15 Қаңтар 2015, 09:49
«Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» бәйгесіне!
Қазақ хандығының құрылуына дейінгі ұзақ тарихи кезеңде ұлан-байтақ Орталық Азия өңірін мекендеген түркі тілдес ту-тайпалардың ортақ аумақта өмір сүріп, бірте-бірте бірігуі мен дамуы арқылы өз алдына қазақ халқы болып қалыптасу процесінің алғышарттары бастау алды. Бүгінгі қазақ ұлтының арғы тегі болған ежелгі заманның тарихи деректерінің өзінде белгілі рулар мен тайпалар – сақ, үйсін, қаңлы және ғұн тайпалары еді.
Кеңестік дәуірдегі көп томдық еңбектер таптық тұрғыда жазылып, тап күресі басты орында тұрды, өткен тарихқа феодалдық, байшыл, ескішіл деген айыптар тағылғаны мәлім. Осының салдарынан қазақ халқында ешқашан ұлттық мемлекет болған емес, тек мемлекеттік құрылыстың жеке элементтері ғана болды деп көрсетілді. Оның өзінде бірегей саяси құрылым емес, ру-ру, ауыл-аймақ болып өз алдына отау тіккен шашыранды құрылыс ретінде көрсетілді. Нәтижесінде қазақ халқы бытыраңқы, сауатсыз, жабайы өмір кешуші халық кейпін де киді. Осылайша, бодандық, тоталитарлық жүйе заманында жазылған тарихымыз қазақтар жазу-сызуы, қалалары, мәдениеті, мемлекеті болмаған, жартылай жабайы ел еді, оларды Ресей өркениетке үйретті деген сарында жазылды. Бұған қарсы болған алаштың зиялылары саяси қуғын-сүргінге ұшырады.
Жаңаша көзқарастағы “Қазақстан саяси жүйесінің эволюциясы” атты ұжымдық еңбекте Батыс пен Шығысқа тән мемлекеттілік пен саяси дәстүрлердің қазақ қоғамында әлсіз болуы шындығында басты екі фактормен түсіндіріледі:
1) Қазақ қоғамының өмірінде батыстық түсініктегі мемлекеттің жоқтығынан оның ерекше рөлі болмады. Билік қатынастарының мазмұны мен сипаты мемлекет басқарудың классикалық шығыстық дәстүрлерімен анықталса да, тапсыз қазақ қоғамы негізінен азаматтық қоғам ретінде қызмет етті, өйткені қоғамның қатардағы мүшесінің мінез-құлқы “дала демократиясының” белгілі бір ережелерінің көмегімен реттелді. Қазақ қоғамын тік және көлбеу байланыстармен өрілген қандай да бір әлеуметтік ағза, жүйе ретінде қарастыруға болады.
2) Қазақтар өте ұзақ уақыт отарлық езгі көрді, соның әсерінен көшпенділердің тұрмысына европалық (батыстық) өмір салтының стандарттары енді.
М.М. Әуезов қазақ халқының бөгде мәдениеттердің рухани құндылықтарын сіңіру процесі өзінің айтарлықтай зардаптарын тигізгенін көрсетеді. Қазақы әдебиет, мәдениет пен өнерді жаңа заман талаптарының деңгейіне “көтеруге” ұмтылушылық өзіміздің тарихи дәстүрлерімізге немқұрайлықпен қарауға әкеп соқты. Бұл зардаптың жағымды тұсы – қазақы мәдениет икемді, бейімделгіш, бөгде мәдениет мазмұнының мәйегін тез қорытып, өзгерістерге деген сезімталдығы артты.
А. Абдуалы мен С.Мадуанов көптеген тарихшыларымыз бұл мәселеде кешегі кеңестік шекпенін әлі шеше алмай жүргенін айтып қынжылады. Атап айтқанда, қазақ мемлекеттілігінің тарихын бұдан 550 жыл бұрын құрылған қазақ хандығы тарихымен, ары кеткенде Ақ Орда кезеңімен ғана байланыстырып, ата-бабаларымыз 2000 жылдан бұрын ірге тасын қалаған Тараз, 1500 жылдан әрірек тұрғызған Түркістан сияқты қалаларымызды басқа жат жұрттықтар салғандай күлкілі жағдайға ұшыратып келетінін алға тартады.
Ал белгілі ғалым Ә. Марғұланның зерттеулері Қазақстан территориясындағы номадизм тарихы біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдан бастау алатынын дәлелдейді, осы кезеңде алғашқы этномәдени қауымдастықтар қалыптасып, олардың күн көрісі шаруашылық жүргізудің жаңа тәсілі – көшпелі мал шаруашылығымен байланысты болды.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында: “Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтап қалған халық” – дегені орынды.
Бүгінгі археологиялық қазба жұмыстарының жәдігерлері мен ғылыми-зерттеулердің нәтижелері, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жеке бақылауындағы “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының қол жеткізген жетістіктері қазақ халқының тарихы үш мың жылдық тұңғиықтан бастау алатынын дәлелдеді. Сол сияқты, бізге де мемлекеттілік пен демократияның құндылықтары тек батыстық үлгіде ғана болады деген жаңсақ пікірден арылатын кез келді. Оның ішінде мемлекеттіліктің ежелгі қазақ даласында өзіндік ерекшеліктері бар формасы болған.
Қазақ тарихын зерттеген тарихшылар, антропологтар мен археолог мамандар қазақтардың шығу тегін б.д.д. VII-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларынан шыққан дейді. Мысалы, А.Н. Бернштам қазақ сөзінің этимологиясын каспи және сақ деген екі тайпаның қосылуынан шыққан десе, “Қазақтың тегі туралы” атты еңбегінде М. Ақынжанов қазақ деген сөз “қас” – нағыз (мысалы қас шебер, қас батыр, сұлу т.б.), “сақ” – тайпа аты, яғни қазақ – нағыз сақ деген мағына береді дейді.
Сақтардың құрған мемлекеті де адамзат тарихында өзінің ізін өшпестей етіп қалдырған. Сақ-массагеттердің әйел патшасы Томирис парсылардың опасыз патшасы Кирдің әскерін талқандап, қанқұмар Кирдің басын шауып алып, қан толтырған қапқа салып, дарияға лақтырғаны да тарихи дастанға айналған. Б.д.д. IV ғ. бірінші жартысында жер жаһанды жаулап алған аты әйгілі Александр Македонскийдің жеңілмес атты әскері сақтардан ойсырап жеңілгені, Ескендір Зұлқарнайынның өзі осы шайқаста садақ оғынан санынан жараланып өлгені тарихтан белгілі.
Ал үйсін тайпасы туралы байырғы қазақ шежірелері мен қытайлық ежелгі тарихи жазба деректерде белгілі болғанын және қазақ халқының негізгі ұйтқысы екенін көрсетеді. Ш. Уәлиханов қазақ арасынан жинаған шежірелік деректерге сүйене отырып, үйсін – ұлы жүз қазақтарының түп атасы деп көрсетуі тегін емес. Қытайдағы қазақ ғалымдары ежелгі жазбаларға сүйене отырып жазған қазақ тарихын арап тілінен қазақшаға аударған М. Қанидың еңбегінде: “кемеліне келіп дәуірлеген кезде үйсін елінде 120 мың түтін, 630 мың адам, 188 мың 800 сайлауыт әскер болған. Бұл сан сол замандағы болған 40 мемлекеттің жан саны мен әскер санының мәліметі бойынша батыс өңірдегі 40 мемлекетте 39 мың 895 түтін, 309 мың 757 адам, 70 мың 499 әскер болған. Атап айтқанда, үйсіндердің жан саны олардан үш есе, әскер саны бір жарым есе артық еді. Ол заманның деңгейімен алғанда, үйсіндердің аса құдіретті мемлекет болғандығы осыдан байқалады”.
Өз дәуірінде мұндай күшті көршімен Ұлы деген Қытайдың өзі есептескен. Үйсіндердің билеушісі Елжау биге қытайлық Хан патшалығының императоры Уди б.д.д. 108 жылы өзінің қызы Шижұн ханшаны беріп құда болуы да терең стратегиялық мәні бар нәзік дипломатиялық қадам еді.
Қаңлыларға келсек, ол б.д.д. ІІІ ғасырдан бастап Сырдария мен Жетісу өңірін мекен еткен ежелгі тайпа. Өз алдына хандық құрып, оны бес иелік өңірлерге бөліп басқарғаны айтылады. Оның құрамында 200 мың үй, 600 мың жан саны, 120 мың әскері болған деген деректер бар. Қазақстандық археолог-ғалым Қ. Ақышевтың анықтауы бойынша, қаңлылардың саяси орталығы Отырар қаласы болған. Адамзат өркениетін дамытуға үлкен серпін берген доңғалақты арбаны ойлап тапқан осы қаңлылар деген аңыз да бар. Қытайдың жазба деректерінде қаңлы елінің ресми жазба заңы болған екен. “Сұй патшалығының тарихы, батыс өңір шежіресі” деген жазбада: “Қаңлылардың заңы хан сарайында сақталады. Осы заң бойынша қылмыстыларды жазалайды. Өрескел ауыр қылмыс жасағандардың тұқымы құртылады. Одан соңғылары өлдім жазасына үкім етіледі. Ұрлық істегендердің қолы кесіледі” делінген.
Ғұндар 24 тайпадан біріккен ірі тайпалық одақ ретінде б.д.д ІІ ғасырда дәуірлеп, б.д.д. І ғасыр тұсында ыдыраған. Ғұндардың дәуірлеген шағы Мөде ханның билеген тұсы, шығыста Ұлы Қытай қорғанына дейінгі, батыста Памир тауына дейінгі, солтүстікте Байкал көліне дейінгі аймақты жайлаған. Қазақ совет энциклопедиясында қазақтың арғын және қыпшақ тайпасын ежелгі һұндермен байланыстырылады. Арғын тайпасының елдік аты (этнонимі) «арұғ» (таза, ақ), «ғұн» (Һұн) деген екі сөзден құралып, «арұғ – ғұн» – (арғын) болған, бұл (таза ғұн), «ақ һұн» мағынасын білдіреді деген болжам айтылады.
Жоғарыда баяндалған сақ, үйсін, қаңлы, ғұн ұлыстары өзара тығыз саяси, экономикалық, шаруашылық және мәдени қарым-қатынаста болды, айырбас сауда жасалып, аралас-құралас ғұмыр кешті. Кейбір ұсақ тайпалар біресе үйсін ұлысының, біресе қаңлылар ұлысының құрамына кіріп отырды. Үйсіндер алғашқы кезде ғұндарға бағынды, кейін келе ғұндардың бір бөлегі үйсіндер мен қаңлыларға қосылып кетті. Ал қаңлылардың кейде үйсіндерді, кейде ғұндарды өз қол астына қаратқан кездері де болды. Мұндай саяси және мәдени-рухани сипаттағы, әлеуметтік-экономикалық, сонымен қатар демографиялық-миграциялық қарым-қатынастар оларды бір-біріне жақындата берді.
Ру-тайпалардан құралған байырғы қазақ даласы құрылымы жағынан түрлі ассоциациялар мен бірлестіктерден тұратын өзіндік бір азаматтық қоғам іспетті. Ә.Н. Нысанбаевтың тұжырымы бойынша, көшпенділерде үлкен әлеуметтік және саяси күш әлеуметтік өзіндік ұйымдасуының негізгі формасы – рулар мен тайпаларға түсті. Мәселен, қазақтар малына жеке меншік ете алғанымен, жерді тек ұжымдық түрде ғана пайдаланатын.
Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылысын отандық зерттеушілер ежелгі қытай, парсы, түркі тарихшыларының еңбектеріне сүйене отырып жеті сатыға бөліп көрсетеді. Бірінші саты – ауыл. Ол қазақ ұлтының ең негізгі қоғамдық ұйымы, ең жақын, қандас он-он бес отбасынан тұрады. Әр ауылды басқаратын адам – ауылбасы. Ауылбасы әдетте өмір көрген, саяси беделге ие, едәуір дәрежедегі ауқатты адам. Оның атқаратын міндеттері – ауылдастарының шаруашылығын басқару, маусымдық көшіп-қону уақытын белгілеу, адам мен көлік күшін дұрыс пайдалану, дау-дамайды әділ шешіп отыру, түскен салықты уақытында төлеу, жоғарыдан келген жарлықты орындау. Осының бәрін ол халықпен ақылдасып шешеді. Екінші саты – аймақ жеті атадан қосылатын бірнеше ауылдан құралады. Мұның басшы адамын ақсақал деп атайды. Ақасақал өте жоғары мәртебеге ие адам, ортадан жоғары жастағы адам болуы керек. Үшінші саты – ру. Ру он үш-он бес аймақтан тұрады. Басшысы – рубасы. Төртінші саты – арыс. Ол бірнеше рулардан тұрады. Оның басшысы би болған. Бесінші саты – Ұлыс. Ол бірнеше арыстан құралады. Ұлыстың билеушісі – сұлтан. Алтыншы саты – жүз. Жүз бірнеше ұлыстардан құралады. Жүзді хан билеген. Жетінші сатысы – хандық. Ол үш жүзден тұрады. Хандықтың ең үлкен әміршісі – қаһан. Ұлы хан, яғни хандардың ханы.
Ата-бабаларымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысқандықтан, шаруаның ыңғайына қарай жаз жайлауы, қыс қыстауына көшуі қажет болды. Бұл өз кезегінде көшпенді өмір-салтын ұстануға ықпал етті, ұлан-байтақ аумақта тұрмыс-тіршілік етіп, сәйкесінше, өзіндік ерекшеліктері бар мемлекеттік басқару мен экономикалық жүйе қалыптасты, еркіндікке құштар ұлттық болмыс пен мәдени-рухани жан-дүние де қазақ сахарасындай кең болуының бір сыры да осында жатса керек. Ежелгі қазақ қоғамының еркіндігі төрт түлік малын баққан туған жеріне деген сүйіспеншілікпен, оған иелік етумен тығыз байланысты. Мысалы, Ғұн мемлекеті Қытай көршісімен қарым-қатынасында жер мәселесі аса маңызды болғаны тарихтан мәлім. Ғұн билеушісі Мөде хан Қытай императорымен келіссөз жүргізу кезінде бейбітшілікті сақтау үшін өзінің әйелін де, астындағы атын да қиған, бірақ қытайлықтар ғұндардан азғантай жер сұрағанда бірден қанды шайқасқа шығуы ата-бабаларымыздың тәуелсіздікті, ел мен жердің тұтастығын қалай қадір тұтқанын дәлелдейді.
Осылайша, қазақ халқының арғы тегі болған тайпалардың қысқаша тарихы б.д.д. VIIІ ғасырдан біздің дәуіріміздің VI ғасырына дейінгі аралықты қамтыиды. Бұл ру-тайпалардың геноқорында, экономикалық тұрмыс-тіршілігінде, рухы мен мәдениетінде, ділі мен тілінде туыстық жақындық және ұлттық біртектілік бар еді. Олар қазақ ұлтының құралуындағы алғышарт пен ұйтқы болды.
Қазақ даласы VI ғасырдан бастап қоғамдық дамудың жаңа сатысына қадам басты, ру-тайпалар ерте феодалдық және феодалдық-хандықтардың қол астына бас қоса бастады. Атап айтқанда, VI ғасырдан ХІІ ғасырға дейін Түрік қағандығының, Түркеш қағандығының, Қарлық қағандығының, Қарахандардың қол астына бірікті. Бұрын өз алдына өмір сүрген ұлыстар мен тайпалардың біртұтас мемлекеттік билікке бағынып, ұзақ уақыт бойына аралас-құралас бірге жасауы олардың арасындағы түрлі бағыттағы қарым-қатынастарды күшейте түсті. Ұлыстар мен тайпалардың бір-біріне өзара ықпал жасауы оларды жақындатты, бірігу үдерісі артып, тайпалық айырмашылықтар барған сайын азайып, бірегей халықтық қасиеттер артты. Ықылым заманнан басталған қазақ тайпаларының экономикадағы, тұрмыстағы, мәдениеттегі және тіліндегі біркелкілік этногонездің заңдылығы бойынша ұлт болып қалыптасудың алдында тұрды. Осыған орай Түрік, Түркеш, Қарлық қағандықтары мен Қарахандардың мемлекетілік ерекшеліктеріне тоқтала кеткенді де жөн көріп отырмыз.
Мұсатаев Сейілбек,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының профессоры.
Мақала qamshy.kz сайтынан алынды