Қайырбек Өскенбаев: «Қазақтың жері шет елдіктерге сатылмайды»

3 Мамыр 2016, 06:09

Жер мәселесі

Қазір халық арасында қызу талқыға түскен тақырып – жер мәселесі. 2015 жылы 2 қарашада Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар көпшіліктің наразылығын тудырып, бүгінде даулы меселеге айналды. Қарашаны мазалаған жер төңірегендегі сауалдарға жауап беру үшін «Хабар» арнасының «Бетпе бет» бағдарламасына Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі Өскенбаев Қайырбек мырза келді. Біз бүгінгі мақаламызда осы сұхбат барысында айтылған мәселелерді сөз етпекпіз.

Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі Өскенбаев Қайырбекмырзаға «Бетпе бет» бағдарламасы бірінші сауалын «Қызу талқыға түскен әсіресе әлеуметтік желілерде дүрбелең туғызған жерді сату мен жалға беру» мәселесінен бастады. Жүргізуші вице-министрге «Әлеуметтік желілерде шетелдік азаматтарға жерді сатып алуына рұқсат етілді деген ақпарат тарады, бұл қаншалықты шын ақапарат» деген суал қойды.

Қайырбек Өскенбаев:

– Қазақтың жері шет елдік азаматтарға да, шетелдік компанияларға да сатылмайды.

– Халық арасындағы шу неден шықты сонда?

Қайырбек Өскенбаев:

– Негізінен Жер кодексіне енгізілген соңғы өзгертулерде халық арасында наразылық тудырып, шу шығарған нормаға мүлде қатысы жоқ. Бұл нормалар құжаттың ішінде бұрыннан бар. Егер жер кодексі 2013 жылы қабылданған болса, осы аталған нормалар ішінде бұрыннан болған.Тек, бір атап айтарлығы өзгеріске дейінгі нормада шетелдіктерге  жер он жылға дейін ғана жалға берілген. 2014 жылғы өзгертулерге сәйкес бұл мерзім 25 жылға ұзартылып отыр. Ал, шетелдіктерге жер сатуға тиым салынған норма жер құқығын реттейтін құжаттың тарихында бұрыннан бар.  Сондықтан,  мұндай шу қайдан және қалай пайда болғанын нақты айту қиын. Жер кодексіндегі соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2015 жылы 2 қарашада енгізілді. Құжаттағы өзгертулерде шетел азаматтарына немесе шетелдік компанияларға жер сату мәселесі мүлде қозғалған емес, және қозғалмайды да. Жерді шетелдіктер жалға ала алады. Ол үшін жасалатын арнайы шаралар бар. Жер шетелдіктерге жайдан-жай беріле қоймайды. Бұл процесс тек конкурс негізінде өтеді. Аудан немесе ауыл әкімдерінің өзі бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Облыс әкімі тиісті мекемеге, яғни Ұлттық экономика министрлігіне хат жолдайды. Министрлік мемлекеттік органдармен келісіп, бәрін тексеріп, барлық талаптарға жуап бере ме, жоқ па дегенді анықтағаннан кейін ғана жерді жалға беру туралы келісімшарт жасалады.

Вице-министр сұхбат барысында қазіргі уақытта Қазақстанның территориясында шетелдіктер 65 мың гектар жерді  пайдаға жаратып отырғандығын айтты. Бұл көбінесе орталық және солтүстік өңірлер.

Жүргізуші тарапынан «Шетелдіктерге жалға берілген жерлер қалай игерілуде, қаншалықты пайда әкеліп отыр деген мәселеге анализ жасайсыздар ма?» - деген сауалға Қайырбек Өскенбаев:

 – Жерді жалға алған шетелдік азамат немесе компания бізге ұсынатын инвесторлық жобадан тыс, Жер кодексінде нақты көрсетілген нормаға сай жерді дұрыс мақсатта пайдаланбаса кері қайырып алуға құқылымыз.Кодекстің 92-бабы, 3-тармағына енгізілген өзгерістерге байланысты, егер, ауыл шаруашылығы өндiрiсiн, оның ішінде, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге арналған жер учаскесін пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бесжылдық кезеңде, жалпы алғанда, екі жыл мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайларда мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.

– Жерді жалға берудің пайдасы не?

– Бұл жерде мәселе жаңа технологияға байланысты. Астананы мысалға келтіруге болады. Астананың құрылысына үлес қосуға келген шет елдік құрылыс компанияларын алатын болсақ, солардан біз де құрылыс салуды үйрендік. Біздің идиологиямыз бойынша азғана жерді жалға беру арқылы өзіміз жаңа технологияны игеруді үйренеміз. Мәселен, Израильдік жер игеру тәжірибесін алайық, оларда климаттық жағдай бізге қарағанда әлдеқайда нашар. Алайда өнімі бізден жоғары, немесе Австралияның әдісін айтуға болады. Біз өзіміздің шарулар шет елдік жетекші компаниялардан үйренсін деген мақсатпен жалға беруді ұйғарып отырмыз. Мәселен, Қазақстанның 272 млн гектар территориясын жер алып жатыр. Оның 100,1 млн гектар жері ауылшаруашылық мақсатта игерілуде. Бұл өзіміздің қазақстандықтардың үлесі. 100,8 млн гектар жер қорда тұр. Бұл – әлі ешкім тиіспеген жер,  мемлекеттің меншігінде тұрған жер. Біз оны пайдаланбаймыз. Сол себепті  бос жатқан жер сөз болып отыр.

– Кодекске аукцион туралы өзгеріс енгізудің қандай қажеті болды?

– Жер кодексіндегі жер ресурстарын реттейтін норма бұрыннан бар.  Бұрынғы норма бойынша әкімдер жерді аукционға қойып, жалға беруіне немесе сатуына рұқсат болды. Мәселен, бір ауылда 300 отбасы түтін түтетіп отырса, онда небәрі 2-3 жер учаскесі болуы мүмкін. Жаңағы үйлердің  қайсысына жер телімін береміз деген сұрақты шешудеміз. Онда қандай талаптар ескерілуі керек, жерді игеремін деген адам қандай талаптарды орындауы керек, сол жағы ескеріледі. Сондықтан, ауыл адамдары осы ресурстарға қол жеткізуі үшін біз өзге механизмдерді алып тастадық. Аукцион өткізу арқылы сол ауылдардың барлық тұрғындарына аукционға қатысуға мүмкіндік беріліп отыр. Кім мықты, сол жеңеді. Осы әдіс арқылы біз жемқорлықтан сақтанамыз. Әділ шешім, кім жеңді, сол жерді игереді.

Жер телімі аукционға құнын көтеру әдісімен екі рет шығарылады. Сол аралықта сатып алушы табылмаса, бағасы 50% төмендетіледі. Сонда да алушы табылмаса, жер телімі аукционнан алып тасталады. Аукциондар мәміле шарттары айқын болуы үшін жасалады. Аукционға кез келген қазақстандық қатысуына болады.

– Мәселен, менің ауылымда жер сатылымға қойылса, аукционға егер шет елдік азамат та қатысып, сатып алғысы келсе, менде қандай да бір артықшылық бола ма?

– Шет елдік азамат та, шет елдік компания да бұл аукционға қатысы алмайды. Қайталап айтамын, шетелдіктер жерді тек жалға ала алады. Оның өзінде жер оларға конкурс негізінде беріледі. Бұл ауыл шаруышылығы бизнесі көп қаржы салуды талап ететінімен және өзін-өзі ақтауына ұзақ мерзім қажет екендігімен байланысты. Мұндай жобалардың өзін-өзі ақтауына 13-15 жыл қажет. Сондықтан да, инвестор салған қаржысын өндіріп, алдағы 10 жылда табыс табуы үшін жалға беру мерзімі ұзартылды.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

 

 

Бөлісу: