Қазақ астаналары хронологиялық тәртіппен!

30 Маусым 2014, 05:33

Қазақ қазақ болмай тұрып, «қазақ» деген айбынды атты еншілемей тұрып түркілік дәуірдің бір бұрышында жүрген кезден-ақ өзінің елдік, қағандық, хандық дәрежесін дәлелдей білді.

Қазақ қазақ болмай тұрып, «қазақ» деген айбынды атты еншілемей тұрып түркілік дәуірдің бір бұрышында жүрген кезден-ақ өзінің елдік, қағандық, хандық дәрежесін дәлелдей білді. Ол замандағы көрші елді мойындататын таңбасы, елдігінің айғағы – ол мемлекетті бір ортаға біріктіре алар астанасының болуымен ерекшеленді. Қазіргі таңда да ел астанасы маңызды орынға ие. Мемлекеттік нышандардың бірі десек те болады.

Бұл посттың тақырыбын Қазақстанның емес немесе түріктің емес, қазақтың астаналары деп атағанымның да өте үлкен мәні бар. Қазақстанның астанасы біреу ғана, ал түріктің ішіне қаншама ұлт кіріп кетеді, сондықтан қазақтың деп алдым. Тарих қаншама көштен өткенмен, ол қазақ тарихының үлкен арнасы. Тарихымызға енген барша астаналарды біліп жүргеніміз артықтық етпес деген ниетте жазып отырмын.

Қазақстан тарихында Суяб қаласының орны ерекше. Ең алғашқы қағандықтың астанасы болып, бар рухани-мәдени, әкімшілік, сауда орталығына айналып, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы болған алғашқы астана. Үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының дамуына септігін тигізіп, астанасы болған Суяб қаласы өз дәуірінде сәнді де салтанатты қалалардың алды болды.

Түркілік кезеңдегі ең ірі қалалардың бірі Баласағұн қаласы өз заманында көрші елдерді мойындатқан астаналардың бірі болды. Ол да үш мемлекеттің Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің негізгі орталығы болды.

Қазіргі кезде де іргесі сөгілмеген көне қалалардың бірі – Тараз қаласының тарихта орны ерекше. Ұзақ жылдар бойы Ұлы Жібек жолындағы жетекші сауда орталықтары орналасқан қала, Х ғасырдан бастап Қарахан мемлекетінің астанасы саналды.

Жазба шежірелердегі «Бірінші қала» деген атпен белгілі Испиджаб (Сайрам) қаласы өте көне қала, сонымен қатар көптеген мәдениет орталықтарының ірі көзі болды.

Әлемдегі «екінші ұстаз» әл-Фарабидің кіндік қаны тамған киелі мекен саналған Отырар (Фараб) көне астаналардың қатарында. Қаланың қайсарлығын Шыңғыс ханның өзі мойындаған.

Оғыздардың астанасы болған Жанкент (Янгикент), Қимақтарға киелі пана болған Имақия қалаларының да тарихта маңызы зор. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың орталығы саналған Сауран мен Сығанақ, қазақтың бірнеше ханына астана болған Ташкент қалаларының тарихтың терең қойнауында қалдырған мұрасы мәңгілік.

Қазақ хандығының астанасы болған – Түркістан қаласының маңызы әлі күнге өз қасиетін жойған жоқ. Екінші Мекке саналатын қала өз заманында Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай сынды хандардың билігін нығыздай түсті.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан астаналары Орынбор (19205), Қызылорда (1925-29), Алматы (1929-97) болды. Қазақ қазақ болып өз егемендігіне жеткелі бері баршамыздың көз қуанышымыз болып Есіл өзенінің бойынан тұңғыш астанамыз Астана қаласы ірге көтерді. 

 

Бөлісу: