Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық түрлері

6 Қараша 2020, 17:12 91306

Елімізде ата кәсіп қалай дамыды?

Мал шаруашылығы – негізгі тіршілік көзі

Мал шаруашылығы – көшпенді қазақ халқының негізгі кәсібі саналды. Сондай-ақ азық-түлік және ішіп-жеммен қамтамасыз ететін негізгі тіршілік көзіне айналды десек те болады.

Қазақстанның тым континентті климаты, жыл мезгілдеріндегі жауын-шашынның әрқилылығы, ауа-райының аумалы-төкпелілігі, яғни, табиғи-климаттық ерекшеліктері қазақ халқының шаруашылық құрылымы мен материалдық өндіріс жүйесінің негізгі бағыттары мен сипатын анықтап берді. Қалыптасқан жағдайларға байланысты қазақ халқының үш мың жыл ішіндегі табиғатты пайдалану мен шаруашылық әрекеті көшпелі мал шаруашылығы болып келді. Тіршілік ортасына бейімделу мен өмір сүрудің ерекше әлеуметтік-мәдени типіне жататын мұндай ортада көшпелі мал шаруашылығы қарқынды дамыды, халықтың басым көпшілігі жыл мезгілдеріне қарай ауысып отыратын көшпелі өмір салтын ұстанды.

Көшпелі мал шаруашылығы қазақ халқының басым көпшілігінің материалдық тіршілік көзі болып есептелді. Тарихшылар дерегінде кездесетін Ресей империясының 1897 жылы жүргізген жалпыға бірдей санақ материалдарына қарағанда қазақтардың 80%-ға жуығы негізгі азық-түліктерін мал шаруашылығының өнімдерінен алып отырса, 18%-ы мал шаруашылығына қоса егіншілікпен де шұғылданған.

Төрт түлік малды жыл бойына өрісте, жайылымда бағу көшпелі мал шаруашылығының басты ерекшелігі болды. Бұл бір жағынан су қоры мен жем-шөптің аздығына байланысты қалыптасты. Сол себепті мал басын сақтау мен көбейту үшін қазақтар жыл мезгілдеріне қарай көшіп-қонуға мәжбүр еді.

Орта есеппен алғанда көшпенділердің бір жылдағы көш жолы елу-жүз шақырымды құрады, алайда, кейбір ру-тайпалар мың-екі мың бес жүз шақырымға дейін ұзап шыққан екен. Мысал ретінде келтірсек, олардың ішінде Кіші жүздің адай, шекті, табын, тағы да өзге рулары аталған. Әр ру-тайпаның өзіне ғана тиесілі көш жолдары болып, осы мақсатта су көздері бар арнайы қыстаулар мен жайлаулары белгіленді.

Табиғи қорларды мейлінше тиімді пайдалану тәсілдеріне қарай жыл мезгілдеріне байланысты мекендейтін жерлер өз атауымен белгіленді. Қысты қыстауда өткізсе, көктемді көктеуде, жазды жайлауда, күзді күзеуде өткізді. Сонымен қатар өзен-көлдердің жағалаулары мен тау аңғарлары, жел мен қарлы бораннан сақтайтын орман тасалары, таулы қыраттардың күнгей беткейлері қысқы жайылымдар үшін таңдалған. Ал ерте көктемгі жайылымдар қыстауға жақын, қар кетіп, қыстың тоңы жіби бастаған төңіректен қарастырылса, жазда суы мол, шөбі шүйгін алысқа қарай көшіп, жайлауға шықты. Осылайша қазақ малшылары төрт түліктің ыңғайына қарай қоршаған орта мен жыл мезгілдерін тиімді пайдаланудың шарттарын жақсы меңгерген.

Айнала қоршаған орта мен тіршілікке қажетті талаптар қазақтарды төрт түліктің кейбірін көбірек, кейбірін азырақ ұстауға мәжбүр етті. Айталық барлық мал басының ішінде қойдың жалпы үлесі 60%-ға жетсе, ешкі 12%-ды, жылқы – 13%-ды, сиыр – 12% және түйе 3%-ды құраған. Мал түрлерінің бұлайша реттелуіне тек экологиялық факторлар ғана емес, сонымен қатар, малдың өзінің де тез әрі жиі көшуге шыдамдылығына және тұрмыс-тіршілікте оның еті, сүті, жүні қаншалықты пайдаға асатындығына да байланысты болды. Сондай-ақ әскери-саяси мүдделер де ықпал етпей қалмағанын атап өткен жөн. Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында Қазақстанның солтүстік өңірі – Омбы, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Қостанай уездерінде жылқы шаруашылығы өркендеді. Бұл өңірлердің әрқайсысында мал басына шаққандағы жылқының үлесі 25-тен 35%-ға дейін жеткен.

Ал Қазақстанның оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс өңірлері – Маңғышлақ, Жайсаң (Зайсан), Жаркент, Верный, Қапал және Гурьев уездерінде қой шаруашылығы дамып, бұлардағы қой саны 70%-дан асқан.

Қазақстанның оңтүстік-батысындағы «құрғақ», қуаң далалы жерлерде – Қазалы, Гурьев, Ырғыз бен Перовск уездерінде түйе өсірілді. Нақтырақ айтқанда әрқайсысына жалпы түйенің 9%-дан астамы келді. Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Орал мен Павлодар сияқты солтүстік уездерде сиыр малы көбірек өсіріліп, 25%-ды құрады.

XX ғасырдың бас кезінде қазақ шаруашылығы мен жер пайдалану тәсілдеріне сараптама жасаған Переселен басқармасының мәліметтері қазақтардың дәстүрлі түсініктерінен де анық аңғарылады. Ел аузында жүрген:

«Сарыарқаға барсаң, жылқышымын деме.

Жетісуда шопанмын деме,

Үшқиянда түйешімін деме», - деген сөз соның бір дәлеліндей көрінеді.

Елдегі аймақтық табиғи-климаттық жағдайларға сәйкес мал шаруашылығының екі түрі қалыптасты. Оның бірі қолдан жасалған су көздеріне негізделген мал шаруашылығы болса, екіншісі табиғи су көздеріне негізделген мал шаруашылығы еді.

Мал шаруашылығының бірінші түрі табиғаты қатал, жем-шөбі мен суы аз өңірлерде орын алды. Бұлар негізінен далалық аймақтар мен қуаң далалар және таулы жерлер мен тау бөктерлері болды. Мыңдаған жылдар бойы мұндай географиялық жағдайда тіршілік етіп, ұлан-байтақ қуаң аумақты игеруіне көшпелі шаруашылық қана мүмкіндік беретін еді.

Көшпелі шаруашылыққа қажетті су шығару үшін малшылар терең құдықтар қазып, шыңыраудан су шығарды. Малға азық-түлік пен судың жетіспеушілігі оларды тез арада қоныс аударып отыруға мәжбүр етті, сөйтіп көш жолдарының шиырлана түсуіне алып келді. Соның нәтижесінде мұндай жерлерде төрт түліктің ішінен тек шыдамдылары ғана, атап айтқанда, қой мен түйе қалды, ал материалдық мәдениеттің барша белгілері – киіз үй мен үй жабдықтары мен үйдің тұрмыс-тіршілігіне қажетті дүниелердің барлығы да ұдайғы көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығына толықтай сай келді. Шаруашылық жүргізудің бұл түрі қазақтар арасындағы әлеуметтік қатынастар мен қоғамдық таным-түсініктерге, санадағы рухани құндылықтарға, көшпенділердің қоршаған ортаға өзіндік көзқарасының орнығуына ықпал етті. Мал шаруашылығының бұл түрі Маңғыстау жарты аралында, Үстіртте, Солтүстік Арал, Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстанның кей аудандарында көбірек таралды.

Мал шаруашылығының тағы бір түрі топырағы құнарлы, азық-түлік, жем-шөбі мол, жауын-шашыны тұрақты, табиғи су көздері жеткілікті аудандарда дамыды. Бұлардың қатарына дала және орманды өңірлердегі өзен-көлдер атырабтары, тау бөктерлері мен таулы аймақтар жатады. Мал азығы мен судың жеткілікті болуы бұл жерлерге ұзағырақ қоныстанып, азырақ көшуге мүмкіндік берді. Шаруашылықтың мұндай түрінде түйе мен уақ малдарға қарағанда жылқы мен сиыр көбірек бағылды. Мұнда мал бағудың да өзіне тән ерекшеліктері орын алды: ұдайы көшіп жүруге мәжбүр қуаң жерлердегі шаруашылықтарға қарағанда табиғи су көздеріне жақын өңірлерде мал қыстатуға арналған шымнан, сырғауыл шарбақтардан, тас пен ағаштан арнайы құрылыстар салынды. Мал шаруашылығының бұл түрімен айналысатындардың көпшілігі қыстауда отырып егіншілікпен де, балықшылықпен де шұғылдануға мүмкіндік алды. Көшпелі өмір салтының бұл түрін ұстанған қазақтардың материалдық мәдениетінде және әлеуметтік ұйысу түрі мен қоғамдық қатынастар жүйесінде өздеріне ғана тән ерекшеліктер болды. Шаруашылықтың бұл түрі Шығыс және Солтүстік Қазақстанда, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның кейбір аудандарында көбірек дамыды.

Қазақтар егіншілікпен ежелден айналысқан

Қазақ халқы тұтынатын азық-түліктер ішінде талқан, жарма секілді ұн өнімдері ертеден пайдаланылып келеді. Азық-түлік ішіндегі ұн өнімдерінің жалпы үлес салмағы ұлан-ғайыр қазақ жерінде әрқилы, бұл ретте халықтың әлеуметтік хал-ахуалы да айтарлықтай рөл атқарады, дегенмен, мал шаруашылығына қолайсыз аймақтарда оның үлесі арта түседі.

Сөйтсе де егіншілік қазақ тұрмыс-тіршілігінде мал шаруашылығынан кейін тұрғанына қарамастан, Қазақстандағы егіншіліктің дамуының өзіндік дәстүрлі жолы болды, әрі ол көбіне-көп табиғи географиялық жағдайларға байланысты өрбіді. Әлі күнге дейін тау беткейлеріндегі бұлақтар мен далалық өзен-көлдер жағалауларында кездесетін көне суару жүйесінің іздері қазақ халқы суармалы егіншілікпен ертеден бері шұғылданып келе жатқанын көрсетеді.

Мал шаруашылығымен айналысатын кейбір өңірлерде егіншілік белгілері тұрмыс-салттары мен дәстүрлі әдет құқықтарында көрініс тапқан. Мәселен сары үйсін тайпасы ұзатылғалы отырған қыздың келімен тары түйе білуін қатаң қадағалаған. Осыған сәйкес оң босағаны аттаған жас келіннің шаруаға ептілігін әуелі келі түйгізіп те байқап көрген. Сондай-ақ екі жүз жылқы, бір кілем, бір нар, бір кетпен, екі ши мен бір киіз деп белгіленген ер адамды өлтіргені үшін төленетін құнның ішінде егіншілікке қажетті құрал-саймандардың бірі кетпеннің болуы да, қазақтардың егіншілік дәстүрінің тамыры тереңде жатқанын білдіреді. Бұған қоса қазақ егіншілік дәстүрінің көршілес орта азиялық егіншілік дәстүрлерімен сабақтас жатқанын құрал-саймандары мен жер өңдеу әдістері, суғармалы егіс жүйесі, жинау тәсілдері мен астық бастыру амалдарының ұқсастығы, сонымен қатар ирантілдес халықтардың көне дәстүрін сақтап қалған егіншілік терминологиясы мен әдет-ғұрыптарынан байқауға болады.

Қазақстанның оңтүстік өңірінде Орта Азиямен сауда-экономикалық және мәдени байланыстар ауқымы ешқашан үзілген емес. Осы себепті егіншіліктің ортаазиялық тәжірибесі қазақ халқында жергілікті жерлердегі табиғи-климаттық жағдайларға байланысты аздаған ерекшеліктермен одан әрі дами түсті. Біртіндеп бидай мен өзге де дәнді дақылдардың сапасы да, өнімділігі де жоғары жаңа сорттары шығарыла бастады. Қазақтардың егіншілікке байланысты термин сөздері одан әрі толығып, егінге байланысты наным-сенімдер мен дәстүрлерінде жергілікті ерекшеліктер пайда бола бастады. Солай бола тұра бүкіл қазақ дала өлкесіндегі егіншілік дәстүрлерінде айтарлықтай айырмашылықтар бола қойған жоқ, сондықтан да, бұл табиғи жағдайы суармалы егіншілікпен шұғылдануға мүмкіндік беретін барлық жерде көнеден келе жатқан егіншілік дәстүрінің кеңінен таралғанын айғақтайды.

Моңғол шапқыншылығына дейін оңтүстік Қазақстан, нақтырақ айтқанда Сырдария өзенінің алабы мен оңтүстік-шығыс Қазақстандағы, яғни, Жетісудағы егіншілік мәдениеті мейлінше гүлденді. Алайда моңғол шапқыншылығынан кейін бұл жерлерде моңғол ұлыстарының пайда болуы мен ру-тайпа аралық соғыстардың өршіп кетуіне байланысты кей өңірлерде егіншілік мәдениеті барынша құлдырады.

Егіншілік мәдениеті Қазақстанның егін егуге неғұрлым қолайлы жерлерінде, орманды дала мен далалық алқаптарда кеңінен тарады. Мұндай өңірлер қатарына: солтүстік-батыста – Сағыз бен Жем, Елек пен Ырғыз, Ойыл өзендерінің алаптары, сонымен қатар, Мұғалжар тау алқаптарын; Орталық Қазақстанда – Сарысу өзенінің орта ағысы тұсын; оңтүстікте – Сырдария, Қуаңдария, Жаңадария алаптарын; солтүстікте – Есіл, Нұра мен Торғай өзендері мен салаларын; Шығыс Қазақстанда – Қалба мен Тарбағатай аңғарлары, Қарқаралы тау бөктерін; Жетісуда – Лепсі, Ақсу, Қаратал өзендерінің жоғарғы жақтары мен іле өзенінің орта ағысы тұстарын жатқызуға болады.

Қазақтардың егіншілікпен шұғылдануы малды жем-шөппен қамтамасыз ету деңгейіне тікелей тәуелді болды. Кедейшілікқамытын киген қазақтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мал басын көбейтуге мүмкіндік бермеді. Отбасы, бала-шағасын асырау қамындағы кедей қазақтар қолға кетпен ұстап, егін егумен шұғылдануға мәжбүр еді.

Сонымен қатар егіншіліктің дамуы көп ретте суғару жүйесінің мүмкіндігіне де байланысты болатын. Өңірдің басым көпшілігінде егіншілік, әдетте, суармалы егістіктерден құралды. Сондықтан қазақтар көбіне өзендер мен көлдерге, тау етектеріне жақын, суы мол жерлерге егін екті. Егінді шағын арықтар жүйесімен суарды. Су жеткіліксіз өңірлерде арнайы су жинақтайтын орындар – бөгет, тоспа, тоған салып, олар толған кезде егіс алқабына су жіберді. Су деңгейінен биіктеу жердегі егістікті суару үшін арнайы шығыр мен атпа пайдаланды.

Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңіріндегі өзен алаптарында суармалы егіншілік көбірек дамыды, Сырдария облысында халықтың 38,7%-ы, Жетісуда халықтың 33,7%-ы егіншілікпен шұғылданса, бұл көрсеткіш Семей облысында 13%-ға, Оралда 9,3%-ға, Торғайда 4,1%-ға, Ақмолада 2,6%-ға, Маңғыстау уезінде 0,1%-ға дейін төмендей түседі. Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарында қолдан суарылмайтын егіс алаптары басқа жерлерге қарағанда көбірек болды. Тау етектері мен тегіс жерлердегі, Іле мен Қаратал өзенің төменгі жақтарындағы қара және қара-қызыл топырақты құнарлы жерлерге егілген егіндер жауын-шашын суларымен-ақ жоғары өнім берді.

Егіншілікпен, әсіресе, суармалы егіншілікпен шұғылданатын егіншілердің ең басты құралы кетпен болды, оған қоса күрек, соқа пайдаланылды. Орыс егіншілері жақын орналасқан өңірлерде қос дөңгелекті темір соқалар мен ағаш тырмалар пайдаланылды. Егіншілер жерді жерағаш деп аталатын соқамен жыртты. Маңғыстау өңірінде оны шоқайағаш, Орталық Қазақстанда имекағаш, Жетісуда тісағаш, Шығыс Қазақстанда қолтіс, Шымкент уезінде омаш деп атады.

Қазақстанның ауыспалы егіс жүйесінде егістікті тыңайтып пайдалану тәсілі жиі пайдаланылды, яғни бір жерге бірнеше жыл қатарынан тары егілсе, жер құнары азая бастаған шақта бірнеше жыл бос қалдырып, жерді тыңайтып алды.

Адамның тұрмыс-тіршілігі қай уақытта әртүрлі дәстүр мен наным-сенімдермен байланысты болып келді. Қазақ егіншілігі де мұнан тыс қалған жоқ. Егіс егілгеннен оны орып алғанға дейінгі аралықтың барлығы белгілі бір егіншілік ғұрыптарымен атап өтілді. Егіншілікпен байланысты діни наным-сенімдердің тамыры тереңде жатыр. Ол алғаш рет адамдар арасына тіршілікке қажетті басты шаруашылық саласы ретінде қалыптаса бастаған егіншіліктің пайда болуымен бірге дүниеге келді. Егіншілік тек адамның ісі емес, әлдебір тылсым күштің қолдауымен ғана өнім беретін қастерлі іс деген түсінік орын алды. Егіншілікпен ертеден шұғылданып келе жатқан Орта Азияның ирантілдес халықтарында егіншіліктің жебеушісі де, егін атасы да әулие Дехкан Бобо деген түсінік қалыптасса, түркі халықтарының егіншілері, оның ішінде қазақ егіншілері де оны Диқан-баба деп атап, егіс жұмыстары кезіне оған әрдайым сыйынып жүрді.

Қазақ егіншілігінің негізгі бағыты диқаншылық болды. Қазақ шаруашылығындағы неғұрлым кең таралған егіншілік мәдениеті құрғаққа төзімді, бейнеті де аздау - тары дақылы еді. Ауа райы қолайлы жылдары және қолдан суарған жағдайда тарыны жылына екі рет егіп, екі рет жинап алуға болатын. Сонымен қатар бидай, арпа, сұлы да егілді. Еңбек құралдары мен жер өңдеу тәсілдерінің тым қарапайымдылығына қарамастан суару жүйесі жақсы жолға қойылған жағдайда салыстырмалы түрде егін де жоғары өнім берді.

Алайда жалпы алғанда Қазақстан аумағында егіншілік мәдениеті аса көп тарала қойған жоқ. Оның дамуы қазақтар тіршілік ететін қоршаған ортаның табиғи қорларына тікелей байланысты болды (топырақтың құнарсыздығы мен судың жетіспеушілігі, жауын-шашынның аздығы мен құрғақшылық), сондықтан егіншілік қазақ шаруашылығында қай уақытта да қосымша күнкөріс көзі ретінде қаралып келді. Егіншілікпен шұғылдану көшпенділерді отырықшы өмір салтына көшуге ынталандыра қойған жоқ.

Балықшылық сауда-экономикалық байланыс негізінде дамыды

Қазақтар арасында белгілі бір деңгейде балықшылық кәсібі де дамыды. Алғашында онымен тек кедей-кепшіктер ғана шұғылданды, өйткені, қазақтар балықты тағам қатарына қоса қоймаған еді. Қазақстанда орыс халқы санының өсуі мен Ресеймен сауда-экономикалық байланыстардың кеңейе түсуі балық пен балық өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Соған орай адамдардың көпшілігі мал шаруашылығымен немесе егіншілікпен бірге балықшылықты да тұрақты кәсіпке айналдыра бастады. Әсіресе Сырдария, Іле, Шу өзендері мен Жайсаң (Зайсан), Балқаш көлдерінің маңындағы жерлерде дамыды.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХX ғасырдың бас кезінде Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауында, Шалқар, Көкшетау уезіне қарасты Шортанды, Иманы Тау көлдерінде балықшылық кәсібі өркендеді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан өңірі қазақтарының тұрмыс-тіршілігінде де елеулі рөл атқара бастады. Балқаш көлі мен Іле өзенінен сазан, табан балық, жайын ауланып, балық өндірісінің дамуына ықпал етті.

Қазақтардың балық аулауда дәстүрлі құрал-саймандар ретінде қармақ, ортаңғысынан екі жағындағы тістері ұзынырақ келетін үш тісті шанышқы, сондай-ақ сүзгі, кейде қыс уақытында қайқы түйреуіш бекітілген ілме пайдаланды. Мұның ішінде көбірек таралған ау-құралдардың бірі – сүзгі. Оны жылқының қыл құйрығынан жасады.

Балықшылар сүзгіні қыс уақытында да пайдаланды. Мұз бетіне арақашықтығы жеті-сегіз қадам шамасында екі ойық жасап, оларды өзара астаумен жалғастырды, бір ойықтан сүзгіні түсіріп, екінші ойықтан ұсталған балықтарды шығарып алды. Сонымен бірге сүзгі ауға түскен балықтарды сүзіп алуға да керек болды.

Балықшылыққа саяз суларға салынатын ау – бреден мен қазық қағып керілетін тастама аулар пайдаланылды. Каспий теңізі жағалауында қызыл балық пен жайын аулауға үшкір ілгекті құралдарды қолданды.

ХІХ ғасырдың соңында Сырдария өзенінің төменгі тұсы мен Арал теңізі алабында балық өнеркәсібі кең тарады. Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы бұл өңірлерде балықшылық кәсіптің одан әрі өрістеуіне жол ашты.

Адамзаттың алғашқы кәсібі – аңшылық

Қазақ жерінде аңшылық өнер ежелден келе жатқан кәсіптердің бірі. Археологиялық және палеозоологиялық материалдар мен әртүрлі қоныстар, жақпар тастарға салынған отыздан астам жан-жануарлар мен аң аулау тәсілдері, аңшылық қару түрлері аңшылық кәсіптің алғашқы дәуірден бастап қола дәуірге дейінгі аралықта жергілікті халықтың шаруашылық өмірінде жетекші орынға ие болғанын көрсетеді.

Алғашқы кезеңде аң аулау үшін аушы құстар мен тазы иттер пайдаланылса, кейіннен мылтық түрлері пайдаланылды.

Аңшылықтың неғұрлым кең таралған танымал түрі – құс салу. Орта Азия мен Қазақстанда бүркіт пен қаршыға, сұңқарлардың ондаған түрімен аң аулады, әсіресе ұябасар қаршыға, лашын, тұрымтай көп пайдаланылды.

Бұл құстардың әрқайсысы белгілі бір аң аулауға бағытталды. Мысалы, қасқыр, түлкі, қарсақ, тау ешкіге бүркіт салса, үйрек пен дуадаққа қаршыға салды. Ал ұсақ жабайы құстарды аулау үшін лашын құсты пайдаланды. Аушы құстар қымбат бағаланды. Орыс шығыстанушыларының сөздеріне қарағанда «жақсы бүркіт бес-алты түйеге бағаланса, лашын – бір немесе екі түйеден кем тұрмаған, қаршыға мен қырғи бұдан бәл арзанырақ болған». Аңшы құстарды бабында ұстау үшін де арнайы білім мен тәжірибе керек. Мұндай шеберлікке тек құсбегілер ғана ие болған. Білгір құсбегілер айналасында үлкен құрмет пен сыйға бөленді, құсбегісіне қарай құстың бағасы да жоғары бағаланды.

Тазымен аң аулау аңшылықтың ең әдемі түрлерінен саналады. Алғыр тазымен аңға шығып, түлкі аулау өткен ғасырдағы ең тиімді әрі пайдалы кәсіптердің бірі болды, сондай-ақ тазыны қоян секілді ұсақ жан-жануарлармен қатар борсық, қасқыр сияқты ірі жыртқыш аңдарға да салған. Көп жылғы табиғи әрі қолдан сұрыптау нәтижесінде ізшіл әрі алғыр тазылардың түрлі тұқымдары пайда болды.

Жер жағдайына сәйкес Қазақстандағы аңшылықтың өзіндік ерекшеліктері қалыптасты, соған орай тазылардың да әдіс-амалдары өзгеше болды. Кейбір тазы иттер аңды иіс сезгіштігімен тез табатын болса, кейбірі, мәселен, суыр аулаған тазылар суырға сездірмей інге дейін еңбектеп келуге машықтанды.

Қарумен аң аулау – қақпан құру, тұзақ салу, тор құру секілді аңшылық түрлеріндей кең тарай қойған жоқ.

Қарапайым халық үшін аңшылық ежелден-ақ күнкөріс көздерінің бірі болды. Жабайы жануарлар мен құстарды аулау қазақтардың тұрғын үйі мен тамағы, киім-кешегі мен жалпы тұрмыс-тіршілігіне қажетті кәсіптердің бірінен саналды.

Мәселен, киік, қарақұйрық, елік, арқар, қоян, қырғауыл, құр тәрізді жабайы аң-құстардың етін жеп, терісі мен жүнін пайдаланды.

Қазақ жүздерінің Ресеймен тікелей сауда қатынасын орната бастауына байланысты көшпенді халықтың ішінде аңшылықты пайдалы кәсіпке айналдырушылар саны өсе түсті. Түлкі мен қасқырдың, басқа да мамық, ұлпа жүнді жануарлардың терісін қазақ аңшылары Орынбор, Петропавл, Семей қалаларына апарып, орыс көпестеріне өткізді. Сол кезеңдегі мерзімді басылымдарға қарағанда «1890 жылдан 1900 жылға дейінгі аралықта 49767 түлкі, 23436 борсық, 28889 күзен, 810 аю ауланған». Алайда бұлар тек ресми мәліметтер ғана, ауланған аңдардың санын дәл білу мүмкін емес, өйткені қазақтар өздерінде бар терілердің басым көпшілігін базарға апарып сатпай-ақ, ауыл үстінен өтіп бара жатқан керуендердің түрлі тауарларына айырбастап отырған. Киіктің мүйізі де сауда көзіне айналған.

Ал қазақ байлары үйлерінде барыс, жолбарыс секілді сирек кездесетін жыртқыш терілерін ұстаған. Сонымен қатар мұндай аса бағалы терілер патша үкіметімен, парсы шахымен, Орта Азия хандарымен дипломатиялық қарым-қатынас жасаған кезде бағалы сыйлық ретінде ұсынылған.

Осылайша аңшылық сан ғасырлар тоғысында шаруашылық түрі ғана емес, ер жігіттің бойындағы өнеріне саналып, айрықша баға берілді. Оны қазақ халқының ежелден жеткен батырлық жыр-дастандарында кездесетін оқиғалар мазмұны арқылы да дәлелдей аламыз.

Жоғарыда айтылған шаруашылық түрлері еліміздегі дәстүрлі өркениет болып саналады. Алғашында күнкөріс әрі тіршілік көзі саналған еңбек атаулары бүгінде халқымыздың бабалар жолымен жоғалтпай сақтап келе жатқан ата кәсібіне айналып отыр.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: