Қазақ күресі мектеп бағдарламасына дайын ба?

18 Ақпан 2020, 12:12 7364

Білікті бапкер Ғ.Құлекешов ұлттық күрес жайында ой қозғайды

Қазақ ұлттық спортының тарихы тым тереңде жатыр. Соның ішінде күрес – ең көне жекпе-жектің бірі екені жөнінде дәлелдер мен дәйектер де жеткілікті. Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап қазақ күресі қайта тыныстап, тың серпін алып, қанатын кеңге жая бастады.

Тарихқа көз тастасақ, қазақтың ұлттық күресі 1938 жылдан бері республикалық жарыстардың қатарына кірген. Ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиадада өткен алғашқы сыннан кейін республиканың басқа да қалаларында дәстүрлі түрде түрлі сайыстар болып, балуандар бәсекесі қыза түсіпті. Ал ірі халықаралық турнир 1952 мен 1975 жылдары Азия құрлығындағы мемлекеттердің қатысуымен өткен еді. 2016 жылы қазақ күресінің ЮНЕСКО толеранттығы мен ізгі ниеттілігі ескеріліп, ынтымақтастыққа шақырушы принциптер негізінде қауымдастықтардың арақатынасын нығайтуға әсері еленіп, материалдық емес, мәдени мұрасының репрезентивтің тізіміне енгізілген болатын.

Жақында Qazaq kuresi федерациясының президенті Дәурен Абаев төл спортымызды дамыту үшін жасалатын жоспарлармен бөліскенде мектеп оқушыларын күреске дайындайтын мамандарды даярлау мақсатында Қазақ күресі академиясы ашылатынын хабарлаған болатын. Сонымен қатар, ұлттық күрестен жүз сағаттық оқу бағдарламасы дайындалғанын, ол жерде күрестің әліппесінен бастап, барлық оқытылу қырлары мен жолдары қамтылғанын жеткізді. Енді келер оқу жылынан бастап, астанадағы бірнеше мектепте дене шынықтыру пәніне қазақ күресіне енгізілмек. Бұл – қуантарлық жаңалық. Алайда, республикалық мектептер қазақ күресіне дайын ба? Әдістемелік оқулықтарды қалай әзірлеген дұрыс? Қазақ күресінің балаға пайдасы мен зияны қандай? Осы және өзге сұрақтардың жауабын біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, қазақ күресінен ҚР спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Ізбанұлы Құлекешовтен алдық.


(Суретте: Ғалым Құлекешов)

40 жылдық тәжірибе

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы Ғалым Құлекешов 1981 жылдан бері жаттықтырушы болып келеді. Оның жиырма жылы самбо күресіне арналса, қалған уақыты қазақ күресімен өткен.

– 1999 жылы Ақмола облыстық балалар спорт мектебінде жұмыс істеп жүрген болатынмын. Сол уақыттары самбо күресі тоқырау кезеңдерін бастан өткеріп жатқан. Қаражат бөлінбей, жарыстар саны азайып, қиын-қыстау шақ туды. Маған енді ашылып жатқан қазақ күресінің үйірмесіне бапкер болуға ұсыныс келіп түсті. Бірден қабылдадым. Ол уақыттары спорт мектептерінің дайындалатын залдары болмағандықтан, өзіміз жалға алуға тура келетін. Есімде, темір жол вокзалы маңында қазіргі Көлік және коммуникация колледжінің екі қабатты құрылысы жүріп жатқан. Бірінші қабаты оқу залына, жоғары қабаты акт залына арналып салынып жатыр екен. Сол кездегі колледж директорымен сөйлесе келе оқу залын күрес залына айналдырып жібердім. Кішкентай ғана күрес залынан екі Азия чемпионы, екі Әлем кубогының иегері, екі Әлем чемпионы шықты. Бірақ кейін ол жер жекеменшікке өтіп кетті де, осында келдік. 20 жылдың ішінде 20-дан спорт шеберін дайындап шығардым.

Қазақ күресімен қыздар да айналыса береді

Тәжірибелі жаттықтырушы баланы қазақ күресіне 10 жастан бастап қабылдау керек деп есептейді.

– Ол уақытта баланың тепе-теңдігін ұстауы жақсарып, берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындай алатын жауапкершілігі қалыптасады. Ал 6-7 жастан үйірмеге әкелу дұрыс емес деп есептеймін. Ондай балаларды тек алғашқы физикалық дайындықтан ғана өткізуге болатын шығар.

Ғалым Ізбанұлы баланы қазақ күресіне алудағы басты мақсат – патриоттыққа тәрбиелеу екенін айтады.

– Қазақ күресі тек ұлдарға арналған деген қағида жоқ. Бұрымдыларымызда өз кезегінде кәсіби түрде айналысып, физикалық мықтылығын сынға сала алады. Оған өткізіліп жатқан қыздар арасындағы жарыстар да себеп. Жалпы, күрестің басқа түрлеріне келіп жатқан қыздар көп қой. Сол сияқты нәзікжандыларға қазақ күресінің де есігі ашық. Бұл спорт түрінің қыздарға тигізер пайдасы баршылық: көшбасшылық қабілетін арттырып, өзіне сенімділігін жоғарылатады, физикалық дайындығымен қатар, өзін-өзі қорғауда да маңызға ие.

Бапкер қыздар ұлдарға қарағанда иілгіш екенін айтады. Соның арқасында көбіне олар күшке салмай, түрлі әдіс-айлаларға иек артады. Айтпақшы, алғашқы 3-5 жылда бұл спорт организмге соншалықты салмақ салмайды.

– Қазақ күресі қанымызға сіңген спорт түрі болғандықтан, әрбір қазақ күресе білуі керек деп ойлаймын. Біздің топырақта керемет балуандар өмірге келген. Әлі де әлемді аузына қаратар спортшылар шығатынына кәміл сенемін. Ата-аналар қазақ күресіне балаларын алып келуге қорықпауы керек. Себебі мұнда кейбір спорттағыдай қылқындыратын, ауыртатын әдіс-тәсілдер жоқ.

Расында да, қазақ күресінде джиу-джитсу, дзюдо, грэпплинг секілді спорттармен салыстырғанда адам жанына ауырлық түсіретін айла қолданылмайды. Күреспен айналысу атлетикалық мүсін қалыптастырудың жақсы жолы. Себебі, мұнда барлық бұлшықет тобы жұмыс істеп, жүрек-қантамыр жүйесіне оң пайдасын тигізеді.

– Сол сияқты күрес тыныс алу жолдары мен иммунды жүйеге оң ықпал етіп, координацияны дамытады, иілгіштікке, ептілікке үйретеді. Баланың өз-өзіне сенімділігін артырып, ерік-жігерін жаниды, өз эмоциясын басқаруға, жылдам шешім шығаруға баулиды.

Бұл спортта басқа спорттар секілді үлкен салмақ қимыл-тірек аппаратына түсетіндіктен, мойын мен тізе буынының жарақаты көп болуы мүмкін екен.


– Қазақ күресі екі спортшының арасында өтетін бәсеке. Яғни мұнда жеке шеберлік қана барлығын шешеді. Сол себепті, қарсыласқа тек физикалық ғана емес, психологиялық тұрғыдан да дайын болуың керек. Жарыстың деңгейі жоғары болған сайын, қарсыластардың да жеңіске деген ынта-ықыласы зор болады. Бұл спортта кілем үстінде жеребе түсірген спортшыны жеңуің керек. Спорттық агрессия, спорттық ашудың да қажеттілігі болады. Бірақ кездесу аяқталған бойда ол туралы ұмытуың керек. Яғни, барлық күшіңді, эмоцияңды кілемде қалдырған дұрыс.

Айтпақшы, қазақ күресіне арналған киім қазір 20 мың теңге шамасында сатылады. Егер бала қала құрамасына енсе, спорт мектебі барлық керек-жарақты өзі береді екен.

Күрес ережесі қалай өзгерді?

– Біздің кезіміздегі қазақ күресі мен қазіргі күрестің айырмашылығы баршылық. Баяғыда төбеден асырып лақтырғанда иығың, басың кілемге тиіп кетсе ұтылып қалатынсың. Сол сияқты біздің ұпайымызды балдық жүйемен есептейтін. Қазір жамбасына құласа «жамбас», бір жақ қырына құласа «жартылай жеңіс», қарсыластың жауырынын жерге тигізсе «таза жеңіс» деп әр әдісті өз атына қарай бағалайды. Бұл ережені 2002 жылы Жаналин Бауыржан Секербекұлы енгізіп кетті. Жиырма жылдың ішінде азын-аулақ өзгертулер енгізілгені болмаса, сол ереже әлі үстемдік етуде.

Қазақ күресінде аяққа өтуге тыйым салынады. Күрес тағанда жүргізіледі, күртешеден не белбеуден қармауға рұқсат етіледі. Қолды қағып жіберуге, жамбас тәсілдері арқылы аяғын іліп алуға да мүмкіндік беріледі. Тіземен кілемге тиюге болмайды, оған қатысты ескерту бар. Жалпы қазақ күресі амал-тәсілдері бойынша грузин, татар, өзбек күрестеріне ұқсас болып келеді. Ұлттық күрестің кейбір техникаларын самбодан да көруге болады.

Мектеп бағдарламасына енгізу үшін....

Білікті бапкер ұлттық күрестің мектеп бағдарламасына енгізу идеясын қолдайтынын айтады. Бірақ алдымен, бұл спортты жалпы халықтық сипат алатындай дәрежеге жеткізу керек деп есептейді.

– Оңтүстік Кореяға барғанда кәрісі бар жасы бар көшеде тхэквондомен айналысып жүргенін көрдім. Яғни, олар төл спортын кішісі-ересегі кез келген жерде айналыса алатындай дәрежеге жеткізген. Әлемдік тәжірибелерге көз жүгіртер болсақ, кез келген спортты мектепке алғашында ойын ретінде енгізу керек. Кіші сыныптардағы балалардың жалпы физикалық дайындығын шыңдап алған соң, жоғары сыныпқа өткенде ғана айла-тәсілдерін үйретуге көшу қажет. Әр сыныптың өз жоспарына әдістерді қиындығына қарап, таңдап, жіліктеп, жіктеген дұрыс. Жылдан жылға күрделендіріп отыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Сынып аяқтаған сайын норматив талаптарын белгілеп, соны орындатуымыз керек.

Шынында қазір теориялық кітаптар дайын ба? Әдістемелік жинақтар бойынша кімдер жұмыс істеп жатыр? Ғ.Құлекешов осы сұрақтарды басты назарға қою керектігін айтады.

– Кітаптарды балалардың жасына қарай ыңғайлап дайындаған жөн. Сол сияқты мамандар тапшылығын да шешіп алуымыз керек. Ол үшін ашылғалы жатқан академия да көп септігін тигізуі керек. Бір айта кетерлігі, кілемде тер төкпеген адамнан жақсы бапкер шықпайды. Спорттық дәрежесі бар мамандар жеткілікті ме?


Ғалым Ізбанұлы бастапқыда қазақ күресін қосымша сабақ сияқты өткізу қажеттілігін айтып отыр. Әрине, мектептерге енгізу үшін күрес залдары мен формалары міндеттелетіні рас. Ал оған мектептер мен ата-аналардың қалтасы қаншалықты көтеретіні күмәнді сауал.

– «Келісіп пішкен тон келте болмас». Әлі де білікті бапкерлердің, тәжірибелі жаттықтырушылардың басын қоса отырып, осы қазақ күресінің айналасында жүрген барлық қыр-сырын білетін мамандарды жинап, конференциялар өткізіп, талап-тілектер айтылып, соның аясында жұмыстар жасалса деймін.

Қазақ күресінің қазіргі ахуалы

Бүгінде 200-дей шәкірт дайындап жатқан бапкер қазақ күресінің даму деңгейіне жақсы баға беріп отыр.

– 2012 жылдан бері елімізде «Қазақстан барысы» турнирі өтіп келеді. Оған республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған абсалюттік салмақ дәрежесіндегі балуандар қатысып, жарыстың көркін қыздырып жүр. Онымен қоса, 2014 жылдан бері «Әлем барысы» бәсекесін өткізіп келеміз. Оған Ираннан, Моңғолиядан, Ресейден, Польшадан, Өзбекстанна, Қырғызстаннан, Украинада, Қытайдан спортшылар келіп, бағын сынап жүр. «Еуразия барысы» да қаншалықты салмақты турнир екенін жақсы білеміз. Бұл «барыстардан» бөлек, Азия, Әлем чемпионаттары ұйымдастырылып, қазақ күресінен біліктілігін сынға салушы спортшылар көбеюде. Қызығып жатқан мемлекеттердің де жылдан жылға санының өсуі көңіл қуантарлық жайт.

Ғалым Құлекешов қазақ күресі төрткүл дүниеге танымал болуы үшін шетелдерге мамандар жіберіп, үйірмелер ашу керектігін баса айтты. Ал біз ондай күннің алыс емес екеніне сенім білдіреміз!

(Сурет автордікі)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: