19 Қараша 2014, 07:49
Бөрік жасырмақ
Бөрік жасырмақ ойынында ұл балалар жиналып, екі топқа бөлінеді. Бір топтың ішінен бір бала шығып (жеребе бойынша), өз тобындағы біреудің қойынына бөрікті тығады. Егер қарсы топтың баласы бөрікті таба алмаса, оған айып салынады. Бұл айыпты былайша салады: бөрікті таба алмаған баланың көзін жауып, қарсы топта ойнаушылардың бірі оның маңдайынан шертеді. Ал ойынға қатысушы балалар одан – «кім шертті», - деп сұрайды. Егер бала болжап білсе, онда бөрік жасыру оның тобына өтеді. Бүкіл ойын осылайша өрби береді. Енді бозбалалар, яғни жасөспірімдер ойынына келейік.
Ақ сүйек
Айлыжарық түні бозбалалар күні бұрын белгіленген жерге келіп, екі топқа бөлінеді. Топтың бірінде жылқының сүйегі, мүмкін болғанынша ақ сүйек болады. Ойынға қатысушылардың біреуі сүйекті бар күшімен лақтырып жібереді. Содан соң қатысушылардың бәрі сүйекті іздеуге кіріседі. Бұл сүйекті тауып алған бозбала: «сүйек менде», - деп айқайлап, бар күшін жұмсап, «орда» деп аталатын шартты мекенге жүгіре жөнеледі. Егер сүйек алып жүгірген баланы ордаға дейін қарсы топтан ешкім қуып жете алмаса, онда қарсы жақтағы топтың бүкіл мүшелері сүйекті тауып алған топтың мүшелерінің айтқандарын орындайды.
Домалақ ағаш
Бұл ойында шағын шұңқыр қазылады, оның жанында қолына таяқ ұстаған бала тұрады, ал басқа бала домалақ ағашты таяқтың көмегімен шұңқырға айдайды. Шұңқыр жанында тұрған бала домалақты шұңқыр жағынан қағып жібереді және домалақтың шұңқырға түспеуіне бар амалын істейді. Бұл ойын – айдалған домалақ шұңқырға түскенге дейін жалғаса береді. Бұдан кейін орын алмастырылады, яғни домалақты шұңқыр жанында тұрған бала айдайды.
Шелек
Жер бетінен кішкене шұңқыр жасалады. Шұңқырға ұзыныдығы ширек метр таяқша – қарыс ағаш қойылады. Одан соң ойнаушылардың бірі қарыс аяқты таяқпен соғады, ол жоғары ұшып кетеді. Осы сәтте ойнаушы ұшып бара жатқан таяқшаны ұрып кеп қалады да, таяқша бірсыпыра қашықтыққа ұшып түседі. Содан соң қарыс ағашты соққан бала өз таяғын шұңқырға қояды, ал басқа бала таяқша ұшқан жерге жүгіріп барып, оны алады да шұңқырда жатқан таяққа лақтырады. Егер ол таяққа тимесе, онда айып белгіленеді. Айыптың мәні мынада: қысқа таяқша алыс жерге лақтырылады,ал айып салынған бала таяқша құлаған жерден дем алмастан шұңқырға дейін жүгіріп келеді; өйтпеген жағдайда таяқша лақтырылып, оның қайтадан жүгіруіне тура келеді. Ал айып салынушы жүгіріп келе жатқан уақытта, шын мәнінде дем алмай ма? – дегенге көз жеткізу үшін, ол үнемі «а-а-а!» - деп айқайлап жүгіруі тиіс.
"Қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрыптары" /
құраст. С. Е. Әжіғали;Алматы : Арыс, 2006.