Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін Жансая Мусина жеңіп алды

27 Тамыз 2015, 12:01

Айтысты жүргізген Жүрсін Ерманның хабарлағанындай, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сөз сайысы мұнымен бітпейді.

25 тамыз күні Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Тарихы терең Қазақ елі» атты республикалық ақындар айтысы мәреге жетті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Бөкей ордасы ауданынан қатысып, осы айтыста жарқырай көрінген Жансая Мусина бас жүлдені (1,5 млн. теңге) жеңіп алды. Араға он жыл салып, додаға қайта қосылған, Қазталов ауданы Жалпақтал топырағынан түлеп ұшқан, қазір Астана қаласында тұратын Жібек Болтанова бірінші жүлдеге (1 млн. теңге) лайық деп табылды. Арқалық қаласынан келген арқалы ақын Айбек Қалиев пен астаналық Әсем Ережеқызы - екінші, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен БҚО-ның Жәнібек ауданынан шыққан Мұрадым Мирланов үшінші орынды иеленді. Қатысқан барлық ақындарға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Сонымен қатар батысқазақстандық сегіз ақынға облыс әкімінің стипендиясы тапсырылды.

 

Айтыстың жабылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар еліміздің батысы мен шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде ұйымдастырылып, ел еңсесін көтере түсуде.  Қазылар алқасының төрағасы, аты алты алашқа мәлім өнер тарланы Асанәлі Әшімовтің айтуынша, Хан ордасындағы айтыс көпшілік көңілінен шықты. Ақындар елдің көкейінде жүрген келелі мәселелерді қозғай білді. Соның ішінде хандарымыз бен батырларымызды, басқа да ұлы тұлғаларымызды қастерлеп, есімдерін мәңгі есте қалдыру, елдің бүтіндігі мен тыныштығын сақтап, шекарасын нықтау, Жәңгір іргесін қалаған, облыс орталығынан 550 шақырым қашықтықта жатқан Хан ордасына тақтай тегіс жол салу сынды өзекті жайттар сөз болды.

Хан ордасы ауылындағы Қа­зақ хандығының 55O жылдық мерейтойына арналған шара­лардың екінші күні ерекше басталды. Бұл күні қасиетті Бө­кей топырағына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келді. Вице-премьерді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бастап жүрді.

Бердібек Сапарбаев бастаған делегация әуелі ауыл іргесіндегі Жәңгір ханның, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының, көр­некті өлкетанушы ғалым Мұха­мед-Салық Бабажановтың кесе­нелеріне тәу етіп, әйгілі тұлғалар­дың рухына Құран бағыштады. Содан кейін Қазақстан мен Ресейдің белді тарихшылары бас қосқан «Тарих қойнауынан қазіргі заман­ға дейін» атты халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция­ның жұмысына қатысты. Бердібек Мәшбекұлы Қазақ хандығының 55O жылдық мерейтойы Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тікелей бастамасымен және тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғандығын қадап айтты.

Айтысты жүргізген  Жүрсін Ерманның хабарлағанындай, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сөз сайысы мұнымен бітпейді. Осы айтыста жақсы көрінген батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров 20-21 қыркүйекте Алматыда, 1-2 қазанда Ақтөбеде өтетін республикалық додаларға жолдама алды.

Дария Жұмалиева

Бөлісу: