Айымбетов Қазақстан құрамасындағы сұрмергендер арасында 4-орынға шықты

20 Маусым 2023, 14:03 899

EURO 2024 іріктеуінің аясында Қазақстан Солтүстік Ирландияны жеңіп, кішігірім сенсация жасағанын жазғанбыз.

Белфастта өткен матчта жалғыз голды Абат Айымбетов соқты. «Астананың» 27 жастағы шабуылшысы ұлттық құрама сапында 8-голын соқты.

Осылайша ол құрама үшін гол соққандар тізімінде төртінші орынға жайғасты. Оның алдында Руслан Балтиев (13 рет), Виктор Зубарев пен Бактиер Зайнутдинов (12 голдан) тұр. Абат секілді 8 гол соққандар қатарында Дмитрий Бяков пен Сергей Хижниченко бар. Дегенмен Бяков бұл нәтижеге 33 матчта, Хижниченко 52 ойында қол жеткізді. Ал Айымбетов ұлттық құрама сапында 29-рет алаңға шығып отыр. Енді ол сұрмергендер арасында төртінші орынға жайғасты. 

Осы голынан соң Айымбетовтің өзі сұхбат беріп, Қазақстанды жеңісімен құттықтаған болатын.

Барша жанкүйерді жеңіспен құттықтаймын. Әрбірімізге жақсы эмоция сыйлады деген ойдамын. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Соңғы минутта үш ұпай олжалап кетуге мүмкіндік туды. Құрамамыз жақсы ойнады. Жеңіс голын соғу жалғыз менің еңбегім емес. Ұлттық құрама жейдесін киген жігіттердің барлығы бір отбасы секілді. Біз ойынның қиын болатынын алдын ала білдік. Соған қарамастан қарсыласқа тойтарыс беріп, жеңіс жолында тер төгілді. Мұндай ойында ұпай олжалау оңай емес. Бүкіл қазақ елін жеңіспен құттықтаймын. Маңызды үш ұпаймен елге оралу - біз үшін үлкен мәртебе, - деді Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: