15 Қазан 2014, 10:02
Азаматтық соғыс шет аймақтар халықтарының ұлттық мемлекеттігі идеяларымен санаспауға болмайтынын большевиктерге көрсетті. Олар кеңестік негізде Қазақ Аутономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізуге мәжбүр болды.
1919 жылдың10 шілдесінде В. Ленин Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет туралы Декретке қол қойды. Онда Қазақ революциялық комитеті өлкенің ең жоғары әскери-азаматтық басқармасы ретінде құрылатыны айтылды. Декретте оның мақсаттары мен міндеттері – контрреволюция мен интервенцияға қарсы күресу, өлкеде мемлекеттік, шаруашылық және мәдени құрылыс үшін жағдай жасау, Қазақстанда Кеңестердің Құрылтай съезін әзірлеу белгіленеді. Революциялық комитеттің қарауына Астрахан губерниясының қазақтар тұратын өңірлері мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары кірді.
Қазақ ревкомының басшысы болып, ұлты поляк, кеңестік тұңғыш комиссар С. Пестковский тағайындалды. Ревком құрамына В. Лукашев, Ә. Жангелдин, А. Байтұрсынұлы, М. Тұнғаншин, С. Меңдешев, Б. Қаратаев енді. Кейін оның құрамына А. Авдеев, Ә. Әйтиев, Ә. Әлібеков, С. Арғыншиев, Х. Ғаббасов, Т. Седельников, С. Сейфуллин, В. Радус-Зенькович тартылды.
Қазревком мен оның жергілікті жердегі органдары қазақ даласында Кеңестерді ұйымдастыру, адал пиғылды ұлттың зиялы өкілдерін Кеңес құрылысына тарту, қазақ жерін біріктіру жұмыстарын жүргізді. Қазревкомның органы – «Ұшқын» газеті шығарылды. 1920 жылғы 20 тамызда Кеңес үкіметі РКФСР құрамында «Киргиз (Қазақ) Аутономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет шығарды.
1920 жылдың 4 қазанында Орынбор қаласында Қазақ Аутономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Кеңестерінің съезі болды. Съезде РКФСР құрамындағы Қазақ Аутономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы жарияланды. Қазақ халқының ұлттық мемлекетінің шаңырағы қайта көтерілді. Республиканың құрамына Қарақалпақстан да кірді.
Съезд жоғарғы үкімет органдарын – республиканың Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесін сайлады. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып С. Меңдешев, ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып В. Радус-Зенькович сайланды. Сонымен қоса съезде «Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының Декларациясы» қабылданып, онда халықаралық қатынастардың негізі «Ендігі жерде РКФСР-ға енетін ұлттардың өзара сенімі мен түсіністігіне негізделетін тығыз және туысқандық байланыста болып табылады» деп көрсетілді.
Қазақ Аутономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы ел тарихындағы негізгі оқиғалардың бірі болып табылады.