Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған ең маңызды 10 шара

9 Ақпан 2015, 09:45

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өту туралы ұсынысы жалпыхалықтық қолдауға ие болып, еліміздің түкпір-түкпірлерінде маңызды датаны атап өтуге арналған шаралар басталып кетті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өту туралы ұсынысы жалпыхалықтық қолдауға ие болып, еліміздің түкпір-түкпірлерінде маңызды датаны атап өтуге арналған шаралар басталып кетті. Қаңтар айының өзінде бірнеше отырыстар өтіп, шараны өткізу жоспарлары талқыланды. Ғалымдар мен қоғам қайраткерлері ұсыныстарын білдіріп, ойларын ортаға салды. Нәтижесінде шаралар барысы пысықталып, жалпыхалықтық деңгейде атап өтуге арналған жоспар бекітілді. Назарларыңызға мемлекет тарапынан бекітілген жоспарда өтетін бірқатар шаралар легін ұсынамыз.

Наурыз айы.

Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театры «Ант» қойылымын ұсынады. Қойылымда Қазақ Хандығының көрнекті қайраткерлерінің тарихи рөлі мен тұлғалық қасиеттері көрсетіледі.

Сәуір айы.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақ Хандығының 550 жылдығын насихаттауға арналған «Алтай-Дунай» экспедициясы ұйымдастырылады. Экспедиция өз жұмысын Шығыс Қазақстан облысынан бастап Мажарстан еліне дейін жалғастырады.

Сәуір айы.

Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ақтау қаласында Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған алғашқы айтыс өтеді.

Мамыр айы.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында «Қазақ Хандығының құрылуындағы Түркістан қаласының рөлі» атты ғылыми-теориялық конференция өтеді.

Маусым айы.

Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Ұлытау ауданында Бұланты шайқасына арналған стелла орнатылады. Бұл шара нақты 20-21 маусым күндерінде өтпек. Шара аясында мұрағат құжаттарының негізінде Бұланты шайқасына арналған кітап жарыққа шығады.

Маусым айы.

Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Керей – Жәнібек» спектаклінің премьерасы өтеді. Тарихи тұлғалардың рөлін көрсететін бұл қойылым 27-маусым күні өтеді деп жоспарланған.

Шілде айы.

Астана қаласында 5-шілде күні қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирі өтеді. Турнир кезінде балуандар ҚР Президентінің кубогін сарапқа салады.

Шілде айы.

ҚР Ұлттық банкі Өскемен қаласында Қазақ Хандығының 550 жылдығына арнап ескерткіш монеталарды жарыққа шығарады.

Тамыз айы.

Шығыс Қазақстан облысының ең көрікті мекені – Қатонқарағай жерінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумы өтеді. Форумды ШҚО әкімдігі ұйымдастырмақ.

Тамыз айы. Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында республикалық ақындар айтысы өтеді. Шараны БҚО әкімдігі ұйымдастырады.

P.S. Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған шаралар мұнымен толастамайды. Біз ең басты, маңызы жоғары шараларды негізге алдық. 

Бөлісу: