Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы

2 Қыркүйек 2015, 09:47

18 ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы

18 ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы

Тәуке хан (1680-1715) билік еткен жылдары қазақ хандығы орталықтандырылған мемлекет болып қала берді. Қазақ хандығында бейбіт өмір орнады, заңдар қатаң сақталды, тайпааралык алауыздык азайды. Шиеленіскен ірі даулар мен айтыс-тартыстар беделді билердің тікелей араласуымен шешіліп отырды. Барымта-карымта, жайылымдар мен су көздерін бөлісу жөніндеп алауыздықтар мейлінше азайды. Қазақтың әскери жасақтарының жауынгерлік кабілеті күшейді. Ішкі ауызбірліктін арқасында елдің орасан зор аумағының тұтастығы сақталды. Қазақтар солтүстігінде орыстардың Тара қаласынан бастап, оңтүстігінде Ташкент қаласына дейінгі, батысында Жайық (Орал) өзенінен бастап, шығысында Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді иеленді. Қазақтардың Еділ (Волга) өзені аймағында көшіп-қонып жүрген кездері де болды.
Тәуке хан тарихқа «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасаған билеуші ретінде кеңінен танылды. Оның кезінде құрамында қазақ даласының данышпандары атанған аса беделді Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бар билер кеңесі құрылды. Олардың жеке тұлғалары мен аттарының өзі бүкіл қазақ халқының және Қазақ хандығының бірлігі мен біртұтас топтасқандығын білдірді. Тәуке ханның кезінде қазақтардың үш жүзінің ең таңдаулы да беделді деген өкілдері жыл сайын бас қосып, аса маңызды мәселелерді талқылап, шешім қабылдап отырды. Ондай жиын Оңтүстік Қазақстанның аумағындағы Күлтөбе деген жерде өтіп тұрды. Атақты ханның ордасы орналасқан қала қасиеттіТүркістан болды. Қазақтар Сырдария өзенінің өңіріндеп 32 қалаға иелік етіп, басқарып отырды. Тарихшы ғалымдар Тәуке хан билік құрған уақытты Қазақ хандығының «алтын ғасыр» кезеңі деп бекер атамаған. Атақты орыс тарихшысы А.И. Левшин осы билеуші туралы былай деп жазады: «Ол оларды, тайпаларды, өліспей беріспейтін алауыздықтан арылтты, олардың арасындағы бірнеше жылга созылған қанды қырғын сойқанды тоқтатты, ол өзгелердің бәрін де асқан ақыл-парасатымен, қара қылды қақ жарган әділеттілігімен өзіне бағындыра білді».

Тәуке ханның XVIII ғасырдың бас кезіндегі сыртқы саясаты

Хандықтың біртұтас бірлігін және оның шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен Тәуке хан күшті де ықпалды сыртқы саясат жүргізді. Сөйтіп ол қырғыздармен және қарақалпақтармен әскери одақ құруға қол жеткізді. Бұл шараның арқасында Қазақ хандығының аумағына Жоңғар қалмақтарының шабуыл жасауынан төнген қатерді тоқтатудың сәті түсті.
Тәуке ханның бүкіл қызметі көрші халықтармен тату-тәтті, жақсы қарым-қатынас орнатуға және Қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауға бағытталды. Оның осы мақсатпен Ресейге және Орта Азия хандықтарына бірнеше рет елшілер жібергені жақсы мәлім. Оларға жүктелген міндет сыртқы жауларға қарсы күресу үшін әскери одақ құрып қайту болды.
Тәуке ханның жасағы 80 мыңға жуық жауынгерден тұрды. Мұның өзі жатжерлік басқыншыларға тойтарыс беруге қабілетті едәуір үлкен күш еді. Елдің әскери күш-қуатын нығайтқан аса көрнекті еңбегі үшін және жаумен қанды шайқастарда көрсеткен жеке ерлігі үшін оған батыр атағы берілді.

Қазақ хандығының ыдырай бастауы

Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды. Оның мұрагері Қайып хан Қазақ мемлекетінің бұрынғы ұлылығын берік ұстап тұра алмады. Жаңадан келген билеп-төстеушіге сұлтандардың топтары тарапынан наразылык күшейіп, бақ таласы мен тақ таласы өрши түсті. Қазақ даласында жоғары билік жолындағы күрес шиеленісе берді. Мұның өзі дәстүрлі қазақ хандығын дағдарысты күйзеліске ұшыратты. Рулар, тайпалар және жүздер арасындағы бірлік пен байланыс әлсіреді. Баяғы алтыбақан алауыздық қайтадан қозды. Сұлтандардың аймақтық сепаратизмі күшейді. Қазақтың барлық жүзінің өз ішінде келте хандары пайда бола бастады. Орталык хандық биліктің әлсіреуі Кіші жүзде - Әбілқайырдың, Орта жүзде - Болаттың, Сәмекенің, Кушііктің, Ұлы жүзде — Жолбарыстың, Иманның жағдайын әлдеқайда нығайта түсумен жалғасты.
Бұл хандармен қатар қазақ даласында Барақ, Әбілмәмбет, Батыр, Сұлтанбет сияқты басқа да сұлтандардың беделі арта берді. Атап айтқанда, Сұлтанбет өзінің толып жатқан ұлдары арқылы Ертіс бойы қазақтарына билік жүргізді. Оның жергілікті қазақтардың арасына ғана емес, сонымен қатар шекаралас орыс өкіметі орындарына да елеулі ықпалы болды.

Сырттан төнген қауіп-қатердің күшеюі

XVIII ғасырдың бас кезінде қазақ мемлекетінің іштен ыдырауы күшейе түскен жағдайда, ол сыртқы алпауыт мемлекеттердің тарапынан ерекше қызығушылық тудырған нысанға айналды. Өйткені бұл кез империялық мемлекеттердің жаңа отарларды басып алуды күшейткен тұсы еді. Егер Үндістан аумағында Англияның отаршылдық экспансиясы ұлғая түсіп жатса, Ресей Швециямен соғыс әрекеттері (1701—1721 жылдар) аяқталғаннан кейін, Қазақстан мен Орта Азияға қарай көз алартты.
Қытай мен Ресей империясы Қазақ хандығы мен Жоңғария хандығы сияқты көшпелі мемлекеттердің әлсіреуіне бірдей мүдделі болды. Ресей империясының Қазақстанмен шекаралас аймақтардағы негізгі қызметі дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуды және әскери барлау шараларын жүргізуді еселеп күшейтуге бағытталды. Бұл шаралар қазақтар көшіп-қонып жүретін шекарада әскери бекіністер желісін салуды жиілендіріп жіберді. Мәселен, 1716-1720 жылдардың кезеңінде Ертіс өзенінің оң жақ жағалауында Омбы, Черкасск, Железинск, Жәмішев, Семей, Өскемен сияқты және басқа да әскери бекіністер тізбегі салынды. Кейінірек олардың ара-арасына шағын бекіністер — редуттер мен форпосттар салына бастады.
Бұл кезде қазақтар Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Орал және Сібір Қазақтарының тарапынан мезгіл-мезгіл жасалып тұрған шабуылдардың ауыр зардаптарын бастарынан кешірумен болды. Ал олардың бәрі де патша үкіметінің қол астына қарайтын орыс бодандары еді. Қазақтарды оңтүстіктен Орта Азия хандықтарының билеушілері, ал Оңтүстік-шығыстан жауынгер жоңғар қалмақтары ығыстыра түсті. Жалпы алғанда, бұл кезде Қазақ мемлекетінің шекараларында өте күрделі де қауіпті жағдай қалыптасты.

Жоңғарлардың Қазақстан аумағына шапқыншылығы

Қазақстанға нақты қауіп-қатер қуатты көшпелі Жоңғар мемлекетінің тарапынан төнді. Жоңғар қонтайшылары Қазақстанның кең-байтақ аумағын басып алуға талай рет белсене әрекет жасады. Сөйтіп қазақтар мен жоңғарлар арасындағы билік жолындағы күрес жүз жылдан астам уақытқа созылды. Қазақтардың жоңғарларды «ата жауымыз» деп атауы сондықтан болатын. Екі мемлекеттің арасындағы бақталас жанжалдың негізіне шұрайлы мал жайылымдарына қызығушылық жатты.
1697 жылы жоңғар хандығының басына жас әрі қуатты билеуші Цеван-Рабтан (1663-1727) келді. Ол қысқа мерзімнің ішінде өз хандығының әскери күш-қуатын нығайтып алды. Цеван-Рабтан өзінің билікке кіріскен кезін Қазақстанның аумағына баса-көктеп кірген шапқыншылықтан бастады. Сөйтіп 1698 жылы 40 мың жауынгері бар жоңғар әскері Ұлы жүздің көшіп-қонып жүрген шұрайлы мал жайылымы аумағына ойран салған қырғын шапқыншылық жасады. Қаһарлы дұшпан қазақтардың көшіп-қонып жүрген жерлеріне бұдан кейінгі жылдарда да талай рет әскери жорықтарға шықты.
Жоңғар әскерлерінің Қазақстан аумағына баса-көктеп кірген ең ірі жорықтары 1710 және 1717 жылдары болды. Жау әскерлері өздерінің көптігі мен әскери-техникалық жағынан басымдығы арқасында Жетісу жерінің бір бөлігін басып алды, Жоңғар хандығы қуатты мемлекетке айналды. Ол енді Қазақ хандығына ғана емес, сонымен қатар Орта Азия мемлекеттеріне де қауіп төндіре бастады. Ресей империясы мен Қытай сияқты күшті мемлекеттерге де едәуір қауіп төндірді.

Қазақтардың жауға қарсы күрес ұйымдастыру әрекеттері

Сыртқы жауларға қарсы тұру үшін қазақтардың бүкіл үш жүзінің күш-жігерін біріктіру өте-мөте қажет болды. Осы мақсатпен 1710 жылы қазақ халқының беделді өкілдері жиынға шақырылды. Қазақ ақсүйектерінің құрылтайы Қарақүмда өткізілді. Онда Бөгенбай батыр бастаған бүкілқазақтық жауынгерлік жасақ құру жөнінде шешімқабылданды. Құрылтайда Бөгенбай батыр жалынды сөз сөйледі: «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның бейшара бақылаушысы болып отырман. Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Қыпшақ даласының сарбаздарының жалтарған кезі болды ма?! Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алман?! Жауға мінер түлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!» — деді.

Әбілкайыр хан

Жоңғарлар тарапынан күшті қауіп-қатер төніп келе жатқан сол бір қиын-қыстау жағдайда құрылтай жиналысы Кіші жүздің ханы етіп Әбілқайырды сайлады және оған бүкілхалықтық жауынгерлік жасаққа жалпы басшылық етуді сеніп тапсырды. Біріккен қазақ жасақтары 1711 жылы жауға тойтарыс берді. Жоңғарлар шығысқа ығыстырылып тасталды.
1717 жылы қазақ әскерлері мен жоңғар әскерлерінің кескілескен қанды шайқастары болып өтті. Біріккен, орталықтан басшылықтың болмауы себепті қазақ жасақтары жеңіліп қалды. Жоңғар әскерлері Қазақстанның Оңтүстік аймақтарына бойлап ене бастады. 1718 жылдың көктемінде жоңғар әскерлері Жетісу жерінен енді Арыс, Бөген, Шаян өзендерінің бойына, одан әрі Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына дейін жорық жасады. Сол бір күрделі де қатерлі қиын-қыстау жағдайда қазақтар жалпы саны 30 мың адамдық әскер жинауға мүмкіндік таба алды. Сөйтіп жоңғар әскерлерін Оңтүстік Қазақстанның едәуір бөлігінен ығыстыра қуып шықты. Бірақ жоңғарлардың тағы да шапқыншылық жорық жасауының қауіп- қатері сақталып қала берді.

Қазақтардың қару-жарағы

Көшпелілер өздерінің қару-жарағы болуын мәртебе санады. Мәселен, кару-жарағы жоқ қазақтар құрылтай жиналысына жіберілмеді. Өздері туып-өскен кең-байтақ даланың әр сүйем жерін қорғап қалу жолында жиі-жиі күреске шығуға тура келді. Сондықтан да қару-жарағы бар, оны шебер қолдана білетін адамдарға деген құрмет жоғары еді. Қазақтарда рулық-тайпалық жасақ кұру дәстүрі де болған. Оны сол рудың басшылары басқарған. Ондай жасақтар негізінде жауынгерлік қабілеті күшті атты әскер түрінде құрылатын. Даланың әрбір тұрғыны Отанға қауіп төнгенде, елін қорғау үшін қару-жарағын асынып атқа қонды.

XVIII ғасырдағы қазақтардың қару-жарағы

Әр рудың, әр тайпаның өз жауынгерлік ұраны болатын. Әр қазақ бала кезінен бастап ат құлағында ойнауға және қару-жарақ түрлерін шебер қолдануға жаттығатын. Аң аулауға шығу, дәстүрлі ат-спорт ойындары және басқа да жарыс түрлері далалықтардың бойында ерекше жауынгерлік қабілеттерді қалыптастыратын болған.
Қазақтар қару-жарақтың найза, қылыш (семсер, наркескен, селебе), садақ, айбалта, гүрзі-шоқпар сияқты түр-түрін пайдаланған. Мүмкіндігі неғүрлым мол жауынгерлер үстіне болат сымнан тоқылған сауыт, басына темір дулыға киетін. Қару-жарақтар жасайтын темір ұсталары далалықтардың құрметіне бөленетін. Тіпті темір ұсталарына табынатындар да болған. Қазақтар қайың шоқпарлар мен сойылдарды да, білтемен от алатын мылтықтарды да қару ретінде ұстайтын. Оқ-дәрі қолдан жасалатын, бірақ оның сапасы төмен болатын. Дала тұғындары мылтық пен оқ дәріні Орта Азия хандық- тарынан, кей-кейде башқұрттар мен қалмақтардан сатып алатын. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап садақ, найза, сүңгі, семсер, айбалта сияқты қарулар қолданудан бірте-бірте шыға бастады. Қазақтар ендігі жерде оқ ататын қаруды көбірек пайдаланатын болды.

Әскери әдет-ғұрыптар

Қазақтар әскери әдет-ғұрып жоралғыларына елеулі мән беретін. Ежелден келе жатқан әскери әдет-ғұрыптардың бірі - алғадай. Соғысатын жақтар әдетте ұрыс басталар алдында өздерінің батырларын жекпе-жек шайқасқа шығаратын. Онда жеңілген жақтың аты мен қару-жарағы олжаға алынатын. Ондай жекпе-жекке көбінесе жас та ер жүрек жауынгер шығарылатын. Ол атақты батырлардың бірінен бата алатын. Міне, ер жүрек сол жас жауынгер алғадай деп аталатын. Жауынгер жекпе-жекте тірі қалатынын немесе ажалы жетіп өлетінін алдын ала ешқашан анық біле алмайтын. Алғадайдың ең басты міндеті — қарсылас жауының көзін жою немесе ең болмағанның өзінде, оны әбден титықтата әлсірету болып табылатын. Қалыптасқан халық дәстүрі бойынша, алғадайға түсетін жауынгердің жаназасы оның көзі тірі кезінде шығарылып қойылатын.

Бөлісу: