Қазақ ұғымындағы "Құдай" сөзі

25 Маусым 2015, 10:08

Қазақ ұғымындағы "Құдай" сөзі

Құдай деген сөз қазақтың ұғымында қандай мағынаға ие? Осы туралы айтайық. Деректер «Қазақтың  этнографиялық  категориялар,  ұғымдар   мен  атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиядан алынды.

ҚҰДАЙ – күллі дүниені жаратушы және оның әміршісі деп саналатын бір ғана құдіретті шексіз күш иесінің атауы. Қазақта Құдай сөзі Алла сөзінің синонимі ретінде қолданыла береді (қ. Алла тағала). Алайда бұл ұғым Алла сөзінен бұрынырақ пайда болған. Құдай ұрсын, сорлатқан Құдай, Құдай төбеңнен ұрсын деген тіркестер мұндағы Құдайдың тәңіршілдік кезеңдегі, құдайдың бойына табиғат құбылыстарына тән қасиеттерді теліген байырғы мифтік сананың кезіндегі қолданысын көрсетіп тұр. Ал, кейіннен қазақ жеріне ислам діні келуімен байланысты Құдай ұғымы исламдық мазмұнмен ауыстырылды, осымен байланысты Құдай жар болсын, жаратушы Құдай, құдіретті Құдай, жалғыз Құдай сияқты тіркестер кең қолданылды.

Халықтық түсінікте Құдай үғымына тән негізгі белгілерге Құдайдың жалғыздығы жататындар: бір Құдай, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан, күллі дүниенің иесі; адамзатты жаратушы болғандығы: құдіретті Құдай, Құдайдың құлы; істеген күнәлары үшін адамды жазалаушы қасиеті: Құдайдан қорқу, Құдайдан қорықпағаннан қорық; асқан мейірімділігі, рақымдылығы: рақымды Құдай, Құдай кешіргенді мен де кешірем, Құдай кешіргенмен, аруақ кешірмейді; шексіздігі, кеңдігі, жомарттығы: Құдайдың дүниесі кең, кең Құдай; барлық ырыздық, ырыс, несібені беруші: Құдай бергенді ешкім ала алмайды, Құдай алғанды ешкім бере алмайды, мен бермегенді Құдай берсін; асқан әділдігі: Құдайдың көзі түзу, Құдайдан қашып құтылмайсың, аққа Құдай жақ; жаза кескіштігі: Құдай жазасын берсін, Құдайдан тап; қорғап-қолдаушы, сақтаушылығы: Құдай сақтасын, Құдай сақтанғанды сақтайды; аманатты жерде қалдырмаушы: бір Құдайға аманат, бір Құдайға тапсырдым; о дүниеде жанның жұмаққа не тозаққа баруын анықтаушы: Құдай алдынан жарылқасын; бар нәрсенің, тірі жанның тағдырын білуші, тағдыр иесі екендігі: Құдай біледі, бір Құдай біледі, Құдай қаласа; асқан шебер, үйлеспегенді үйлестірушілігі: шебер Құдай т.б.

Қазақ халқының Құдай туралы бұндай түсініктері тек қана діни қызмет атқарған жоқ, сонымен бірге қоғамдағы ахлақтық қатынастарды реттеудің де қуатты құралы болды. Өзгелерді Құдайдың жаратқаны деп ренжітпеуден туған толеранттылығы, үйіне шақырмай келгенді Құдайы қонақ деп қадірлеп күтуден туған қонақжайлылығы, адамнан қорықпасаң да Құдайдан қорық деп кісі ақысын жемеуден, аманатқа қиянат жасамаудан туған адалдығы және т.б. осы сияқты көптеген ерекше ұлттық қасиеті осы ұғыммен тығыз байланыста қаралады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу: