18 Ақпан 2015, 06:48
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, «Жігер» халықаралық сыйлығының иегері, ұлттық «Ажар» сыйлығының иегері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Айжан Әбдуайт бес ханның мөрін алтын түсті жіппен кестелеп шыққан, үлкен сый жасап отыр. Бұл туралы суретші Айжан: «Хандардың мөрлерін қазір қалпына келтіріп жатқанҚырым Алтынбеков есімді суретші (Қазақстан суретшісі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі). Мен тек қалпына келтірілген үлгілер бойынша кестесін жасадым», – дейді.
Әбілқайыр (Әбілқайыр Мұқамбет Ғази баһадур хан) (1693-1748) – хан, қолбасшы, 1718 – 1748 жж. билік құрған Кіші жүз ханы. Соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, айқас-шайқастарды ұйымдастыра білуімен даңқы шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды.
Есім хан (1598 – 1628) билік құрған. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан – Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған.
Бөкей хан (туған жылы белгісіз – 21.5.1815) – Бөкей ордасының ханы (1812 – 15), Әбілқайыр ханның немересі, Нұралының баласы. Айшуақ хан тұсында хан кеңесінің төрағасы болды.
Бөкейұлы Жәңгір хан (1801 – 1845) – Кіші жүздің Әбілқайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі. Оның шын аты Жиһангер.
Кенесары Қасымұлы – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837 – 1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі,Қазақ хандығының соңғы ханы (1841 – 1847). Кенесары Шыңғыс ханның 27-ші ұрпағы, Абылай ханның немересі.
Әзірлеген: Кенжекей Тоқтамұрат.