16 Ақпан 2015, 04:22
Бұл байқау – «Ассамблея жылы» аясында Маңғыстауда өтетін шаралардың бірі. Алдымен мемлекеттік тілде өнер сайысына түскен өзге ұлт өкілдері алдағы уақытта Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілінде ән айтып, ұлттық аспаптарында ойнаудан жарысқа түспек.
Аймақта тұратын ұлт өкілдерін ынтымақтастыққа, ауызбіршілікке ұйыта түсу, мемлекеттік тіл мен ұлттық өнерімізді дамыту және ұлтаралық мәдениетті бойларына сіңіру мақсатында Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы мен Маңғыстау облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы ұйымдастырған байқауға Ақтаудағы барлық этномәдени бірлестіктер атсалысты.
Байқауда украины, орысы, татары мен башқұрты, белорусы бар өкілдер қазақ тілінде «сахнаның сәнін келтірді». Белгілі сазгерлеріміздің әндері шырқалып, домбырадан қазақтың күйлері күмбірледі. Мысалы, украиндар М.Омаровтың «Анашым» әнін, Е.Хасанғалиевтің «Баянауыл» әнін, М.Жагорқызының «Дудар-ай» әнін орындаса, орыстар Н.Тілендиевтің «Сағынар жүрегін», М.Өскенбаевтың «Жеңіс» және О.Дүйсеновтің «Балдырған» күйлерін, ал татарлар О.Әубәкіровтің сөзіне жазылған Ә.Бейсеуовтің «Мұңайма» әнін, Абайдың «Көзімнің қарасы» әндерін шырқады. Қазақ тілінде жеке немесе хормен ән шырқап, аспапта орындауда бірінен-бірі асып түсуге тырысқандардан дағыстан ұлтының өкілдері де қалған жоқ. Олар өз кезегінде халық әні «Бір баламен» көрермен қошеметіне бөленді, ал белорустардың таңдауы Ш.Сариевтің сөзіне жазылған Б.Оралұлының «Бозжорға» әніне түсіпті.
Қазақстанды ортақ шаңырақ етіп, оның аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірнеше ұлт ұрпақтарының жас-кәрі демей қазақ тілінде ән шырқауы, домбырада күй тартуы бізді қуантты. Қазақ халқының белгілі сазгерлері мен ақындарының шығармалары бірінен соң бірі орындалып жатты. Бұл сайыста жүйріктерді таңдау оңайға түскен жоқ, алайда, «мыңнан тұлпар» шығар шеберлерді анықтауға тырыстық. Бірақ, ең бастысы, қазақ өнері, қазақ тілі ардақталған кеш болды, тәуелсіз Отанымызды мекен еткен бірнеше ұлт өкілінің достығы қуантты, дейді қазылар алқасының мүшесі, әнші Салихат Құдысова.
Өнер сайысында хор, вокал, соло, ұлттық аспапта орындау аталымдары бойынша анықталған жеңімпаздар сый-сияпаттарға ие болды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ
Материал дереккөзі: egemen.kz