Айыппұл төлегенде 50% жеңілдік кімдерге беріледі

Кеше, 18:16 2723

Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаңа көлік түрлерінің қозғалысын реттеу мақсатында заңнамалық өзгерістер енгізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, мәжіліс депутаттары осы бағытта екі маңызды заң жобасын қарастырып жатыр. Бұл өзгерістер жүзеге асқан жағдайда жүргізушілер үшін бірқатар жаңа талаптар мен жауапкершілік күшейтілетін шаралар енгізілмек.

Жаңа түзетулерге сәйкес, жыл ішінде он және одан да көп құқықбұзушылық жасаған жүргізушілер жол қозғалысы ережелері (ЖҚЕ) бойынша қайта емтихан тапсыруға жіберіледі. Бұл талап олардың көлік құралын басқару құқығын уақытша тоқтата тұруды да қарастырады. Сонымен қатар, әкімшілік кодекске енгізілетін өзгерістер арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін құқықбұзушылықтар тізімі кеңейтілмек.

Бұған қоса, жол ережелерін жиі бұзатын жүргізушілер үшін әкімшілік өндірістің қысқартылған тәртібі, яғни 50% жеңілдікпен айыппұл төлеу мүмкіндігі алынып тасталады. Бұл қадам жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, ережелерді қасақана бұзудың алдын алуға бағытталған.

Тағы бір маңызды өзгеріс – көлік құралын басқару құқығын тоқтату негіздерін нақтылау және кеңейту. Бұрын бұл механизм тек медициналық тексеруге жіберу жағдайында қолданылса, енді жүргізушілердің ЖҚЕ бойынша білімін тексеру үшін емтихан тапсыру қажеттілігі және медициналық қарсы көрсетілімдер анықталған жағдайда да құқықты тоқтата тұру қарастырылып отыр. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігін тоқтату және қалпына келтіру құзыреті соттан ішкі істер органдарына беріледі. Бұл өзгеріс жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталған, медициналық қарсы көрсетілімдер анықталған немесе емтихан тапсыру талаптарын орындамаған жағдайларға қатысты болмақ.

Қазіргі уақытта бұл түзетулер үкіметтің қорытындысы аясында келісу рәсімінен өтуде. Егер олар заңды күшіне енсе, жол қозғалысы ережелерін сақтауға қатысты талаптар қатаңдатылады, ал заң бұзушыларға қолданылатын шаралар күшейтіледі.

 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: