9 Қыркүйек 2015, 05:46
Астана қаласы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге дайын. «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда басты халықтық серуен өтетін этноауыл салынуда. Барша қазақстандықтар аталмыш тарихи датаны алдағы демалыс күндері, 11-13 қыркүйекте атап өтеді.
«Қазақ Елі» алаңында 50 киіз үй тігіліп, екі үлкен сахна, спорт алаңдары, алтыбақандар, тайқазан және т.б. орнатылды. Мерекелік шараны шамамен 10 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған.
Шаралар аясында ежелден келе жатқан ұлттық ойындар, халықтық серуендер ұйымдастырылады. Оған қала қонақтары мен астаналықтар атсалысады.
Алматы облысының Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы, Рахмет Есдәулетов:
– Алматы облысы Қазақ хандығы мерекесі шымылдығының ашылған күндеріне арнайы үлкен дайындықпен келіп отыр. Жалпы тек қана өзіміздің ата кәсіп өнеріміз ғана емес, ақшаңқай киіз үйлер тігіп, алтыбақан құрылды. Енді «Алтын орда – Алтын адам мекені» айдарын тағып келе жатқан жайымыз бар. Жалпы көптеген ұмыт болған жағдайларды халық арасында насихаттау мақсатында ата-бабамыздың хан дәуіріндегі батырлық ерлік жасаған аталарымыздың қару-жарақтарын көрсетсек деген ойымыз бар. Аңшылық, құсбегілік өнер, жалпы, қолөнер шеберлерінің туындылары аз болмайтын сияқты. Міне, осы жағынан әспеттейтін ойымыз бар. Енді қарап отырсақ, әр өңір өзінің бір ерекше дайындықтарын алып келген сияқты. Соның ішінде Алматы облысы ежелден хандар мен батыр бабалар, ақындар дарыған мекен ғой. Міне, осының бәрін қамтуға тырысамыз, – дейді.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты ойын-сауық және концерттік бағдарлама ұсынады. Еліміздің әр өңірі үздік хореографиялық ұжымдардың, ансамбльдердің, халық және эстрада өнерінің солистерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламадан басқа, көрермендер назарына «Қазақстанның ежелгі қалалары» бейнепрезентациясын, «Қазақ ұлттық киімінің тарихы арқылы халық тарихын жеткізу» атты сән фестивалін, «Сиқырлы би әлемі» би фестивалін, «Бірлігіміз жарасқан» атты Қазақстан халқы достығы концертін, «Ғасырлар үні» этно-концерті ұсынылады. Бұдан басқа, этноауылда жетім балаларға арналған экскурсия және астаналық дарынды жастардың қатысуымен концерт өткізіледі.
Аталмыш шарада қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақ, бұқа тартыс, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Мерекелік шаралар бағдарламасына сәндік-қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкелері, халық шеберлерінің шеберлік дәрістері енгізілді.
Барлық облыстардың ұлттық киім киген өкілдерінің шеруі үш күнге жалғасатын мерекенің көркін келтірмек. Шара 12 қыркүйекте сағат 10.00 «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда өтпекші. Осы күні сағат 19.00 өңірлердің ең үздік номерлері гала-концертте көрермендер назарына ұсынылады.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.