Қазақ атының тарихқа шығуы

16 Қазан 2014, 05:44

Б. з. б. VI ғасыр. Еренғайып Омаров: “қазақтың арғы тегі ғұндар, скифтер, сақтар екеніне бүгінгі таңдағы тарих ғылымы күмəн келтірмейді.

Есіңізде болғай:

Мен, алдымен, сізге бұл туралы əр алуан əдебиеттерде кезігетін мазмұндардың тізбегін ғана ұсынамын жəне неғұрлым жоғарыда айтылғандарды қайталамауға тырысамын. Оның ішінде ол əдебиеттердің авторлары атаған кей этностардың іс жүзінде қазаққа қатысты емес болу ықтималдығын да ұмыта көрмеңіз. Ықтимал дегенім сөзсіз дегендік емес. Зерттеуді қажет етеді. Еуроцентризм сықылды сыңаржақтықтар талай сөзсіздікті ықтималдыққа да жолатпай қойған. Біз өйтпейміз. Егер ой өрісімізді кеңге жайсақ, “қазақ” деген əу баста бірер тайпаның ғана, тіпті бір жекенің ғана аты (Өзбек, Ноғай дегендердің атын есіңізге алыңыз), екі не одан да көп тайпалық одақтың біріккен аты болуы да мүмкін. Керей мен Жəнібек хандар оны хандық атына көтеруден бұрын, ел ішінде ондай ат бар болған (Керей мен Жəнібек оны азан шақырып ойдан қоя салғанемес) жəне оған қатысты қилы-қилы процес өткен. Қазақ атының тарихқа шығуын оқығанда, ол əдебиеттерде аталған қазақты тəп бүгінгі ұлы қазақтай елестетпеңіз. Мүмкін олар ұлы қазақтың бір құрамы, бір топ диаспорасы, т. б. болар. Əйтеуір, “Қазақтың шығу тегі-қайнары алыста жатыр. Оның дүниежүзіндегі басқа ұлттар сияқты ұзақ тарихы бар екенін археологиялық қазбалармен зерттеулер, өзімен көршілес мəдениетті ұлттардың тарихи естеліктеріндегі деректер, қазақтың өзінің шежірелік аңыздары, т. б. тегіс дəлелдеп отыр”. Төмендегілер осыған айғақ деректер:

Б. з. б. VI ғасыр. Еренғайып Омаров: “қазақтың арғы тегі ғұндар, скифтер, сақтар екеніне бүгінгі таңдағы тарих ғылымы күмəн келтірмейді. Ол (Ол- жас Сүлейменов. - С. Ж.) өзінің «жазу тілі» деген кітабының 369-бетінде Бехистундағы тау беткейінің жартасына салынған бедерлерді талдай келіп, оны біздің дəуірімізге дейінгі VI ғасырда жасалған көне ирандықтардың буындық сына жазуы деп тауып, өз көзқарасын ұсынады. Енді сол талдаудың толық мəтінін алып қарайықшы. Онда былай деп жазылыпты: “Бедерде тақта отырған Ұлы Даридың ұстыны бейнеленген. Оның алдында шахтардың шахына қастандық жасамақшы болған тоғыз тұтқын. Солардың тоғызыншысы парсы емес екендігі аңғарылады. Өйткені ол шошақ төбелі бас киімде бейнеленген жəне оның жоғарғы жағында sk - un - has - ak деген жазу бар”. Егер біз буындардың орнын ауыстырып skun - hasak деп байқасақ та жазу мағынасын жоғалтпайды. Сөзбе сөз аударсақ: “Екінші касақ” ”.

Ал, мен Еренғайыптың “Екінші касақ” дегенін “Күн қазақ”, “Һұн қазақ” дегендерге өзгертер едім. Егер бұған бас шұлғытсақ, күн, қазақ дегендердің ел аузына ілінгеніне 26 ғасырдың жүзі болмақ. Бірақ ұлт пен ұлттың тарихының ұзындығын жарыстырып салғыласуға да, ғылыми тағаны əлсізге сезіммен сене салуға да болмайды. Дегенмен зерделеу үшін естіген мен көргенді ортаға көтерген дұрыс.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: