15 Қаңтар 2015, 10:01
Түрік қағандығында мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі қағаннан бастап ру-тайпа бастығы бектерге дейін жиырма сегіз дәрежелі лауазым иелері болды. Бұл қазіргі мемлекеттік қызметте қолданылатын билік бөлінісі мен тепе-теңдігі, қарсы-салмақ, иерархиялық саты және мансаптық құрылымның көрінісін көз алдымызға елестеді. Ең жоғарғы билеушісі қаған – бүкіл елдің иесі, елдегі барлық қарулы күштердің ең жоғарғы қолбасшысы. Қағаннан кейінгі лауазым ұлық. Қағандықты басқаратын әр дәрежелі лауазымдар: япғұ, тегін, шад, еркін, тархан, бек, бұйрық, шор, елтебер, тұтұқ деп аталды. Билік атадан балаға мұрагерлік жолымен ауысып отырды.
Түрік қағандығында бүкіл мемлекетті территорияға бөліп басқару жүйесі болған жоқ, бүкіл ел ру-тайпа жіктері бойынша басқарылды. Қағандықтың негізгі халқы «он оқ» деген он ірі тайпаға бөлініп басқарылды. Бұл ірі тайпалардың бастықтары «шад» деп аталды, сонымен он ірі тайпаны он шад биледі. Он ірі тайпа «оң қанат» және «сол қанат» деп екіге бөлінді. «Сол қанатқа» дулаттардың бес тайпасы, «оң қанатқа» нүшпелердің бес тайпасы кірді.
VI ғасырдың 60-шы жылдар Түркі қағандығы сол уақыттың ірі мемлекеттері Византия, Сасанид, Иран жэне Қытаймен саяси-экономикалық қатынастардың жүйесіне еніп, Қиыр шығысты Жерорта теңізімен байланыстыратын сауда жолдарына бақылау жасау жолында күрес жүргізді. Қытай мен Византияның арасын жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы Түркі қағандығының үстін басып өтті. Бұл саудалық-керуен жолы оның бойындағы қалалардың көркеюіне, сауда-экономикалық байланыстардың нығаюына игі ықпал етті.
VI ғасыр аяғында Алтай тауында болған кішкене ғана түріктер 50 жыл ішінде Солтүстік Қытайдың шекарасынан бастап, бүгінгі Қара теңіздің жағалауына дейін жетіп, осы аумақта алып империя құрды. Осылайша Түркі қағандығы саяси және мәдени мұрасы арқылы Орта Азия мен Оңтүстік Шығыс Еуропаға едәуір әсер еткен алғашқы Еуразиялық империяны құрушылар болды.
Түрік қағандығындағы ру-тайпалардың тілінде диалектілік айырмашылық болғанымен, олар бірыңғай түркі тілінде сөйледі. Осы кезде бұлардың арасында қазіргі кезде орхон-енисей жазбасы деген атпен белгілі руникалық жазу кең таралып, жазбаша әдебиет пен мәдениеті жарыққа шықты. Кейінгі заманда сол дәуірден қалған орхон-енисей жазуымен жазылған тас жазулар көп жерден табылды. Осы тас ескерткіштердің ішіндегі ең маңыздысы VI-VIII ғасыр ескерткіштеріне жататын үш ескерткіш Білге қағанның, оның туысы Күлтегіннің және Білге қағанның қайын атасы, әйгілі қолбасшы Тоныкөктің құлпы тастарына жазылған сына жазулар. Тәуелсіздікті, елдік пен азаттықты қамтамасыз ету үшін қағанды құрметтеу, ақылдыны тыңдау, қажет болғанда өміріңді қиып, қаптаған қалың жаумен соғысу, батырлық рухты мадақтау, ердің қанаты – атты жырлау, сол ежелгі және ортағасырлық түркі халықтарының эпикалық жыр-дастандары мен көне түркі жазба ескерткіштерінде кеңінен орын алған. Түрік қағанатының ескерткіші болып табылатын Орхон тас жазбасында: «Сөзімді түгел естіндер: бүкіл жеткіншегім, ұланым, біріккен әулетім, халқым» деп бүкіл түркі жұртына үндеу тастап, халықты бірлікке шақырады. Мұндағы басты ой – түркі халқы жойылмай, ел болсын деген егемендік идеясына ұқсайды.
Сонымен қатар, мемлекеттіліктің қас жауы – ел билеудегі жалғастықтың үзілуі, жақсы дәстүрлердің жойылуы екендігін ежелгі түркілер тасқа қашап жазып кетті. «Інінің ағадай, ұлдың әкедей бола алмауы, біліксіздік, жалтақтық, алауыздық жайлап, жат жұрт – табғаштардың алдауына сеніп, арбауына көнгендіктен, ағалы-інілі дауласқандықтан, бек пен халық жауласқандықтан түркі халқы елдігінен айырылып», елу жылдай жат жұртқа тәуелді болғандығы өкінішпен баяндалады. Осындай қиын жағдайдың әсерінен 582-603 жылдар арасында Түркілер Батыс және Шығыс қағанаттарына бөлініп, тұтас Түркі қағанатының дәурені аяқталады. Батыс түрік қағанатына бүгінгі Қазақстан аумағы (Амударияға дейінгі Орта Азия аумағы) кірсе, Шығыс түркі қағанатына бүгінгі Қытайдың солтүстік-батысы мен Монғолия жерлері кірген болатын.
Қытайлық Тан патшалығының қолдауымен толас таппаған тайпалар арасындағы ішкі қырқысу Батыс Түрік қағандығын да әбден әлсіретеді. Аяғында Тан патшалығының шапқынына ұшырады. VIII ғасырдың басында Батыс Түрік қағандығы құлап, оның орнына Түркеш қағандығы құрылды.
Түркештер үйсін құрамындағы бес арыс дулаттың белді тайпасы. Түркештер көсемі Өжелі ұлыстарды біріктіріп, өзіндік басқару жүйесін құрады. Қол астындағы халықты жеті мың тұрғыннан құралған жиырма әкімшілік аймаққа бөліп басқарады. Тан патшалығымен келіссөздер жүргізіп, өзінің баласын елші етіп жібергені баяндалады.
Түркеш қағандығында қалалар дамып, отырықшы егіншілік пен көшпенді мал шаруашылығының өркендеуіне үлкен ықпал жасалды. Қалада қолөнер өркендеп, айырбас бұйымдар өндірілген. Түркеш қағандығына қарасты қалалардың көбі батыс пен шығыс арасындағы керуен сауда жолы үстінде болды. Бұл қалаларда керуен саудасы мен ішкі сауданың көлемі кеңейді. Сауданың өркендеуіне байланысты Түркеш қағандығында ақша айналысы жарыққа шықты, түркеш қағандары металдан ақша шығарды. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде көне қалалардың жұртынан Түркеш қағандығының металл ақшалары табылды. Бұл ақшалар сыртқы көрінісі жағынан сол замандағы қытайлардың ақшасына ұқсайды, ортасында төрт бұрыш тесігі бар дөңгелек ділдә.
Дегенмен, Түркеш қағандығы тұс-тұстан төнген қауіп-қатер астында арпалысып өмір өткізді. Оның сыртқы саяси жағдайы ауыр болды. Осы кезде Орта Азия халқына, сондай-ақ түркеш халқына төнген басты қауіп араб шапқыншылары болды. Түркеш қағаны Сұлу Орта Азия елдерімен бірлесе отырып, араб әскерлеріне бірнеше рет тойтарыс берді. Ел-жерінің бейбітшілігін қорғау жолында араб шапқыншыларына қарсы күрес жүргізді. 737-жылы түркештер соғдылармен бірлесіп, Амудария жағасында арабтармен шайқасып, ұрыста арабтар жеңіп шықты.
Араб шабуылынан қашқан босқындар ағылып Түркеш қағандығына келіп жатты. Арабтардың Орта Азияға басып кіруі отырықшы, егінші аймақтар мен мал шаруашылына дағдарыс әкелді. Осындай ауыр жағдайда түркеш билеушілері үкімет билегіне өзара таласты. Сұлу қаған өз үстемдігінің соңғы кезеңінде алым-салықтан кірген кірістер мен соғыс жорықтарынан түскен олжаларды тайпа ақсүйектеріне үлестірмей, мемлекеттің бюджетіне айналдырған еді. Бұл да ру-тайпа ақсүйектерінің қарсылығын қоздырды.
Түркеш қағандығы 699-жылдан 766-жылға дейін өмір сүрді. Ол өзінен бұрынғы Батыс Түрік қағандығы сияқты, Алтай тауынан Тянь-Шань тауына, Баркөлден Арал теңізіне дейінгі территориядағы тайпаларды түгел биледі. Оның негізгі орталығы ежелгі үйсіндердің атамекенінде болды. Осы өңірді ертеден мекен еткен қазақ тайпалары Түркеш қағандығының құрамында болды.
Түркеш қағандығы соңғы дәуірде сары түркеш және қара түркеш деп екі иелікке бөлінді. Сары түркештің ордасы Шу өзені бойындағы Суяб қаласында, қара түркештің ордасы Талас өзенінің бойындағы Талас қаласында болды. Бұлар бірі-бірімен жауласты. Ішкі-сыртқы соғыстар Түркеш қағандығын әбден әлсіретті. Ал бұл кезде Алтай тауын мекен еткен қарлықтар күшейе түскен еді. Олар әлсіреген түркештерді жеңіп, оның жерін алды. Сөйтіп 766-жылы Түркеш қағандығы құлады да, өкімет билігі Қарлықтардың қолына өтті.
Ал Шығыс Түркі қағанатының соңғы қағаны Озмыш қаған 744 жылы ұйғырлардың қолынан қаза табады. Содан түрік қағанатынын негізінде 6 мемлекет пайда болады. Батыста Хазар мемлекеті, Қазақстанның жерінде 3 мемлекет: Жетісуда – Қарлұқ, Сыр бойында – Оғыздар, Ал Ертіс алқабында – Қимақтар мен Қыпшақтар. 5-ші мемлекет Енисей алқабындағы – Енисей Қырғыздары, ал қазіргі Монғолияның жерінде – Ұйғырлар. Осы алты мемлекеттің әлеуметтік-саяси ара салмағы бірдей болып, олар Түркі қағанаты негізін қалаған түркілерге тән мемлекеттілік дәстүрін жалғастыра білді.
Х-ХII ғасырларда ауқымы Жетісу, Сыр мен Әмударияның арасындағы Мауараннахрды қамтыған мемлекет Қарахандар әулеті қазақ тарихында ерекше орын алады. Қазіргі тәуелсіз Қазақстандағы сияқты Оңтүстік орталық Алматы, Солтүстікте елордамыз Астана болып екі ірі орталық қалыптасқанындай, Қарахандар елінің де екі орталығы болды. Бірі Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласы, екіншісі Шыңжаңдағы Қашқар қаласы. Сонымен қатар, бұл мемлекеттің этникалық құрамы да күрделі болған. Қарахандар әулеті Орта Азия өңіріндегі ірі феодалдық мемлекет болды.
Хан сарайында ханға ең жақын адам уәзірлер еді. Бүкіл елдің әскери, әкімшілік және шаруашылық жұмыстарын басқаратын лауазым иелері бұғұрұш, абғұ, түксин сияқты үш жүйеге жіктелді. Хан сарайындағы мансаптылардың белгілі бір иерархиялық штаты болды.
Қарахандар дәуірінде егіншілік, мал шаруашылығы, қолөнер және сауда гүлденіп, елдің экономикасы мейлінше дамыды. Сауданың өркендеуіне байланысты ақша айналымы дами түсті. Бұрынғы қалалар көркейіп, жаңа қалалар жарыққа шықты. Жетісу өңірі мен Сырдария алқабында сәулет өнерінің тамаша туындылары ретінде сақталған Айша Бибі күмбезі, Аяққамыр, Алашахан күмбезі, Тараз қаласындағы Әулие ата Қарахан мазары, Бабаша Хатұн күмбезі, Сырлытам, Талас өзеніндегі Тас көпір, Тараз моншасындағы су құбыры және олардағы сан алуан ою-ернек, нақыштар Қарахан дәуіріндегі өнердің озық үлгілері саналады.
Қараханилар дәуірінде ғылым мен мәдениет те гүлденді. Бұл мәдениеттің батыс иеліктегі басты орталығы Самарқан қаласы мен Бұхара қаласы болды. Бұл екі қала бұдан бұрын ислам мәдениетінің өрбіген орындарының бірі болып келген еді. Шығыс иеліктегі негізгі мәдениет орталығы Қашқар мен Баласағұн қаласы болды. Қашқар қаласы ерте кезде манихей мәдениетінің орталығы болған еді. Қараханилар заманында ислам мәдениетінің бесігіне айналды.
Қарахандар дәуірінде Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың мәдениеті дами түсті. Әлемге әйгілі Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» яғни, «Түркі тілдері сөздігі» және Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғұ білік» (Құтты білік) сияқты шығармалары жарыққа шықты.
«Диуан лұғат ат-түрік» еңбегі араб тілінде жазылған үш томдық ірі шығарма. Ол түркі тілдерінің тұңғыш толық сөздігі, сондай-ақ түркі тілдес халықтардың тарихы, этнографиясы, тілі, фольклоры, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, геосаяси жағдайы, мемлекеттік саясаты, шаруашылығы мен мәдениеті жайындағы деректерді беретін шежіре энциклопедиясы еді.
Ж.Баласағұнидың “Құдатғу білік” поэмасында саясат, мемлекетті басқару өнері, билеуші этикасы, адамдардың қарым-қатынасы мәселелерін жан-жақты қарастырған. Еңбектегі басты құндылықтар: білім, әділдік, парасат, қанағат, бақыт, батылдық. Аталған шығарманың тағы да бір ерекшелігі – оның мемлекет қайраткерлерінің өзара сыр шертісуіне негізделуі. Соған сәйкес, Әділдік – Елбасы ретінде “Күнтолды”, Бақыт – Уәзір кейпінде “Айтолды”, Игілік – Уәзірдің інісі образында “Оғдүрміш”, Ақыл – Уәзірдің баласы болып “Ілдірміш” деген есімдерді иеленген. Осындай қасиеттерді жеке-дара тұлғаның бойында бөлек-бөлек қарастыра отырып, автор терең мағыналы ойды бере білген: ешбір адам аталған қасиеттердің бірін ғана меңгеріп бақытқа жете алмайды, мұндай игі қасиеттер кешенді түрде, бірін-бірі толықтыра отырып бақытқа жетелейді.
Осылайша, X-XII ғасырлардағы Қарахан мемлекетінің құрамына қазақ халқы да енді. Бұл қазақ ру-тайпаларының саяси-экономикалық және рухани-мәдени өміріне, ділі мен дініне, ұлт ретінде бірігуіне өзіндік ықпал жасады, қазақ халқының ұлт болып ұйысуында айтарлықтай рөл атқарды.
ХIII ғасырда тарих сахнасына шыққан жер жаһанды жаулаушы Шыңғысхан (Темучин) күшті монғол патшалығын құрып, қазақ жерлерін өзіне бағындырып алды. Ұлан-ғайыр көп территорияны жаулаған Шыңғысхан көзінің тірісінде осы жерлерді төрт ұлына енші етіп үлестірді. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары батысқа қарай «монғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар», оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейінгі жерлер берілді. Амударияның төменгі жағындағы аймақтар (солтүстік Хорезм) мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды. Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың үлесіне Қашқария, Жетісу, Мауараннахр тиді. Үшінші ұлы Өгедайға батыс Маңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы әкесінің қара шаңырағы Маңғолияны мұраға алды. Бұл ұлыстардың барлығы Қара қорымдағы (Маңғолиядағы) ұлы хақан Шыңғысханға бағынатын болды. 1227 жылы 25 тамызда Шыңғысхан жорық жолында ауырып қайтыс болды. Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін де балалары мен немерелері соғыс жорықтарын жүргізе берді.
1235 жылы Қара қорымда ашылған құрылтай шығыс Европаға жорық жасауды ұйғарды, Шыңғысханның немересі, Жошының ұлы Батихан қолбасшылыққа тағайындалды. Жүз елу мың әскерді бастап шығыс Европаға жорыққа аттанған Батихан 1236-1242 жылдар аралығында Еділ бойындағы болгарларды, орыс княздықтарын талқандап, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдовияны және тағы басқаларды ойрандап, Адриат теңізінің жағалауына дейін барып, «жер шетіне жеттік» деп қайта қайтты да, Еділ сағасына келіп Алтын Орда мемлекетінің іргесін қалады.
Алтын Орда мемлекеті құрылу қарсаңындағы жойқын жорық шайқастары табанды қарсылық көрсеткен қалаларды қиратып, отырықшы өлкелерді ойрандап, жергілікті халықтардың шаруашылығына, мәдениетіне ауыр зардабын тигізді, алайда, ол Алтын Орда құрамына қосылған халықтардың шаруашылығын, мәдениетін жоя алмады, қоғамдық даму тарихын үзіп тастай алмады. Сұрапыл соғыс тұманы айыққан соң халық шаруашылығы қайта жанданып өркендеп, мәдениет гүлдене бастады.
Шыңғысханның Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алуы және ол жерлерді ұлыстарға бөлуі нәтижесінде қазақ халқының басым көпшілігі Ертіс өзенінен Еділге дейін созылған Жошы ұлысының құрамына қосылып, алғашында Алтын Орда хандығына, кейін одан бөлінген Ақ Орда хандығына қарады.
Алтын Орданың мемлекеттік құрылымы әскери негізде болды. Алтын Орданы билеуші хан ондағы барлық қарулы күштердің бас колбасшысы саналды. Мемлекет билігінің белді ұйымы – әскери феодал-шонжарлар мен алпауыт бектердің құрылтайы болды. Шешуші кезеңдерде осы құрылтайлар ашылып, мемлекет тағдырына қатысты, ма-ңызды саяси, әскери мәселелерді ақылдасып шешіп отырды. Алтын Орданың қарулы күштері оң қол (баронғар) сол қол (жұңғар) деп екі қолға (қанатқа) бөлінді. Шыңғыс ханның ұлкен ұлы Жошы хан өлген (1227) соң, оған мұрагерлік еткен Жошының екінші ұлы Бати хан қарулы күштердің оң қанатын тікелей өзі басқарды да, сол қанатын ағасы (Жошының үлкен ұлы) Орда Еженнің басқаруына берді. Қарулы күштердің әрқайсы қанаты: түмендік, мыңдық, жүздік және ондықтарға бөлінді, оларды түмен басы, мыңбасы, жүзбасы, және онбасылар басқарды. Қарулы күштердің жоғарғы қолбасшылық міндеттерін хан тұқымынан шыққан ханзадалар, әскери феодалдық-шонжарлар — нояндар атқарды. Олар өз қол астындағы әскерді басқарумен қабат сол әскер алынған ру-тайпаларды да биледі. Аса маңызды әлеуметтік кызметтерді басқаруға әмірлер, дарғы бектері белгіленді. Мемлекеттік мекемелердің басында атақты билер мен олардың көмекшілері – бақауыл (бөкеуіл), тұтқауыл, жасауыл, бітікші, тамғашы, тартынақшылар отырды. Алтын Ордаға бағынышты шеткері аймақтарды басқару үшін өкіл әкімдер – дарғы бектері мен тамғаш және басқақтар тағайындалды.
Олардың басты міндеті — жергілікті халықтарды билеп-төстеу, олардан хан қазынасына алым-салым жинау еді. Алтын Орда хандығы өз құрамына енген түркі тілдес тайпалар мен халықтардың ежелден келе жатқан ел басқару жүйесін өзгертпей бұрынғы қалпында қалдырды. Жергілікті басқару орындарының қызметін бұрынғыша жергілікті феодалдар атқарып отырды. Алтын Орда хандары жергілікті халықты өз феодалдары арқылы басқарды. Түркі тілдес тайпалар мен халықтардың феодал-шонжарлары да өзінің халық бұқарасына үстемдігі мен төтенше кұқығын сақтау және нығайту үшін Алтын Орда үстемдігіне ынтасымен қызмет етті.
Дегенмен, Алтын Орда хандығының мемлекеттілігі баянды болмады, халқының құрамы қырық ру ел болғандықтан біртұтастыққа қол жеткізе алмады. Оған түрлі ру-тайпалардың әлеуметтік-мәдени даму дәрежесінің әркелкілігі, экономикалық негіздің әлсіздігі де кері ықпалын тигізді. Оған қоса басқыншылыққа ұшыраған тәуелді халықтардың азаттық үшін күресі де белең алды. Сонымен қатар, тарихи маңызды оқиғалар орын алды: 1380 жылы Куликов даласындағы шайқаста Алтын Орданың Мамай бастаған қалың қолын жеңген орыс княздары Алтын Ордадан тәуелсіздік алды. Алтын Ордадаи бірте-бірте Қырым, Еділ болгарлары бөлініп шықты, Хорезм Әмір Ақсақ Темір мемлекетіне тәуелді болды. ХIV ғасырдың аяқ шенінде Алтын Орданы билеген Тоқтамыс хан мен Орта Азияны билеген Әмір Темір арасында сұрапыл соғыстар болды. 1391 жылы Әмір Темір екі жүз мың әскерімен Алтын Ордаға шабуыл жасады, 1395жылы Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың әскерін талқандап, оның астанасы Сарай-Беркені басып алды.
Осындай қоғамдық-саяси үдерістер нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда мемлекеті бірте-бірте ыдырап, ақырында құлады да, ХIV ғасырдың II жартысында бірнеше аймаққа бөлінді: 1227 жылы Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы өлген соң, Ертістен Дунайға дейінгі алқапты жайлаған Жошы ұлысы оның ұлдарына енші ретінде бөлініп, батыс және шығыс бөлікке айырылды. Шығыс дешті қыпшақты үлесіне алған Орда Ежен және оның мұрагерлері Алтын Орданың шығысындағы ұлан-байтақ өңірде қазақ ру-тайпаларынан тұратын Ақ Орда мемлекетін құрды.
Мұсатаев Сейілбек,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының профессоры.
Мақала qamshy.kz сайтынан алынды