ҚазҰУ жанындағы атақты Ботаникалық бақ

9 Қазан 2014, 04:29

Алматы қаласындағы Ботаникалық бақта жиі боласыз ба, әлде мүлдем болмадыңыз ба? Жалпы осы бақ туралы не естігеніңіз бар?

Көлік пен зауыттардан шығатын түтін, ауаның ластануы, мегаполистегі шу – осының бәрі Алматы қаласы тұрғындарының тыныштық пен кіршіксіз табиғатқа деген сұранысын арттыруда. Мүмкіндігі бар азаматтар демалыс күндері көлігіне отырып, өз отбасымен бірге қаланың тысқары жерлеріне, тау баурайына барып келеді. Бірақ жұрттың бәрінде мұндай мүмкіндік жоқ, оның үстіне демалыс күндері қала маңынан тыныштық табу да оңай емес, өйткені көлігі барлардың бәрі сонда барады. Алайда Алматы тұрғындарының бағына орай, мәселенің бұрыннан келе жатқан жақсы шешімі және ол ҚазҰУ қалашығының жанындағы Ботаникалық бақ. Бұл жаңадан ашылған бақ емес, оның тарихы бүтін бір ғасырға таяп қалды, десе де қалалықтар бұл бақ туралы көп естігенімен оған баруға не уақыт таппайды, не құлшыныс білдірмейді.  Осы себепті El.kz редакциясы осы бақтан әзірленген арнайы фоторепортажды оқырман назарына ұсынады. 

1. Тимирязев пен әл-Фараби көшелерінің арасында, ҚазҰУ қалашығы мен Атакент кешенінің ортасында орналасқан бұл бақ - жас жұптар арасында өте танымал. Бұл жер сондай-ақ, фотосессия жасау үшін де өте қолайлы. 

2. Уикипедиядағы мәліметке сенсек, Қазақстанда әртүрлі табиғи-климаттық жағдайда орналасқан 6 ботаникалық бақ бар. Олар: Алматы Ботаникалық бағы, Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағы (Ақтау), Жезқазған ботаникалық бағы, Алтай ботаника бағы(Лениногор), Іле ботаникалық бағы (Бақанас), Қарағанды ботаникалық бағы бар. Алматыдағысы Бас ботаникалық бақ деп аталады, яғни қалған 6 бақтың ішіндегі ең ауқымдысы.

3. Алты бақтың алғашқы бесеуі Ботаника және фитоинтродукция инcтитутының құрамына кіріп, бір орталыққа бағынған Ботаникалық бақ жүйесін құрайды. 

4.  Ботаникалық бақ жүйесіне кіретіндері мемлекеттік болып саналады. Ал ҚР «Ерекше қорғаудағы табиғи аумақтар туралы» Заңына сәйкес, Мемлекеттік ботаникалық бақ дегеніміз – табиғатты қорғау және ғылымды ұйымдастыру мәртебесін иеленген, ерекше қорғаудағы табиғи аумақ. 

5. Мұнда сирек кездесетін, тіпті жойылу алдында тұрған өсімдіктер түрлерін сақтау, қорғау, оларды өсіріп-өндіруге байланысты зерттеулер жүргізіледі. 

6. Бұл бақта жергілікті және басқа жерлерден әкелінген өсімдіктердің 5,5 мыңдай түрлері бар және оның 100-ге жуық түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген.

7. Еліміздегі ботаникалық бақтардың бәрі 2006 жылы республикалық деңгейдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне еніп, айрықша мәртебеге ие болды. 

8. Бас ботаникалық бақтың негізі 1932 жылы қаланды. Ол кезде оның аумағы 108 гектар болатын. Бас бағымыздың қазіргі аумағы 103,6 гектарды құрайды. Бұл жер теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте орналасқан. 

9. Екі түрлі мемлекеттің куәсі болған бұл парктің проблемалық тұстары да жоқ емес. КСРО ыдырағаннан кейін бақтың жағдайы өте қатты нашарлап кетті. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенімен бақтың бір кездері құлпырып тұрған жағдайы оңайшылықпен оралар емес. 

10. Кеңес Одағы кезінде Бақ Ғылым академиясының қарамағында болса, КСРО құлаған соң ҚР Білім және ғылым министрілігіне өтті. Zakon.kz сайтындағы мәліметке сәйкес, Министрліктен ботаникалық баққа жыл сайын 90 млн. теңге бөлінеді. 

11. Ботаникалық бақтың ерекшелігі сол, мұнда өсімдіктерден бөлек тек жабайы табиғатта кездесетін жануар түрлерін кездестіруге болады. Тиындар осы бақтың сәніне айналғандай, олар мұнда өте жиі кездеседі. Байқампаз демалушы қырғауыл секілді құстарды да көре алады. Қыс мезгілінде мұнда тіпті түлкі де жүреді. 

12. Баққа келушілердің мәдениеті әрқалай. Мәселен, кейбіреулер «атың шықпаса жер өртенің» әрекеттерін жасап, ағаштарға осындай жазу қалдырып кетеді. 

13. Епринцевтар отбасы баққа тек демалу үшін келеді. Олар мұнда өте көп уақыт өткізеді. Алғашында бақты бір аралап шығады, содан соң өзара ойын ойнайды. Бұл бақ несімен ұнайды деген сұраққа тыныштығы мен ауасы және ағаштары мен өсімдіктері деп жауап берді. Сондай-ақ, жабайы жануарларды көруге болатыны да бұл отбасыға қатты ұнайды. 

14. Жайна есімді мына қыз ҚызМемПУ (бұрынғы ЖенПИ) студенті. Ол мұнда құрбыларымен суретке түсу үшін келді. 

15. Негізінде, баққа келетін жастардың көбі осы жерде суретке түскенді жақсы көреді. Оның үстіне күз келген соң, ағаш жапырақтары қызыл-сары түске боялып керемет фон беріп тұр. 

16. Бақ аумағының үлкендігі сонша, мұнда қарағайлардың өзі арнайы орман болып жайқалып тұр. 

17. Бақта ең жиі кездесетін ағаштардың бірі - емен. 

18. Мұқият іздеген адам жабайы жүзімді де тауып алады.

19. Бақты аралауға жаздың күні 2 сағат кетсе, қыс мезгілінде 1 сағат кетеді. 

20. Баққа кіру құны адам басына 350 теңге. 

Ботаникалық бақ туралы білу тек алматылықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақ жұрты үшін қажет, себебі бұл – Алматы қаласының ең бір қайталанбас көрікті жерлерінің бірі, оңтүстік астанамызға жолы түскен жолаушының міндетті түрде баруы тиіс тағы бір орын. 

Дархан Өмірбек

El.kz интернет-жобасы

Бөлісу: