Қазақ диаспоралары және «тарихи Отан»

18 Қыркүйек 2015, 06:24

Тәуелсіздік алған жиырма төрт жылдың ішінде Қазақстан шетелдегі қазақ диаспораларына, сол жақтағы тілдік ортаның, салт-дәстүріміздің жойылмауына алаңдаушылықпен қарайды.

Тәуелсіздік алған жиырма төрт жылдың ішінде Қазақстан шетелдегі қазақ диаспораларына, сол жақтағы тілдік ортаның, салт-дәстүріміздің жойылмауына алаңдаушылықпен қарайды. Жаһандану заманында шет жақтағы қандастарымыздың ұлттық құндылықтарымыздан айрылып қалмауы аса маңызды. Бір қуантарлығы – шетелдегі қазақтардың рухани кеңістігінде ұлттық мәдениетіміздің кейбір төлтумалық мәйегі, дәстүрлі жәдігерлері барынша бірегейлікпен сақталған.

Биыл Қазақстан Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуде. Мемлекеттігіміздің тарихын зерделейтін уақыт жетті. Ендеше, бұл тойдың тағылымы – төл мәдениетіміздің, тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеу болып табылады. Қазақ халқының мәдениетінің тарихи бастауларын анықтау арқылы оның құндылықтар жүйесінің толық этномәдени, өркениеттік картинасын жасауға болады.

«Диаспора құбылысын зерделеудің аксиологиялық қырлары» атты ғылыми мақаласында философия ғылымдарының докторы Серік Нұрмұратов:

«Қазіргі Қазақстан – көп этнос конфессиялары мен көп дін конфессиялары орын тепкен мемлекет. Қазақ халқы осы этноәлеуметтік кеңістікте жетекші рөл атқарады, оның осындай қызметі, миссиясы тарихи жағынан да, саяси-мәдени жағынан алғанда да ақиқатқа, тарихи шындыққа сәйкес келеді. Жаһандану жағдайында біздің еліміздің орнықты дамуының алғышарты және қоғамдағы аса жоғары маңызға ие болатын – ол этносаралық, мәдениетаралық және діндер арасындағы сұхбат. Сондықтан, тарихи Отан мен қазақ диаспоралары арасындағы қатынастар осы сұхбаттың үйлесімді өрбуіне, өзара ынтымақтастықың іргесі сөгілмеуіне қарай бағдар ұстауы тиіс.» - дей келе, мынадай тұжырым жасайды:

«Қазақстан Республикасының жер бетіндегі барлық этникалық қазақтар үшін, қайталанбас жалғыз тарихи мекен, заңды Отан. Тәуелсіз мәртебесі бекіген елімізге оралуға ниет еткен отандастарымызды қабылдауға түбегейлі бетбұрыс жасалғаны белгілі, бұл үрдіс шын мәнінде көптеген уақыт бойы ұлттың ішкі бірлігін нығайтудың тетігіне анйалды.»

Шеттегі қандастарымздың елге оралуы туралы бастаманы алғаш рет Мемлекет басшысы Н.Назарбаев көтерген болатын. Сөйтіп, 1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Сол жиында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Құрметті бауырлар, сіздерді қай уақытта да құшақ жайып қарсы алатын елдеріңіз барын, сүйенгенге тірек, іздегенге пана болар жерлеріңіз барын әрдайым естен шығармаңыздар!» - деп, атап өткен болатын.

Әрине, шетелдердегі қандастарымыздың Қазақстанға қоныс аударуы оңайға соққан жоқ. Әсіресе, орыс тілді ортаға сіңісу, тәуелсіз мемлекеттің әлі де ана тілінде сөйлемеуі оларды қынжылтты. Алайда, тарихи Отанына шынайы жаны ашитын, оны шынымен аңсап, сағынып келгендер үшін оның тікенегі де жұмсақ емес пе?! Көш жүре түзеледі, демекші бәрі де уақыттың еншісінде, бастысы "Тату үйдің тамағы тәтті" дегендей, татулығымыздың қадірін білу керек. Отанға адал қызмет ететін ұрпағы бар, көп этносты ортада өзара сыйластықты қадірлей білген халқы бар Қазақ елі "Мәңгілік ел" жолында екені анық.

Дария Жұмалиева

Бөлісу: