ҚАЗАҚ һƏМ 4-ШІ ДУМА

27 Тамыз 2014, 11:51

«Айқап» оқушыларға мағлұм: төртінші думаға қазақ депутаттық сұрау керек деп жазылғаны.

«Айқап» оқушыларға мағлұм: төртінші думаға қазақ депутаттық сұрау керек деп жазылғаны. Бірақ ол сөзді ескеріп, депутаттық сұраған ешкім жоқ. Бұл қазақтың еш мұңы һəм думада еш жұмысы жоқтығы емес, алаңсыз ұйықтап жатқандығы. Қазақтың халі не болары белгісіз: қазақтың жері турасында бекіліп закон шыққан жоқ. Төртінші Дума арқылы бес жылдың ішінде талай закондар шығар. Олардың ішінде қазаққа деп арнап шығарылған, яки қазаққа келіп ұшығы тиетін закондар шықпай қалмас. Сондай орындарда қазақтың өзінен барған депутаттардың пайдасы тимей тұрмас  еді.  Оны  ойлаған қазақ болмады. Ондай нəрселерді ойлауға қолы да тимейді. Өз араларындағы дау-шары басқаға мойнын бұрғызбайды. Елдің бір жағын жау шауып жатса, екі қазақтың ерегесі оған барғызбайды. Ізденіп, сұранып депутаттық алып, ол жолменен қазақ Думаға кірмейтініне көз жетті. Басқа жұрттар сайлауға даярланып жатты. Орынборда тұрған қазақ азаматтары ішінде Түркістан жағынан келген Қоңырқожа Қожықов бар, ақылдасып, басқа жолменен қазақтан депутат болу жайын қарастырдық. Ақырында, Орынбор шаһарынан сайланмыш выборщиктің біреуін қазақтан сайлаңыз деп, ноғай туғандардан сұрамақшы болдық. Бұл ойымызды «Уақыт» адресіндегі1 адамдар да мақұл көріп, Орынбор сайлаушыларына жазған ашық хатымызға газетасынан орын беріп, ағайынды жұрттың бір-біріне еткен ұмытылмас сыйы болатындығы, бір-біріне махаббаты артылуына себеп боларлық нəрсе екендігін халыққа ұқтырмақшы болды. Хатымыздың сөзі мынау еді: «Құрметті діндес, қандас сайлаушы əпенділер! Баршаңызға мағлұм, үшінші иуін2 кануны бойынша жеті облыс қазақ жұрты дəулет Думасына өкіл сайлау хұқынан мақрұм болғаны. Өткен 3-ші Думада қазақтар хұсусында сөз болғанда, мұсылман өкілдері, оғайрилар, қазақ сөзін сөйлемек, қорғамақ ниеттері болса да, жайын-күйін жақсы білмеген себепті, əсерлі һəм дəлелді еш нəрсе айта алмады. Бұ болашақ 4-ші Дума қазақтарға тағылықты хүкімет тарапынан проектілер кіргізбекші. Олардың тіршілігінің таянышы – жер мəселесі турасында проектілер қаралмақшы. Жоғарыда айтылмыш 3-ші иуін законы бойынша қазақтар бұл Думаға да депутат жіберу хұқынан мақұрым. Хал мүшкіл: соңғы жер проекті қаралғанда қазақтардан өкіл болмайды, басқа өкілдер олардың халін жақсы түсіндіре алмайды. Сондықтан бұ Думаға бір ғана болса да қазақтан өкіл кіру бек қажет.

Əгерде мұсылман қарындастарымыз қазақ халінің мүшкіл екендігін ойлап, мархабат ететін болса, Орынбор шаһарының өзінен қазақтан бір өкіл кіргізуге мүмкін. Қысылған жерде қарасу, қиналған жерде болысу адамшылықтың, мұсылманшылықтың ең жоғары дəрежесінен еді. Шафқат деген нəрсе бар болғандықтан, біздер, Орынбор шаһарында тұрған һəм сайлар хұқықына мақұрым болған қазақ зиялылары, діндес, қандас қарындастарымыздан өтінеміз. Орынбордың екінші корнесінен  сайланатын  выборщиктікке  қазақтардың  біреуін сайласаңыз екен. Егер мұсылман қарындастарымыз бұ өтінішімізді қабылдаса, орыс сайлаушылар да қарсы келмес еді деген үміт бар. Қазақтан сайланатын депутат қазақ интерестерімен қатар барымызға матғұлық ғұмими мұсылман интерестеріне тырысатыны, мұсылман фракциясында болып, қызмет ететіні шүбəсіз. Татарлардан Уфа, Қазан губернияларынан бірнеше депутат бар. Енді Орынбордан болған бір орынды бізге мархабат еткеннен Сіздерге кемшілігі болмас. Əмбе алты миллион діндес, қандас қарындастарыңызға мəңгілік ұмытылмас бір ағайыншылық еткен болар едіңіздер».

Бұл өтінішімізді естіп, Түркістан шаһарынан «Уақыт» адресіне Шымкент уезінің қазақтары Байтереков, Қарынбаев, Алдияров, Махмұт Шариповтар телеграмма соқты. Телеграмма сөзі: «Біз, Шымкент уезінің қазақтары, Орынбор мұсылмандарынан өтінеміз – бізге қарындастық етіп, жəрдем қолдарыңызды созып, Думаға бір қазақ сайлауыңызды, Орын- бор губерниясындағы мұсылмандардың бұл еткен жəрдемі қазақтарға бек қымбат тарихи бір белгі (сый) болар еді».

Ноғайлардың ашық пікірлі адамдары: «Жолымызды қазаққа берелік, бұл бұйымнан емес, хұқықтан қарасып берген сыйымыз тарихтың жүзіне де, қазақтың көңілінде қалатын нəрсе», –  деді. Қараңғы пікірлі адамдары бұл істің асылына ой жіберіп қарамады. Қараңғыларға басшы болушы молдалар ғой, олар да: «Қазақ қандас қарындасымыз еді, бұлар депутатсыз қалып барады, жолымызды берелік», – деп айта алмады. Өздерінің қолайлап жүрген адамы Ғеси мырза Енекеевтен айрылмады. Енекеев мырза да: «Қазақ қарындасымыз үшін мен жолымды қиямын, менің орныма қазақтан біреуді сайлаңыз», – деп айтпады. Осы себептермен Орынбор шаһарынан қазақтан выборщик сайлана алмады. Төртінші Думаға қазақ депутатын кіргізуден үміт үзіп тұрғанда, Троицк шаһарындағы мұсылмандар Жансұлтан Сейдалинге выборщик бол деп еді, Сейдалин қабылдамай тұр деген сөз естілді. Мұны  естіген соң, Орынбордағы қазақтар Жансұлтан  əпендеге  телеграмма соқтық: «Троицк мұсылмандарының выборщик бол дегенін қабыл етіңіз» деп. Жансұлтан əпенді выборщик болып Орынборға келген соң білдік: «болмаймын деп тұр» деген сөз бекер екен, выборщик болуды əуелден-ақ қабылдаған екен. Выборщик болған соң, ойлап едік: депутат болуға да ойы бар шығар деп. Ондайы жоқ екенін Орынборға келген соң білдік. Депутаттықтан тартынатын себебі: пенсия алуға үш-ақ жылы қалған екен. «Депутат болсам, пенсиядан айрылып қаламын. Екінші, бұл Думаның ағзаларының көбі қаражүздерден3 болайын деп тұр, ондай Думада қазаққа не пайдалы іс етемін», –  деді.

«Осы көптен маған не тиеді» деп,  тойдан  қайтып  кеткен сықылды, мұнысы дұрыс емес, бірақ шыны пенсиясын қимағандық болды. Жолын Енекеевке беріп, Орынбордағы олай-бұлай жұмыстарын жұмыстап қайтты. Қысқасынан айтқанда, қазақты жатып жеген де, сатып жеген де төрелер еді. Мойнындағы борышын біліп, төлеуді ойлайтын төрелерден болып табылмады, «қатын ерге қарайды, ер жерге қарайды» деген сықылды болды.

Ашық пікірлі, тарақи4 жолындағы ноғайдың азаматтарына көп-көп рақмет, қазақтан депутат болуына күш салып-ақ еді, болмады. Өзімізге болмаса, өзгеге өкпелер жайымыз жоқ.

(1912 ж.)

А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»

Бөлісу: