Қайырбек Өскенбаев жаңа әуе кемелерін жеткізуді жеделдету бойынша тапсырма берді

19 Тамыз 2022, 09:38 1162

Бұл туралы ол өзінің Telegram-дағы парақшасында хабарлады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостермен кездесті. Ведомство басшысы әуе рейстерінің кешігуі мен ауыстырылуы, сонымен бірге билеттердің тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Кездесу барысында министр жаңа әуе кемелерін жеткізу үрдісін жеделдетуді және рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтары бұзылмауын қадағалауды тапсырды.

«Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін 5 жаңа ұшақ сатып алынады деп күтілуде. Атап айтқанда, Fly Arystan әуе компаниясының әуе кемелері паркі 2 ұшақпен, Air Astana - 3 самолетпен толықтырылады. Жалпы 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде 3 Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп күтілуде», – деп жазды Қ.Өскенбаев.

Министрдің айтуынша, авиакомпания басшысы міндеттемелерді орындау үшін тиісті барлық шара қабылданатынын айтып сендірген. Кездесуді қорытындылай келе, ИИДМ басшысы әуе кемелері паркін ұлғайту және қазақстандық авиакомпаниялардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру арқылы халыққа оңтайлы жағдай жасау Президентіміздің үнемі назарында екеніне ерекше назар аударды. 

Бөлісу: