Айзада Байсарина: Постерімдегі «V» белгісі үлкен мағына береді!

20 Наурыз 2015, 06:43

2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін ҚР Президенті сайлауын қолдауға арналған «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты жалпыреспубликалық постерлер байқауы басталды. Бұл байқау «El.kz» әлеуметтік желісінің базасында жүзеге асады.

2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін ҚР Президенті сайлауын қолдауға арналған «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты жалпыреспубликалық постерлер байқауы басталды. Бұл байқау «El.kz» әлеуметтік желісінің базасында жүзеге асады. Байқауға кез-келген адам жас ерекшелігіне қарамай қатыса алады. Өтініштер 17 наурыздан басталып, 15 сәуірге дейін қабылданады. Жеңімпаздардың есімі 20 сәуірде жарияланады.

«Сенің дауысың – сенің болашағың» атты байқау жарияланған сәттен бастап әртүрлі жұмыстар келіп түсіп жатыр. Небәрі үш күн ішінде 50-ге жуық постерлер келіп түсті. Ал, олардың ішінде байқау талаптарына сай 38 жұмыс мақұлданып, қазір сайтымызда жарияланып отыр. Байқау келер айдың 15 сәуіріне дейін жалғасатынын ескеретін болсақ, алдағы уақытта қазылар алқасын қыруар жұмыс күтіп отыр.

Бұдан былай байқауға қатысқан үміткерлермен аз-кем сұхбаттасып отыруды жөн санап отырмыз. Мәселен, байқау жарияланған күні алғаш боп жұмысын жіберген қарағандылық студент Айзада Байсарина өзінің жұмысы туралы былай дейді:

– Менің есімім Айзада Ғазизқызы Байсарина. Қарағанды мемлекеттік университетінің саясаттану факультетінде 4 курста оқимын. Ал, «Сенің дауысың – сенің болашағың» байқауына қатысуыма басты себеп, ҚР Президент сайлауына еліміздің әрбір азаматы атсалысып, ешкім қалыс қалмаса деген ойдан пайда болды. Оның үстіне мамандығым саясаттанушы болғандықтан, елімізде болатын кез келген өзгерістерге, мемлекет болашағына қатысты барлық жағдайлардан тыс қалғым келмейді.

Біздің дауысымыз ештеңе шешпейді деп ойлауға мүлдем болмайды. Егер мемлекет өз азаматтарын құрметтеу керек десек, біз де мемлекетті осындай жағдайда қолдауымыз қажет.

Қазір біздің дауысымыз көп нәрсені шешеді. Біздің болашақта мемлекетіміз қалай болады? Саяси, экономикалық әлеуеті қандай болады? Бұған барлығы жауапкершілікпен қарап, қолынан келгенше атсалысуы қажет.

Менің байқауға қатысты жұмысымда неге «V» белгісі белгіленгенін түсіндіріп өтейін. Латынша «Victory» жеңіс деген мағына береді. Сол үшін таңдадым. Бұл жерден мен екі түрлі терең мағына көремін. Біріншіден, сайлауға барлық азаматтарымыздың қатысуының өзі жеңіс. Екіншіден, әрбір адам өз таңдауын жасайды, егер ол сайлауда жеңіп жатса, ол да жеңіс. Менің постерімде «V» белгісі неге көп түсті десек, бұл мемлекетіміздің көп ұлтты екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, олардың сайлауға белсене қатысуға шақырамын. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Сол үшін қалыс қалмайық дегім келеді!


Әзірлеген: Жандос Смайлов.

Бөлісу: