2 Қараша 2015, 10:45
Қазақ киносының алтын қорына енетін туындыларда кездесетін ұтымды диалогтар мен кестелі сөздерді бұдан былай LIVE режимінде жариялап отырамыз.
– Бұларыңыз кім?
– Қалыңдық?
– Не?!
– Қалыңдық дейм!
– Мұныңыз қалай?
– Не қалай? Мұндай қыздар қолыңа түсе бермейді. Оң жақтағы сұлу аспирант. Әкесі ғалым адам, профессор. Ал сол жақтағы қыз болашақ дәрігер, әкесі директор!
– Қайдағы директор?!
– Саған бәрібір емес пе, әкесін алмайсың, қызын аласың!Тезірек жуын да, ана киімдеріңді киіп, адам құсап отыратын бол! Бол тез!
– Сүйікті қыздар, өзімді таныстырып қояйын. Омаров Тайлақ Омарұлы. 28-демін. Қазақ. Бойдақ. Жоғары білімді оқытушы.... жоқ-жоқ болғам жоқ. Некелеспегем. Тұрақ-жайым белгілі. Мамамның қойған аты – Тақиялы періште. Сұрақтарыңыз бар ма?
– Менің бір сұрағым бар...
– Сұраңыз!
– Мұндай әрі қысқа, әрі нұсқа сөйлеуді құпия болмаса қайдан оқып үйренгеніңізді айтып беріңізші!
– Өз бетіммен оқып үйрендім. Әсіресе, үлкен атамның ақылын көп тыңдадым. Өмір бойы ақылды бола беруден де адам жалығады ғой. Бір сәт ойнап-күліп серпілгің келед. Мәселен былай, сонаның құйрығына силеу түйреп жіберіп ызззззззззззззз, ыззззззззззззззззз дегенін.....
– Тоқтат жетер енді!
"Тақиялы періште" фильмінен.
Салтанат:
– Тастан, ән айтайықшы...
Тастан:
– Қой әрі, қойды үркітесің...
– Тыңдаш, Қайыркен, тойдан кейін ештеңе қалмады ма?... Шампан, шарап дегендей...
– Жоқ, ештеңе қалмады.
– Хммм... Сонда бәрін ішіп қойған ба?
– Қалғандарын тойға келе алмай қалған қонақтарға беріп жіберді.
– Хммм. Сарқыт қып па? Түк қалмады ма сонда?
– Түк те.
– Ең болмаса темекі тауып берш, үйде ұмытып кетіппін.
– Үйде ешкім шылым тартпайды.
– Өкінішті... Мәдениет дегеннен жұрдай екенсіңдер!
"Гаухартас" фильмінен.
...Ол кезде Каир мен үшін тірі тозақ болған, қазір де жұмақ болып тұрғаны шамалы. Тоғыз бірдей адал мәмлүк басқан қадамымды бағып жүр. Солардың қай-қайсысы болсын билікті қолдарына алғысы келеді.
Ал, мыналар мұсылмандарға қарсы көтерілген кәпірлер. Әмірлерімнің қайсысы менің заңыма қол сұққысы келді екен? Менің заңым бойынша Мысыр елінде діни алауыздыққа тыйым салынған".
– Бұл кәпірлер Ислам дінін қабыл алып, өмір сүре бермей ме?
– Қабыл алғысы келмейді, әйтсе де Бейбарыстың айтқаны бұл елде бұлжымас заң!
– Өмір сүргілері келмей ме сонда? Олай болса жат жерге барып тұрсын!
– Оған да келіспейді, дініміз үшін, жеріміз үшін өліспей беріспейміз дейді.
– Онда өз дінінде қалсын да, Мысыр елін қорғайтын болсын!
– Бейбарыстың айтқаны ел үшін заң!
"Сұлтан Бейбарыс" фильмінен.
– Бұл кім?
– Мен ғой, ата
– Cен емес, мен ата...
.....
– Мұнда неғып отырсың?
– Педсоветке келдім.
– Онда сенің не шаруаң бар?
– Мен жөнінде мәселе қарап жатыр.
– Мәселе. Қандай мәселе? Сені мұғалім етеміз дей ме?
– Директор етейміз дейді.
"Менің атым Қожа" фильмінен.
– Қатынжанды екеніңді көрдік, кел енді білек күшін сынап көрейік!
.......
– Жарайсың, Төлеш!
– Ә, солай ма?!
– Жігіт екенсің....
– Сіз мана маған қыз алдында қыр көрсете сөйледіңіз ау дейм?
– Иә, арқаңа батқаны енді білініп келе ме?
– Жоға да, еркек пен еркек еркекше сөйлесетін шығар деп ойлаушы ем...
– Мен немене, қатындарша сөйлестім бе?
– Бет тырнай сөйлеуіңізге қарағанда қатындардан алыс дей алмас ем.
– Жібекжан, арамызда жатқан мынау зербелдікке қарағанда...
– Екеуміз асау Ақжайықтың екі жақ жағасында тұрғандай көрінеміз бе?
– Иә. Екі жақ жағасында тұрғандаймыз. Даусымыз да жетед, үніміз де қосылар, әттең су терең, дүлей толқындар алай-дүлей, өткел жоқ.
– Өткелсіз судан құлаштай сермеп жүзіп өт демейтін бе ед?
– Деуіне депті ау, бірақ сол дүлейді сен де біліп қойшы! Әкем мені сенің еліңмен достасуға жіберген жоқ, шауып әкелуге жұмсаған.
– Онда сенің ел шабатын жасағың қайда? Жасырғаның ба, қалай?
– Мана төбе басында естідің бе, жоқ па, мен бейбақтың арманы жауластыру емес, елдестіру. Жасағымды жолдан қайтарып жібердім.
"Қыз-Жібек" фильмінен.
Әзірлеген – Жандос Смайлов.