ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ

29 Тамыз 2014, 13:28

ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ, зиялы қауым – қазақ қоғамындағы әлеуметтік топ (қ. Интеллигенция). Дәстүрлі қазақ қоғамында алғашқы зиялы қауым өкілдері ақын-жыраулар, шешен-билер, абыздар, т.б. болды.

ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ, зиялы қауым – қазақ қоғамындағы әлеуметтік топ (қ. Интеллигенция). Дәстүрлі қазақ қоғамында алғашқы зиялы қауым өкілдері ақын-жыраулар, шешен-билер, абыздар, т.б. болды. Олар өз кезеңінде ел билеушілерге сенімді кеңесшілер бола білді. Асан Қайғыдан Бұқар жырауға, онан Абайға дейінгі қазақ ойшылдары мен ақындары қазақ қоғамының ақыл-ойының негізін қалады. 19 ғ-ға дейін қазақ қоғамындағы білім беретін бірден бір мекеме – діни медресселер болды. Медреселер, негізінен молдалар даярлады. Онда діни сабақтармен қатар аздап ислам философиясы, астрономия, тарих, тіл, медицина, математикадан да мағлұматтар берілді. Оқу мерзімі 3 – 4 жылға созылды. Кейбір діни қайраткерлер Бұхара, Стамбұл, т.б. қалаларға барып білім алды. 1786 ж. Омбыда Азия мектебі, 1789 ж. Орынборда үкіметтік мектеп ашылды. 19 ғ-да олар кадет корпустарына айналды. Тұңғыш қазақ мектебі 1841 ж. Бөкей ордасында ашылып, онда орыс тілі, шығыс тілдері, математика, география, ислам діні оқытылды. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ халқы толығымен Ресей отарына айналды. Патша өкіметі жергілікті тұрғындарды басқаруға өздеріне көмекші мамандарды даярлау мақсатында жер-жерде “орыс-түзем” мектептерін аша бастады. Осы орыс және мұсылман мектептерінің түлектері арасынан алғашқы Қ. и. өкілдері: Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.-С.Бабажанов, Қ.Халиди, М.Шорманов, Ш.Құдайбердіұлы, т.б. шықты. Олар қоғам жаңалықтарын қабылдай отырып, отаршылдыққа, рулық-патриахалды артта қалушылыққа батыл түрде қарсы болды. Қазақ қоғамын зерттеп, оған озық идеяларды енгізуге тырысты. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ баспасөзі пайда болды. Тұңғыш қазақ газеті – “Түркістан уәлаяты” газеті 1870 ж. 28 наурызда дүниеге келді. Петербургте, Казанда, Орынборда, Ташкентте, Семейде қазақ кітаптары басылып шыға бастады. 1911 ж. алғашқы қазақ журналы “Айқапты” шығару қолға алынды. Ол “Қазақ” (1913 – 18) газеті мен бірге қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігін жаза бастады. Ішкі Ресейдегі демокр. ой-пікірлердің әсерімен 20 ғ-дың бас кезінен бастап Қ. и-ның екінші буыны (Ә.Бөкейхан, Б.Қаратаев, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, т.б.) өздерінің саяси бағыттарын айқын танытты. 1905 ж. қазанда олар Орал қ-нда 5 қазақ облысы делегаттары съезін өткізіп, ұлттық мүддені көздейтін партия құруды көздеді. Онда кадет партиясының бағдарламасы мақұлданды, оған қоса қазақ жерін тұрғылықты халықтың меншігі ретінде тану, орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтату, қазақ тілін басқа тілдермен теңестіру, ұлттық мектептер ашу, дін еркіндігін жариялау, мешіттер салу, т.б. талаптар қойылды. Қ. и-ның беделі өсті, олардың арасынан 1-Мемл. думаға 4-депутат, ІІ-Мемл. думаға 5 депутат сайланды. Ол депутаттар кадет және мұсылман фракцияларына кіріп, қазақ халқының мүддесін қорғады. 1917 жылға төңкеріске дейін толық емес мәлімет бойынша Қазақстанда 3 мың мұғалім, 590 а. ш. маманы, 244 дәрігер, 393 орта дәрежелі мед. қызметкерлері, т.б. болды. Азамат соғысы жылдарында олардың саны азайып кетті. Мыс., 1919 ж. бүкіл Қазақстанда бар болғаны 33 дәрігер және бірнеше роталық фельдшер ғана қалды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ескі интеллигенцияны пайдалану барысы, оның социализм жағына өтуі ұзаққа созылды. Бүкілодақтық ОАК 1919 ж. 4 сәуірде “Алаш” партиясының және “Алашорда” үкіметінің жетекшілеріне кешірім жариялады. Ескі интеллигенцияның өз мамандықтары бойынша жұмысқа қайта кірісуі ұзақ уақыт бойы аңсаған бейбітшіліктің орнауына, жаңа экон. саясаттың енгізілуіне, екі соғыстың салдарын ойдағыдай жеңуге игі ықпал жасады. Өлкелік партия ұйымының басшылығына 1925 ж. Қазақстанға арнаулы нұсқаулар алып келген Ф.И. Голощекин саяси қуғын-сүргінді тіпті асқынтып жіберді. Өйткені оның дем берушісі де, қолдаушысы да большевизм көсемдері еді. Бұдан И.В. Сталиннің БК(б)П Қазақ өлкелік к-ті бюро мүшелеріне 1925 ж. 29 мамырда жолдаған хаты толық дәлел болады. Хатта: “Менің жақында “Ақжол” журналымен танысуыма мүмкіндік туды. Осыған байланысты мен ақгвардияшылар баспасөзіндегі Шоқаевтың мақалаларын еске түсірдім де, осы мақалалар мен “Ақжол” журналының рухани “бірлігін” көргенімде төбе шашым тік тұрды... Советтер елінде мұндай сынға жол берілмеуі керек. Дереу шара қолданылсын!..”. Мен партияда жоқ интеллигенттердің саяси және идеологиялық майдандағы күреске араласуына біржолата қарсымын” делінген. Осы талапқа орай 1926 ж. БК(б)П Қазақ өлкелік к-тінің ІІІ пленумында басшылық қызметтердегі қазақ коммунистері дөрекі сынға алынды. Кешікпей бұл сын жалпы қазақ зиялы қауымына қарсы ашықтан-ашық қудалау мен айыптауға ұласты. 20 – 30 ж. жоғары мектептің сан жағынан өсуі мамандар қатарының толығуы мен Қ. и-ның қалыптасуына шешуші ықпалын тигізе алмады. Өйткені, біріншіден, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен техникумдары әлі шағын болатын, екіншіден, мамандарға сұраныс оларды даярлап шығару дәрежесінен көп артық еді. Соның салдарынан мамандар істейтін қызметке жұмысшылар мен шаруалар ұсынылды. Олар үшін көптеген қысқа мерзімді курстар ашылды. Жұмысшылар мен шаруаларды жаппай ой еңбегі саласына көшіру Қ. и-ның сан жағынан өсуіне алып келді. 1926 – 39 ж. Қазақстанда ой еңбегімен шұғылданатындардың саны 7,9 есе, 54 мыңнан 429,8 мың адамға дейін өсті. Алайда бұл республикада оның өз интеллигенциясы қалыптасты деген сөз емес еді. Олардың едәуір бөлігінің тиісті білімі болмады. Маман қазақтардың үлес саны аз болды. 1939 ж. қазақтардың арасында интеллигенттердің саны 8%-ға ғана жетті. Әсіресе ауылдық-селолық жерлерде маман кадрлар жетіспеді. Ой еңбегі қызметкерлерінің арасында әйелдер мүлде аз еді. 1937 – 38 жылдардағы нәубет Қ. и-ның қалыптасуына ауыр зардабын тигізді (қ. Саяси қуғын-сүргін). Соғыстан кейінгі кезеңде маман кадрларды даярлауға жоғары және орта арнаулы оқу орындары шешуші үлес қосты. Тек 1945 – 57 ж. ғана Қазақстанның жоғары оқу орындары 43,5 мың маман даярлады, олардың 16,5 мыңы қазақтар болды. Көптеген жас мамандар одақтас республикаларда білім алды. 1960 – 77 ж. аралығында Қазақстанның халық ш-нда жұмыс істейтін жоғары және орта арнаулы білімі бар маман қазақтардың қатары 5 есе дерлік (65,3 мыңнан 315,7 мыңға дейін), орыстар шамамен 3 еседей (202,2 мыңнан 601,9 мыңға дейін), украиндар (33,2 мыңнан 82 мыңға дейін), татарлар 3 есе (8,3 мыңнан 23,8 мыңға дейін), өзбектер 5 есе (2,9 мыңнан 14,7 мыңға дейін) өсті.

60 – 70-жылдары қазақтың ұлттық интеллигенциясы толық қалыптасты. Бұл уақытқа дейін қазақ халқының құрылымында интеллигенция ірі әлеум. қауымдастыққа айналды (1959 ж. 16% болса, 1970 ж. 25,1%-ға жетті). 70-ж. республикадағы ой еңбегі қызметкерлерінің құрамында қазақтар 30%-ға дейін өсті. 1985 ж. сәуір пленумынан кейін КСРО-да қайта құру басталды. 1986 ж. Желтоқсан оқиғалары қоғамдық сананың оянуына үлкен әсер етті. 80-жылдардың аяқ кезінен бастап Қ. и. өзінің саяси қызметін жандандырды. Репрессияға ұшыраған интеллигенция өкілдері ақтала бастады. Тарихтағы “ақтаңдақтарды” зерттеп, насихаттау (“Әділет” тарихи-ағарту қоғамы) қолға алынды. Қазақ тілін қайта түлету көкейтесті мәселеге (“Қазақ тілі” халықар. қоғамы) айналды. Қ. и. экология мәселелерімен (“Семей-Невада”, “Арал мен Балқашты қорғау”, т.б. қоғамдар) белсенді түрде айналысты. 1991 ж. желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ақын-жазушылардың, ғалымдардың талабымен қазақ тілі конституциялық мәртебе алып, мемл. тіл деп жарияланды. Қазақтардың дүниежүз. конгресінің шақырылуы республиканың мәдени өміріндегі аса ірі оқиға болды. Шет елдердегі белгілі қазақ ақын-жазушылары, ғалымдар, суретшілер, саясаткерлер, іс адамдары, т.б. өз атажұртымен тығыз байланыс орната бастады. Әкімшіл-әміршіл жүйенің күйреп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуы барысында Қ. и. қоғамда жетекші рөл атқарып отыр.

Әдеб.: Культурное строительство в Казахстане. Сб. документов и материалов, А.-А., 1965; Социально-культурный облик советских наций, М., 1986; Сатбаев К.И., Избранные статьи о науке и культуре, А.-А., 1989.

М. Қойгелдиев 

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: