29 Тамыз 2014, 13:31
ҚАЗАҚ КЕҢЕСТІК СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАСЫ (ҚКСР) – 1936 – 91 ж. КСРО құрамында болған одақтас республика. 1936 ж. жаңадан қабылданған КСРО Конституциясына сәйкес РКФСР құрамынан шығып, жеке одақтас республикаға айналды (қ. Қазақ АКСР-ы). 1937 ж. наурызда респ. Кеңестерінің төтенше 10-съезі өтіп, Қ. к. с. р. конституциясы қабылданды. ҚКСР-нің мемл. өкіметі – Жоғ. Кеңес пен республика үкіметі – ХКК құрылды. Республиканың әнұраны, елтаңбасы, мемл. туы бекітілді. 1937 ж. маусымда өткен съезінде өлкелік партия ұйымы Қазақстан коммунистік партиясы (ҚКП) болып қайта құрылды. Бұрынғы 6 облысқа қосымша жаңадан Қостанай, Солт. Қазақстан (1936), Гурьев, Қызылорда, Павлодар (1938), Жамбыл, Семей, Ақмола (1939) облыстары қосылды. 1937 – 38 ж. елде жаппай қуғындау науқаны жүргізілді (қ. Саяси қуғын-сүргін). 2-дүниежүз. соғыс жылдарында (1941 – 45) Қазақстанда ондаған әскери құрамалар жасақталып, 1 млн-нан астам адам соғысқа қатысты. Соғыс жылдары ҚКСР өнеркәсібі КСРО-ның батыс аудандарынан көшіріліп әкелінген кәсіпорындардың есебінен едәуір ұлғайды. 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде іске қосылды. Кәсіпорындардың жұмысшылары мен қызметкерлерінен басқа 1 млн-нан астам адам ҚКСР-на орналастырылды. Олардың ішінде депортацияға ұшыраған халықтар да болды (қ. Депортация). ҚКСР-ның а. ш. майдан мен тылды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ер-азаматтардың майданға кетуіне байланысты а. ш-нда негізгі жұмысты әйелдер атқарды (қ. Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында). 1944 ж. жаңадан Көкшетау, Талдықорған облыстары ашылды. Соғыстан кейінгі жылдары ҚКСР-да экономика мен мәдениетті көтеру шаралары іске аса бастады. ҚКСР соғыс кезінде жаудан босатылған 12 қала мен 45 ауданды өз қамқорлығына алып, оларға арнаулы мамандар аттандырып, құрал-саймандар, азық-түлік, киім-кешек тиелген эшелондар жөнелтті. 1946 ж. Қазақ КСР ҒА ашылды. 40 – 50 ж. бас кезінде кеңестік цензура қоғамның дамуын қатаң бақылауға алды. Орталықта “Ленинград ісі”, “Дәрігерлер ісі”, ҚКСР-де қолдан жасалған “Бекмаханов ісі” бойынша бір топ жетекші ғалымдар қудаланды. И.В. Сталин өлгеннен кейін (1953 ж., наурыз) 1953 – 54 ж. жоғарғы билікте өзара айтыс өрістеді (қ. Кеңес одағы коммунистік партиясы). Қазақстанда Орталықтың шешімімен ҚКП-ның 1-хатшысы Ж.Шаяхметов орнынан алынып, П.К. Понамаренко жіберілді. 1954 ж. орт-тың шешімімен тың және тыңайған жерлерді игеру басталды. РКФСР, Украина, Белоруссия, т.б. республикалардан тың игеруге 640 мың адам келді. Егістік көлемі 27 млн. га-дан асып, 1950 жылмен салыстырғанда 2,5 есе артты. Тың игерумен бірге өнеркәсіп те қауырт дамыды. 200-ден аса ірі өнеркәсіп орындары ашылды. Мойынты – Шу (438 км), Ақмола – Павлодар (428 км), Өскемен – Зырян (171 км) т. ж-дары салынды. Халықтың тұрмысы мен мәдениеті көтеріліп, 1958 ж. желтоқсанда Мәскеуде қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі өтті. Тың және тыңайған жерлерді игеруден қазақ халқы экон., әлеум., мәдени зардаптар да шекті. Жергілікті халықтың үлес салм. 29%-ға дейін азайды. Қазақ а-дары шалғайда оқшауланып, мектептері жабылып қалды. Есепсіз көп жыртудың салдарынан жер эрозиясы пайда болды, мал жайылымына пайдаланылатын жерлер тарылды. 60-жылдардан бастап экономикаға ғыл.-тех. прогрестік жетістіктері кең көлемде енгізіле бастады. ҚКСР-дің жетекші кәсіпорындары соңғы технологиямен жарақтанып, дүние жүзіндегі таңдаулы мекемелер дәрежесіне жетті. Автоматика, телемеханика, электронды есептеу техникалары енгізілді. Автопарктер едәуір өсті әрі жаңарып отырды. Бірақ, экономика өндіріс алаңдарын кеңейту, жаңа шикізат көздерін тарту, кадрлар санын көбейту есебінен дамып, өнеркәсіптің шығарушы және өңдеуші салалары арасында сәйкессіздік ұлғая түсті. 1970 ж. республикада әкімш. өзгерістер болып, жаңадан Торғай, Маңғышлақ, Жезқазған облыстары құрылып, облыстар саны 19-ға жетті. 70 – 80 ж. ҚКСР агр.-өнеркәсіпті республикаға айналды. Экономиканың жалпы көрсеткіші жағынан республика одақта 3-орынға (РКСФР мен УКСР-дан кейін) көтерілді. Түсті металлургия (мыс, никель, боксит, қорғасын, мырыш, т.б. сирек кездесетін металдар қорыту), көмір, химия, жеңіл (жүн, былғары өндіру), тамақ (ет, балық, май өндіру, тұз өндіру) өнеркәсіптері және астық пен мал ш. бойынша ҚКСР одақтағы жетекші республикаға айналды. Дегенмен, КСРО-ны құрайтын, толық тең құқылы 15 республиканың қатарында саналғанымен, ҚКСР үкіметінің билігі шектеулі болды. Көптеген аса маңызды өндіріс орындары Мәскеуге тікелей бағынды. Ел басшылары шетке тікелей өзі шыға алмады. Қарулы Күштер орталықтың қолында болды. Кеңес қоғамында кеңінен орын алған келеңсіз құбылыстар (теңгермешілік, көз бояушылық, жеке адамдарды көтермелеу, т.б.) ҚКСР-да да кеңінен орын алды. Оған орталықтың жергілікті халықпен есептеспей, республика басшылығын өзі тағайындауы қосылды. 1986 ж. 16 желтоқсанда СОКП ОК-і Қазақстан компартиясын ұзақ жылдар басқарған Д.А. Қонаевты орнынан алып, орнына республикада бұрын болмаған Г.В. Колбин жіберілді. Нәтижесінде, Алматыда студент және жұмысшы жастардың бас көтеруі болды (қ. Желтоқсан көтерілісі). Экономикадағы келеңсіздіктер, одақтас республикалардың орталыққа ашық наразылығының күшеюі Кеңестер одағының тарауына алып келді (қ. Беловеж келісімі). 1991 ж. КСРО тарады да, ҚКСР тәуелсіз республикаға айналды; қ. Қазақстан Республикасы.
К. Аманжолов
"Қазақ энциклопедиясы"