27 Тамыз 2014, 04:46
Арық қазуда шәмшілер, яғни арық қазушылар өзіндік әдіс-амалдарды пайдаланған. арық қазу үрдісінде жер бедерінің еңіс-ойпатына, ылди-қиясына қарай өзіндік ерекшеліктер болады. Бұл жұмыс мұқият және есеппен жүргізілген. Шаруашылық мақсаттың жөн-жосығына байланысты арықтың су асып ағатын тұстарынан бүйірлеп қосылатын жанама арықтар қазылады. Сонда, арнасынан асып кеткен су бүйіріндегі арықпен негізгі арыққа қайта құйылып, одан әрі өз арнасымен аға береді. Топырағы бос Сыр жағасында арықтың арнасын тарту кезінде судың өз күшін пайдаланады. Ол үшін алдымен арықтың екі жағын қуалай қос қатар топырақ үйіп, сағадағы дария суын сол екі дамбының арасымен жырып жібереді. Сөйтіп, бос жатқан топырақты судың өзі қуып шығарады. Мұндай әдістің арық тартудағы артықшылығымен қатар, зардап келтірер жағы да бар. Бос топырақты кеулеп аққан су арна табанын қазып, дарияның арнасын біржолата аударып әкетуі мүмкін.
Су жүретін арықтар мен каналдар қазу үлкен шеберлікті керек етеді. Ш.Уәлихановтың Ұлы жүз диқандарының кәсібі жөнінде жазған «Егіншілік туралы» атты еңбегінде былай делінеді: «Егістікке дейін жота-қырқалар мен сай-салалардан асып жатқан арықтарды өз көзіңізбен көрмесеңіз, сене қою қиын болар еді. Қазақ диқанының епті қолы мен табиғи жаратылысының зеректігі терең шатқалдағы өзеннен суды тартып үстіртке шығарады. Арықтың бір шақырымнан соң отыз сажын биікке қалай көтерілгеніне сүйсіне де, таңдана қарамасқа шараң қалмайды. Су қандай тереңдікте жатпасын, оны егістікке шығару қазақ диқанының қолынан келеді».
Николаев ауылындағы арық құрылысы. Зайсан уезі. СОСК 1910-11 жж. ҚР МОМ қорынан (КП 10438/210)
Егістікке су апарар арықтар белгілі бір жүйемен, табиғи жер бедерлерін тиімді қолдана отырып қазылады. Биікке тартылған арықтарға су жібергенде көп жағдайда келген су тоқырап, кері лықсып, қайтып отырады. Мысалы, оңтүстік өңірдегі Түлкібас жеріндегі Дәубаба арығының қазылу тарихын алайық. 1838 жылы Шаншар деген кісінің басшылығымен, Масат өзенінен Масат асуының биігіне орналасқан Қоралас руына су тарту үшін арық қазылады. Бірақ Шаншардың шығарған суы асудың қырына жеткенмен, әрі аса алмай кейін қайта беретін болған. Кейін арық ісіне Боқбасар деген кісі араласады. Оның тұсында су қырдан асады. Алайда, мұның өзі ұзаққа созылмайды. Ақырында 1860 жылдары Қойбек бидің араласуымен ғана су толық шығып, Қоралас жұрты егіншілікпен айналыса бастайды. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, арық қазуды Қойбек би түлкінің «сезіміне» сүйеніп жүргізген екен. Осы өңірде Келтемасат өзенінен арық тартқан Батырбек деген кісі жыланның табиғи қозғалысына сүйенген көрінеді. Шыбынды деген жерге келгенде әлгі «бастаушы» жылан кері қайтатын көрінеді. Батырбек тартқан арықтың суы да әлгі жерге дейін жетіп, әрі қарай шықпайды екен. Келтемасат өзенінің жоғарғы жағына ел келіп қоныстана бастағанда, егін салу үшін Батырбек арығынан да үлкен арық қажет болады. Мұндай арық қазуды Шуылдақ руының Жиынбай, Торғауыт деген азаматтары қолға алған. Ол кезде арық қазу үшін рұқсат қағаз алу керек болатын. Жиынбай 1852 жылы Батырбек датқадан алған рұқсат қағазы негізінде бұл күнде өзінің есіміндегі арықты қазып шығарады. арықты қазу ісіне тәжірибелі шәмші Ерназар Шамшитдинұлы да қатысады. Жиынбай басшылық жасаған осы арық қазу жұмысы кезінде жер қыртысы, онда өскен өсімдік түрлері есепке алыныпты. Кейін Жиынбай (1827-1867) басшылығымен қазылған осы арық кемерінің аумақтылығына, тереңдігіне байланысты «Үлкен арық» деп аталған. Жалпы, бұл арық Машаттың бүкіл алқабын, Арысқа жалғас даланы және Сазтөбенің батыс баурайын ала көсіліп жатқан даланы суландыру мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Осы арықтың маңызын білген Н.И.Гродеков Түркістан генерал-губернаторының канцеляриясына төмендегідей өтініш түсірген: «Келтемасат өзені жағасында айтарлықтай үлкен жер алқабы бар, ол жерді осы өзен суы арқылы суландыруға мүмкіндік бар және онда жаңадан орыс мекенін құрып, 200 ауланы қоныстандыруға болады». Сонымен қатар, хатта көктем мен жазда Келтемасат пен Жиынбай арығының суының көлемін анықтау міндетін қою, бұлақ суларын Батырбек арығына көтеруге болатын немесе болмайтын мәселесін шешу, былайша айтқанда, жаңа арықты суландыру мүмкіндігін арттыру мақсаты, ең бастысы, осы арықтың тау тізбегін қиюға тиісті тұстарын азайту туралы ұсыныс жасалды. Құжатта патша әкімшілігінің Жиынбай арығын арнайы зерттегені байқалады. Өйткені, Жиынбай өзінің қазған арығын өркеш тас жатқан тұмсықтан өткізерде терең етіп қазып, екінші дөңеске жеткен соң суды өз бетімен жіберген. Бұрышта иірім жасаған су толқып барып алға жылжыған. Онан әрі жерге қағылған қазыққа жіпті байлайды да, оңға және солға бұрады. Сосын арық қазылатын тұсқа бағыттап, жіптің астынан су толтырылған табақты жүргізеді. Мұндай тәсіл су жүретін жердің тегістігін біліп, арық қазу жұмысын тиімді жалғастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, тегіс жерге етпетінен жатып, су шығар жерді көзімен шамалап, арық қазу тәсілі де қолданылды.
Әдеб.: Кармышева Дж. Земледельческая обрядность у казахов // Древние обряды верования и культы народов Средней Азии. М.: Нау- ка, 1986; Чермак Л. Оседлые киргизы-земледьльцы на р.Чу // ЗЗСОИР- ГО. Книжка ХХVІІ. Омск, 1900; Дитков арық Киргизские нужды // ТС. Том 456. Ташкент, 1908; Мякутин арықИ. Юридический быть киргизов. Оренбург, 1910; Александров Н.Н. Земледелие в Сыр-Дарьинской области. Описание приемов земледелия преимущественно Ташкент- ского хлопкового и сухоземледельческого района. Часть 1. Общие приемы земледелия // Туркестанское сельское хозяйство за 1916-18 гг.; Нақысбеков О. Жергілікті халық тіліндегі арық-атыз түрлеріне байла- нысты қолданылып жүрген сөздер жайында // Қазақ диалектологиясы. Алматы: Ғылым, 1965; Алтаев Б.Ә. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының егіншілікке байланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Ғылыми жетекшісі Әлімбай Нұрсан. Тарих ғылым. канд. ғылыми дәрежесін алуға ұсынылған диссертациясының қолжазбасы. Алматы, 1994.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»