ҚАЗАҚ АРАСЫНДА ОҚУ ЖҰМЫСТАРЫН ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗУ КЕРЕК

28 Тамыз 2014, 03:23

Қаншама талпынғанмен, қаншама күшін салғанмен жеткі- лікті қылып школдар ашуға үкіметтің шамасынан келмейтіндігі анықталып отыр.

Қаншама талпынғанмен, қаншама күшін салғанмен жеткілікті қылып школдар ашуға үкіметтің шамасынан келмейтіндігі анықталып отыр.

Қазақ республикасында ашылатын əр түрлі школдарда, кітапханаларда һəм басқа оқу орындарында қызмет қылатын 2616 кісінің ғана расходын көтермекші болып отыр. Бірақ, оқу жұмысын жөндеп жүргізіп, балаларды тегіс оқытуға 20 мыңнан артық кісі керек. Бұлардың һəм басқа расходтары керек.

Оқу жұмысының шығындарының көбін үкімет орында- рындағы жиналатын əр түрлі салықтардан жұмсаңдар деп отыр. Бұл турада жұмыстың көбі губисполкомдардың мойнына ауады, бірақ олардың да жарылқауы, оқу жұмысына жеткілікті ақша берулері, халықтың байлығы, шаруаның жақсылығы һəм салық тез, түгелінен жиналуымен байлаулы нəрсе. Осыған қарағанда бұл орындарда жиналатын салықтарға сеніп отыруға болмайды. Сенгенмен губисполкомдар тезден аша аламайды. Оқудың мезгілі өтіп бара жатыр, балалардың бір жыл болса да оқусыз қалулары үлкен зиян екендігі белгілі. Бұдан былай ұйқыны қою керек. Енді бұл жұмысқа халықтың өзі кіріспесе болмайды.

Бұрын Николай заманында бірнеше жыл ізденіп, шығын- данып ашатын школды кеңес үкіметі өзі-ақ ашыңдар деп ұран шақырып отырғанда, халықтың үндемей отыруы зор айып, күнə. Школдың расходынан қашпай, бұрынғы жалдап молда ұстап бала оқытатын расходты мойындарына алып, школ ашулары керек. Бұл жұмысты аяққа бастырып, орындап, ел арасындағы оқығандардың, учитель, мұғалімдердің мойындарындағы зор міндет – школды мынау реттермен ашу керек. Бір ауылнай не бір болыс ел күш біріктіріп, байға байша, кедейге кедейше үй басына салық салып, сол жиналған салықты оқытушылардың һəм басқа қызметкерлердің ақысына, школдың керек-жарағына міндетті болып, жергілікті оқу бөлімдерімен «договор» жасап, школ ашу керек. Бұл қалыпта ашылған школдардың оқыту, балаларға  тəрбие  беру  тəртіптерін  сырттан  оқу  бөлімдері бақылауға тиіс. Оқытушыларға ақы «кəсіпшілер ұйымы» белгілеген мөлшермен беріледі. Салық төлеп оқуға шамасы келмейтін кедей балаларына бірнеше орын қалдыру керек, оқу құралдарын: кітап, қағаз, қалам сықылды нəрселерді жергілікті оқу бөлімдері алуы тиіс.

Ауылдың жиі жерінде балалар үйлерінен келіп оқуға болады, бірақ ауыл сирек, əр жерде отырған болса, қыс күні əсіресе киімі жоқ кедей балалары келіп оқуға өте қиын. Сол себепті балалар көбірек ауылдарда школдың қатар бөлімдерін ашу керек. Бұл қатар бөлімдердің расходы ортадағы школға деп елден жинаған салықтан берілуі керек. Бұл сықылды қатар бөлімдер ашуға, ауылдар өте сирек болып, аралары өте шалғай болса, əрине, балалар келіп оқуға болмайды, соның үшін школдың жанынан балалар жатып оқитын үй (общежитие) не болмаса интернат ашылуы қажет. Интернат ашылғанда бай балалары өз тамағымен келіп жатып, шамасы келмейтін кедей балаларына елден азық-түлік жинап беріп, сол үйде жатқызып оқыту керек. Мұндай интернат болмаса кедей балалары оқи алмайды.

Жоғарыда айтылған бойынша школды бір ауылнай не бір болыс ел болып ұйымдасып ашпаса, жеке бір кісі, яки бір- неше кісі болып ашуға болмайды. Себебі ондай школдарды ашушылар меншіктеніп, оқу-тəрбие жұмыстарын өздерінің дегенінше жүргізуге тырысып, үкіметтің школдар хақында шығарған жобаларын, тəртіптерін қолданбасқа мүмкін. Соның үшін жергілікті оқу бөлімдері бұл жұмысқа өте шұғыл қарауы керек.

Екінші, айтылып өткен реттермен ел арасындағы «кооператив» һəм басқа ұйымдар школ ашуға кірісулері керек.

Осы жұмыстарды ілгері бастыруға елдегі сенімді азаматтар зор міндетті һəм халықтың өзі де бұл жұмысқа салқын көзбен қарамай, шығатын азын-аулақ шығынға көзді жұмып жіберіп кірісулері керек.

 

«Қызыл Қазақстан» журналы, 1923, февраль, № 14, 12-13-беттер.

А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"

Бөлісу: