Әз Наурыз «Амал» мерекесінен басталады – этнограф Болат Бопайұлы

14 Наурыз, 14:17 1029

14 сәуірден бастап «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп көрісіп, мауқын басып» деп Хакім Абай айтқандай, адамзаттың ауызы аққа, төрт түліктің ауызы көкке тиген шақта еліміздің батыс аймағында халқымыздың көне дәстүрі «Көрісуді» тойлау басталады. Қазақ халқымен бірге жасап, бүгінге жеткен дәстүрдің мәні мен маңызы туралы жазушы-этнограф Болат Бопайұлымен сұхбаттасқан едік.

El.kz: Болат аға, тарихтан тамыр тартқан «Көрісу» ғұрпының басты ұғымы нені білдіреді?

Болат Бопайұлы: Көрісу - ағайынның арасындағы араздықты жойып, барыс келісті күшейтіп, ренжіскендер болса кешірісетін, татуласып, табысатын кезең. Қыстың қырынан аман шықтық деп қараөзек шақта ел болып есендігін сұрасады. Ертеде шаруа баққан ел алты ай қыстан соң «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында» көштің қамына кірісіп, қоныс жаңалауға жер шалады. Жаз жайлауға көшер тұста көшпенді халық ұланғайыр атырапты мал бағып мекен етіп кететіндіктен, ұзынсарыда бір кездесіп, амандық сұрап, саулық тілеседі. Сондай-ақ, жердің тоң кеудесі жіби бастағанда сайын далада тарыдай шашылып шаруа баққан ел туған ағайын-туысын, жақын-жұрағатын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Дәл осы кезеңде қаптың түбі қағылып, сірге жияр ет асылып, кебежеде ұзынсарыға сақталған сүрлер, қазы-қарта мен жал-жаялар  қазанға салынады. Осылайша, ағайын-туыс пен көрші-қолаң жиналып «қаптың түбін қақтық, қалған етті астық» деп дастархан кәдесі жасалынады. Мұның да соғымды әу бастап бөлісіп жедік, соңғысын да бөлісейік, келер жылғы соғымымыз шүйгін болсын, көпке бұйырсын деп ырым етіп, жақсылығымен бөлісуді осындай кәде жолына сыйдырып келген. Осылайша амалдарды орындап, әз-Наурызға жеткен. Күн мен түн теңелгеннен кейін үш күн өткен соң ел көштің қамына кірісетін болған.

El.kz: «Амалда» жасалатын амалдар туралы айтыңызшы...

Болат Бопайұлы: Ата дәстүрімізде көктемнің еншісінде үш амал бар. Оны амалдың басы, ортасы, соңы деп бөлген. Амалдың басы жақсы болса, ортасы қатты болуы мүмкін. Соңы жылымық болады деп болжаған. Соның алғашқысы - мәз амалы. Ол ақпан тоқпан басылғанда, көктемнің алғашқы айында, яғни осы наурыз айының тоғызы кіреді. Он жетісі шығады. Қазақтағы «мәз келмей, әз  келмейді» деген қадірлі ұғым осыдан қалса керек-ті. Одан кейін күн мен түн теңелгенде әз амалы кіреді. Ұлттар мен ұлыстарды жақындастыратын алтын арқау әз наурызды осы мерекенің жалғасы, шырқау шегі десек болады. Көктем амалдары кіргеннен бастап «көрісу», «амал мерекесі» деп аталып, тойлана бастаған. Осы кезден бастап халық, қыстың қысымшылығынан аман шықтық,  жайма шуақ көктемнің күні келді деп  есептеген. Ал жалпы осы көрісу ғұрпын наурыз мейрамынан бөле-жара қарастыра алмаймыз, ол – әз-наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес.

El.kz: Көнеден тараған күнпарақта халқымыз жылдың басы деп 14 наурызды белгілегені белгілі. Соған байланысты болып тұрғаны ғой...

Болат Бопайұлы: Дәл, солай. Ескіше жыл санау бойынша «шәмсия» - күн есебі, «қамария» - ай есебі. Соған байланысты наурыз айының  он төрті  жылдың басы болып есептеледі. Көктем келе жасалатын үш амалдан соң  адам баласының тынысы кеңейіп, тіршілігі жандана түседі. Жер жүзіндегі жасыл желектің тамырына нәр тарап, жан-жануарлардың бойында жаңа қан жүгіреді. Айналаны сазды әуенге бөлеп, сырнайлатып, кернейлетіп, дауылпаздатып «Әз» үніне үн қосу осы ізгі амалдарды орындаудың, наурыз мейрамын әспеттеудің бір көрінісі іспетті.

El.kz: Бұл жоралғылардың маңызы, тәрбиелік мәні неде?

Болат Бопайұлы: Ұлы дала төсінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғатпен тілдесіп, халықпен үндесіп келе жатқан мейірім мейрамының маңызы мен мазмұны да теңдессіз. Жасалатын жоралғылардың да тәрбиелік мәні тереңде жатыр. Салт-дәстүрлеріміз - ұлттық сананың іргетасы, түп қазығы. Мұндай жоралғыларды жасау тек ұлан асыр той жасап, ат шаптырып, сауық сайран құрумен шектелмейді. Оның мән мағынасы жастардың бойына қазақтың ұлттық дәстүрін дәріптеп, әдебиеті мен мәдениетін сіңіруінде. Ата бабамыз жас буынға адамгершілік қағидаттарын, табиғаттану, жаратылыстану деген теңдессіз ұғымдарды осы жасалатын амалдар арқылы кеңінен таныстырып отырған. Балалардың үй аралап көже ішуі, оларға көрімдік пен базарлықтың берілуі ұлттық санаға айрықша әсер ететіні сөзсіз. Әсіресе, үлкендердің татулығына көзі қанығып, олардың тағылымын тыңдаса қазақы дәстүр қанында қалыптасады. «Бақыттың шамына» балаған бата алу да бүгінге дейін жалғасып келе жатқан тамаша дәстүр.

El.kz: Бүгінде, бұл жоралғыны еліміздің батыс аймағы айрықша тойлайды. Дегенмен кейбір өңірлер де жыл басын дәл осы күннен бастау дәстүрі енді ғана қалыптасып келе жатқаны жасырын емес. Тұтас ұлт болып тойлап, жалпыхалықтық мерекеге айналдыру керек сияқты.  

Болат Бопайұлы: Иә, әз наурыз «Амал» мерекесінен басталады. Көрісу ғұрпы Ресейдің Саратов, Астрахан облыстарының қазақтары арасында сақталған. Сонымен қатар, қытай қазақтары мен ирандықтар да бүгінге дейін көрісу күнін көнеден келе жатқан дәстүр ретінде дәріптеп, ерекше тойлайды. Ал біздің елімізде қазіргі уақытта түрлі мезгілде өзгеше тойлануы географиялық ерекшеліктерге де байланысты болып отыр. Кейбір жылдары еліміздің бірқатар өңірі наурызды мамыр айында да тойлап жатты. «Игіліктің ерте кеші жоқ дегендей, жақсылықтың бастауы ретінде түрлендіріп, тәрбиелік құрал ретінде дәріптей берудің ағаттығы жоқ. Әйтпесе, көрісудің көнеден бергі тойлану дәстүрі мен сыр-сипатын Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып, көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай

Жамырасып өріскен, деп тамаша суреттейді. Мұны ақынның ұлы Ахат Шәкәрімұлы өзінің естелігінде: «Он төртінші март күні әкем: «Бүгін – ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні...» деп жазғаны көпке мәлім. Мұндай мысалдар арқылы, көрісудің тек батыс өңіріне ғана емес, шығыстағы ел жұрттың да жаңа жылды 14 наурызда қарсы алғанын біле аламыз.

El.kz: Көрісуді тойлаудың талаптары бар ма? Қанша күнге дейін тойланады?

Болат Бопайұлы: Негізгі талаптары деп амалдарды орындауды айтсақ болады. Қыс амалы ақпан тоқпанда аяқталса, көктемде жақсылыққа бастап, адамгершілікке баулитын амалдарды орындаған әрине абзалырақ. Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде ұлықтап, Амал мерекесін дүйім жұрт болып тойлау керек.  Жаһандануға бет бұрған жаңа ғасырда ұлттық дәстүр салтымызға терең бойлап, күнделікті ритуал ретінде өмірімізге енгізудің рөлі үлкен. Ал нақты осыншама күн тойлану керек деген талап жоқ. Береке бірлікке бастайтын  мейрамдардың бірнеше күн емес, тұтас ай бойы тойлануы нұр үстіне нұр.

El.kz: Бір жасыңыз құтты болсын, Болат аға! Сұхбатыңызға рақмет!

Мереке Амантай
Бөлісу: