14 Қаңтар 2015, 05:58
Ресей президентінің қазақ мемлекеттілігіне қатысты ойы ғаламторды біраз шулатқаны есте әрі бұл бір жағынан да жақсы болған тәрізді. Путиннің екі ұшты сөзінен кейін жастар сан алуан форумдарда дауласуға көшсе, саясаткерлер мен тарихшы-ғалымдар оның ойын өздігінше топшылады. Дегенмен, барлығы бірдей халқымыздың мемлекеттілігі тереңде екенін дәлелдеп бақты. Президент Назарбаев та Қазақ халқының 550 жылдығын жоғары дәрежеде өткізу керектігі жайында сөз қозғады. Негізі, бұл бастама Путинге жауап берудің саяси бір жолы деуге болады. Сол себепті оны іс-шаралардың біріне ресми түрде неге шақырмасқа? Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде журналистер бұл сұрақты мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қойып көрді. Ол саяси астары бар сауалға жауап бермесе де, бір ойға жетейлейтін пікір білдірді. «Негізі, Қазақ хандығы құрылған жылдарға қатысты сан алуан көзқарас бар. Сондықтан біз үш-төрт жыл бойы зерттеу жүргізіп, 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандары құрған Қазақ мемлекетін негізге алдық. Мәселен, алдағы жылы Ресей мемлекетінің 1150 жылдығы тойланайын деп жатыр. Соған қатысты да әртүрлі пікірлер айтылып жүр», - дейді министр. Демек, Путинді ресми түрде шақырып, қазақ мемлекеттілігі 550 жылға дейін жалғасады деп дәлелдеудің еш пайдасы жоқ. Олар бәрібір өзінің 1150 жылдығын тойлап, тарихи басымдығын сақтап қалуға тырысады. Мейлі, солай-ақ болсын. Еуразиялық экономикалық одақ күшіне енетін алғашқы жылы көршімен айтысып-тартысқан орынсыз болар. Кім біледі? «Қазақстанда ұлтшылдық өршіп барады!» - деп, қайтадан шу шығарса, жаға жыртысуға тағы уақыт кетеді. Ал оның барлығы іскерлік байланыстарға да кері әсер етуі бек мүмкін. Сол себепті алдағы мерейтойды қазақ халқының мемлекеттілігін таныту мақсатында ғана емес, ондай мемлекеттіліктің тұғыры болтын жастардың патриоттық сезімін күшейте түсу үшін өткізген дұрыс.
Сонымен, Қазақ хандығы құрылғанына 550 жыл толуына орай республика бойынша 100-ге жуық іс-шараны ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты арнайы тұжырымдама да әзірленген екен. Оған сәйкес, сан алуан конференциялар, саяхаттар мен фестивальдар өткізіледі. Негізгі мақсат – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру. Осы орайда министрлік Қазақ хандығының тарихына арналған 20 сериялы фильмді түсіру жұмысына ерекше көңіл бөліп жатыр. Алайда қазіргі кезде ғалымдар әлі күнге дейін бір шешімге келмеген көрінеді. Әрине, жүзге бөліне беретін қазақта әрбір рудың көңілінен шығу оңай емес. Содан болар, тарихшылар сценарийдің соңғы нұсқасын шығара алмай жатқан тәрізді. Дегенмен, фильмді түсіру жұмыстарын келесі жылдың басында қолға алу қажет. «2015 жылдың қаңтарынан бастап біз сол сериалдарды түсіруді іске асырамыз», - дейді министр.
Автор: Арман АСҚАР
Толығырақ: Alashainasy.kz сайтынан оқыңыз.