Қазақ үш жүзі мен оның құрамы қазақтың ұлттық шежірелерінде недəуір толық берілген

28 Тамыз 2014, 13:53

Қазақ үш жүзі мен оның құрамы қазақтың ұлттық шежірелерінде недəуір толық берілген

Қазақ үш жүзі мен оның құрамы қазақтың ұлттық шежірелерінде недəуір толық берілген. Бірақ оның бас жағын толық, мүлтіксіз дей алмаймыз. Шежіре – ерте оянған ұлттарда пайда болып мұқият сақталған жəне жалғасы үзілмеген, сол ұлтты құраушы қауымдары бойынша таратып, адамзат дамуы жайындағы ілімге үлес қосатын, ауызшадан жазбашаға көтерілген тарих ғылымының қарт та сындарлы саласы. Өзге талай ұлттардікі секілді қазақ шежіресі жақсы дамыған жəне сақталған. Алайда шежіремізге сыртқы күштердің кері əсері мен ат төбеліндей ондайға əсіре көнгіш əлсіздеріміздің ықпалы аз болғаны жоқ. Бұл кемінде үшеу сықылды: Бірі, өзіміз бірінші бөлімде айтқандай, арғы тегімізді Эфиопиялық қатаман апарғандай сезілсе де, діни наным бұрылысынан соң, тіке араби аталарға телу арқылы өз арғы (мұсылман емес) ата-бабаларымызды ұмыттырудың болғаны.

Енді бірі, Шыңғыс қаған империясынан қалған биліктің осы ұмыттыруды жалғастыруы, тіпті əйгілі Абылайхан қазақ билері мен шежірешілерін жиып шежіре хаттатқан кезде де бұл олқылықтың толтырылмауы. Тағы бірі, іргелес екі ірі елдегі солақай саяси науқанның шежірені ескіге, фе- одализм сарқынына санап, көзін жоюға ұрынуы. Бұл Кеңестер Одағында 1950 жылдардан басталып, 1970 жылдарда ол туралы мақала жариялаған басылымдар қудаланған да екен [637]. Осы сықылды харекет Қытайда 1966-1976 жылдары жүрген “мəдениет зор төнкерісінде” де етек алды. Бүгінде, Хəн сықылды дəстүріне мықты, небір тар жол-тайғақ кешулерден өтсе де, діні де, жазуы да, ділі де өзгермеген ұлттарда, əр фамилия (тек) түгіл, кей жекенің (мысалы Кұң Фузының 80 неше буындық) ұрпақ тізімдігі том-том кітап болып шығып отыр. Ал, жоғарыдағы себептер салдарынан біздегі шежіре арғы атамыздан (мысалы Елжаудан) бүгінгілерге дейінгі ұрпақ санын 30-40 -тан асыра алмайды. Басты себеп тарихымыздың қысқалығынан емес, басты себеп дін де, жазу да, билік те, соған ілесе діл де өзгеріске ұшыраған соң, б. з. соңғы мың жылынан арғыдағы ата-бабаларымыздың есімдері естен шыққандығынан, дəлірегі əдейі естен шығарылғандығынан. Мұндайда сіз шежіремізден ұлтымыздың Ер Тоңа (Афрасияб, яғни Оғұзұлы Бұқа), Анахарс, Томирис (Тұмар ханым), Тұман, Мөде, Елжау, Оңғай сықылды б. з. б. өмір сүрген жеке аталары түгіл, тарих сахнасына көрнекі шыққан бүгінгі тайпалардың кешегі аттарын да толық кезіктіре алмайсыз. Əуелі Усунь мен Үйсін бір ат емес деушілермен айтысуға талай күш жұмсауға мəжбүр болып келдіңіз.

Дегенмен, шүкірлік, заман барған сайын оңалып келеді. Түзелген заман мен дамыған ғылым бəрін өз орнына қойып, ақиқатты адамзат алдына жаятын болады.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: