Қазақ хандығына арналған деректі фильмнің ресми тұсаукесері Нью-Йоркте өтеді
9 Қазан 2015, 06:03
АҚШ-та Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған деректі фильмнің ресми тұсаукесері өтеді.
АҚШ-та Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған деректі фильмнің ресми тұсаукесері өтеді.
3-12 тамыз аралығында АҚШ-та Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Асқар Тәжиев, сонымен қатар ҚР Ұлттық музейінің қызметкерлері қатысып жатқан IVLPondemand халықаралық сапарлар бағдарламасы өтуде.
Бағдарламаның ашылуы «WorldLearning» кеңсесінде өтті. Салтанатты шараға қазақстандық делегация мүшелерімен қатар, АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдері де қатысты. Делегация жұмысы Смитсон институты, Тарихи объектілерді сақтау Ұлттық Қор Ассоциациясы, Джордж Вашингтон университеті, Нью-Мексико штатының Петроглиф ұлттық ескерткішіндегі ресми кездесулер, келіссөздер және тәжірибе алмасуды қамтиды.Сапар аясында Вашингтондағы Джордж Вашингтон университеті мен Нью-Йорктегі Роберт Де Нироның «Tribeca» киностудиясында Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтеді.
«Қазақ хандығына 550 жыл» фильмі Қазақ хандығының құрылу тарихына арналған. Ол көне және ортағасырлардағы Шығыс Азия мен Ұлы Жібек жолы, монғол шапқыншылығы мен әлемнің геосаяси бөлінуі, қазақ халқын жаулап алу тарихнамасы, Шыңғысхан мұрагерлерінің арасындағы талас, 1465 жылы алғашқы дербес Қазақ хандығының құрылуы туралы баяндайды. Сонымен қатар кинофильмде Керей және Жәнібек, олардың ұлдары Қасым және Бұрындық билігі туралы жаңа деректері орын алған.1952 жылдан бастау алатын IVLPondemand халықаралық сапарлар бағдарламасы – АҚШ Мемлекеттік департаментінің ең көне және беделді кәсіби алмасу бағдарламаларының бірі. АҚШ-қа қысқамерзімді сапарлар барысында түрлі сала мамандары американдық әріптестерімен кездесіп, ұзақмерзімді ынтымақтастықтарын дамытады. Жыл сайын АҚШ-қа IVLP бағдарламасы бойынша 5000 астам шетелдік қатысушылар келеді. Жалпы алғанда 200 000 шетелдік маман американдықтармен IVLP бағдарламасы көмегімен байланыс орнатты. Олардың арасында 330 қызметтегі және бұрынғы мемлекет басшылары мен департамент жетекшілері бар.
Қазақ Хандығының 550 жылдығы аясында біршама ғылыми жаңалықтар, сондай-ақ, алыс-жақын елдерден келетін ғалымдардың бас қосуымен бірнеше шара өтетін болады. Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған деректі фильмнің тұсаукесерін Нью-Йоркте өткізу де мерейтойдың әлемдік деңгейде сипат алғандығын білдіреді.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.