20 Тамыз 2014, 08:52
Ағаштардың сыртқы түр-тұрпаты, өсетін мекенінің ерекшелігі адамдардың ежелгі тіршілігін еске түсіреді. Ұзын қарағай тәкаппар адам, мықшиған сексеуіл жазықсыз жапа шегуші, қара түсті баялыш сиықсыз, таста өсетін арша тасбауыр, қызыл тобылғы ұялшақ кейіпкерлер ретінде сомдалып, халқымыздың қалыңмал төлеп неке салтының көріністері айқын бейнеленеді.
Осындай мифтік түсініктен туған ағаштардың араздығы мен татулығы, құдаласу сарыны «Ағаш өлең» деп аталатын кейбір халық өлеңдері мен жұмбақ айтысқа да жиі арқау болады. Мысалы,
Тобылғы қарағанның қызын алып,
Ұялғаннан қалыпты қызыл болып.
Тобылғы шегіршіннің қызы екен ғой,
Сондықтан да бұралып түзге біткен.
Тағы бір аңыз бойынша сексеуіл мен балқарағай туысқан, әрі бойлары бірдей болған екен. Ал тобылғы болса сексеуілді баялыш бұтасымен атастыруға әрекет жасайды. Сексеуіл мұндай әрекеттен қорқып, тығылып қалмаққа құмды алапқа қарай қашып барып сонда орын теуіп қалады. Сонан сексеуілдің діңі қыңыр қисық болыпты. Сексеуілдің қайда тығылып қалғандығын бақылауға тауға шыққан қарағай мойынын созып, сонан бойшаң ұзын болған. Баялыш ашуға булығып сонан тікенекті бұтаға айналған екен. Мұның бәріне айыпкер тобылғы ұяттан қызарғандықтан оның қабы қызыл түске айналып кетіпті. Соған байланысты мынадай өлең жолы шыққан дейді.
Қарағай Сексеуіл құда болған,
Бойлай-бойлай қарағай ұзын болған.
Елшілікке Тобылғы жүремін деп,
Бітіре алмай ұялғаннан қызыл болған (ТС).
Әйткенмен қуаң далада мал өсірумен айналысатын көшпелі халықтары тек қана өз өлкесінде өсетін белгілі ағаштар мен шөптерді аңызға қосып, ерекше ардақтайтыны байқалады. Шынтуайтында, оларда жер емген диқаншы халықтардағыдай өсімдіктер туралы «өлу қайта тірілу» желісіне құрылған мифтер мен маусым сайын атқарылатын ғұрыптар қалыптаспаған. Сонымен, ағашқа байланысты қазақ фольклорындағы сан алуан аңыздар мен мифтердің антропоморфтық желіске құрылғандығын аңғаруға болады. Яғни антропоморфтық принципті аталмыш фольклорлық жанрлардың архитектоникасының құрылым және сюжет құраушы іргелі принципі деуге болады.
Ертеде дәстүрлі ортада ағаштың тұрмыс пен шаруашылыққа жарамдылығына қарай отындық ағаш және кәделік ағаш деп екі топқа бөлген. Ал, ағаштардың өсу, даму сатысына байланысты да екі түрге бөледі: жас ағаш және тіршілік циклы аяқталуы жақын кәрі ағаш. Балғын жас ағашты кесуге қазақтар «көктей соласың» деп тыйым салады. Сондықтан жас, толық өсіп жетілмеген ағашты қажетіне қарай ғана кеседі. Өсіп жетілген ағашты шірімей, құрт жемей тұрып қажетке жаратады. Кәрі қуарған ағашты жығып, шауып отынға пайдаланған.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»