ой жүгіртуге мүмкіндік берсе керек. Шайбанидің қазақтарға қарсы жорығы нәтижесінде оған қазақ әскерлерінің Түркістан алқабы сыртына қарай уақытша ысырып тастаудың сәті түскен еді. 1510 жылы Мұхаммед Шайбани Сығанаққа қайтадан келді, бірақ Қасым әскерлері оларды талқандап, тірі қалғандары Самарқандқа қашты. Сол жылдың сонында Мұхаммед Шайбани Мерві түбіндегі Хорасанда Иран шахымен шайқаста қаза тапты. Сырдарияда орнығып қалу үшін Қасым Орта Азиядағы саяси жағдайды тиімді пайдаланды. Мұхаммед Шайбани ұрпақтарының Темір әулеті Захир ад-Дин Мұхаммед Бабурмен талас-тартысы шайбанилердің көңілін Түркістаннан басқа жаққа аударып әкетті. Оның оңтүстіктегі бірқатар қалалары Бабурдың билігін мойындады. Ол Сайрамға Қатта-Бекті уәли етіп тағайындады. Бірақ, көп кешікпей, 1512 жылы Шайбани Убайдаллах сұлтан Бабурды жеңіп шықты, соңғының уәлилері бұлардың иеліктерінен қуылды. Сайрамда қоршауға алынған Қатта-Бек өзбектерге қарсылық көрсетіп, ол бекіністі бүкіл қыс бойы қол астында ұстады. 1513 жылы ерте көктемде Қараталда қыстап жатқан Қасым ханды бекіністі өзіне өткізуге уәде беріп, көмекке шақырды. Қасым оның ұсынысын қабыл алды, мұнан соң Қатта-Бек Қасым ханды сол кезде Ташкентті билеп тұрған Шайбани Сүйін қожаға қарсы аттануға көндірді. Қала төңірегін тонап, қазақтар Сайрамға қайтып оралды. Қасым Моғолстанның ханы Сұлтан Саидпен достық қарым-қатынасын үзбеді. Моғол ханы Қасым ханға сол жылғы жаздың аяғына таман Ташкентке бірлесіп жорық жасауды ұсынды, алайда Қасым хан: «қыс қамын ойластыру керек және бұл кезде әскерді (жиыстыру) мен сапқа тұрғызу іске аспайтын тірлік» дегенді дәлел етіп, оның ұсынысынан бас тарты. Қасым хан қазақ жерінің кең-байтақ далалық кеңістігінде өз үстемдігін нығайтты. 1514 жылы Сұлтан Саидтың Шығыс Түркістанға кетуі қазақ ханының Жетісудағы билігінің нығая түсуіне себепші болды. Батыста оның қол астына Ноғай Ордасының дағдарысын бастарынан кешірген рулар мен тайпалар топтары көшіп келді. Хандықтың шекарасы Жайық өзені алабына дейін кеңейді, оңтүстікте Қасым ханның иеліктері Сайрам уәлаятын қоса Сырдарияға дейін жетті, солтүстік пен солтүстік-шығыста Қасымның иеліктері Ұлытау мен Балқаш көлінен ары аса алысқа созылып жатты.
Қасым ханның тұсында қазақтардың саны миллион адамға жеткен. Оның билік ету уақытында Қазақ мемлекеті туралы батыс елдері де білді. Таныды. Қасым хан Ұлы князь Василий ІІІ (1505-1533 жж.) кезіндегі Мәскеу мемлекетімен дипломатиялық қатынаста болды. Мәскеуге бірнеше рет келген (1517 ж., 1526 ж.) Австрия дипломаты Сегизмунд Герберштейн өзінің дипломатиялық жазбаларында Қазақ хандығы туралы айтқан.
Қасым хан кезінде Қазақ хандығы біраз күшейді. Мұхаммед Хайдар Дулати ол туралы: «қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес» деп жазды. Жалпы алғанда Мұхаммед Шайбани ханның Дешті Қыпшақтан ығысып барып Мауреннахрды жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп келген Мауреннахрға келген көшпелі тайпалар бірте отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы өзгешеліктерінен айырылды. Сонымен қатар, бұл тарихи үрдіс бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын біріктіруге, қазақтың этникалық территориясын анықтауға, сонау 6-7-ғасырдан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтатуға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырап, «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналса, «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орталық Азияда ғана қолданылатын болды. Сондай-ақ, Қазақ хандарының Сырдария алқаптарының бір бөлігін қосып алу қазақ хандарының елді тұтас біріктіру жолында табысқа жетуінің кілтіне айналды. XV ғ. аяғында мемлекеттердің әуел бастағы шекаралары кеңейе түсті. Оған Батыс Жетісумен, Оңтүстік Қазақстандағы жоғарыда көрсетілген қалалармен бірге далалық өңірлерімен Қаратау аймағы, Сырдария мен Солтүстік Арал алқаптары, Орталық Қазақстанның едәуір бөлігі енді.